Қазақстан • 26 Сәуір, 2018

Мәжілісте білім беру мәселелері қаралды

477 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында Палата депутаттары тәуекелдік қаржыландыру, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту, Халықаралық қайта құру және даму банкінен орта білім беруді жаңғырту бойынша қарыз алу мәселесін және зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге байланысты заң жобаларын талқылап, бірауыздан мақұлдады.

Мәжілісте білім беру мәселелері қаралды

Мамандық ашу жеңілдейді

Депутаттар бірінші оқылымда ма­құлдаған «Қазақстан Рес­пуб­лика­сының кейбір заңнамалық акті­леріне жоғары оқу орын­дары­­ның академиялық және бақы­лау дербестігін кеңейту мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын Бі­лім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев таныс­тырды. Оның ай­туынша, заң жоба­сының мақ­­с­аты – «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының талаптарын орын­дау, яғ­ни Назарбаев уни­верситетінің тәжі­рибесін еске­ре отырып, жоғары оқу орын­дары­ның академиялық және басқару дер­бестігін кезең-кезең­мен арттыру көзделген.

Заң жобасы бойынша жоғары оқу орындары академиялық бағдар­лама мазмұнын өздері анықтап, оқу сапасын жақсартуға бағытталған құзыреттерге ие болады. Бұл мәселе бүгінгі күннің талабына сәйкес келетін білікті мамандар даярлауға мүмкіндік бермек.

– Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде жоғары білім еңбек нарығына то­лығымен жауап бермейді. Мы­са­­лы, тарих-география ма­ман­­ды­ғы ауыл мектептеріне қажет бо­­луына байланысты осы маман­дықты ашпақ болғанбыз. Қазір­гі заңнамаға сәйкес ол үшін
2 жыл уақыт қажет. Республикалық әдіс­­темелік кеңес өткізуден бас­тап, мамандықты тіркеу, типтік оқы­ту бағдарламасын енгізуге дейін­гі жұмыстар ұзақ уақыт алады. Ал нарықтағы сұра­ныс жылдам өз­геруде. Сон­дықтан Назарбаев уни­верситеті мен халық­аралық қо­ғам­дастықтың тәжіри­белеріне сүйене отырып жаңа ма­мандық ашуға байланысты оңтайлы тәртіп енгізіп жатырмыз, – деді Білім және ғылым министрі. 

Министрдің сөзіне қарағанда, заң жобасы бойынша жоғары оқу орындарының дербестігін 65 пайыз­дан 85 пайызға дейін кеңейту көзделген. Болашақта ЖОО еңбек нарығындағы сұранысқа сай білім беру бағдарламаларын өздері әзір­лей алады. Сонымен қатар ор­тақ тізімдегі 600 мамандықтың на­рық­­қа сәйкес еместерін жауып, сұра­нысы мол салаға байланысты жа­ңа мамандықтар ашу барынша жеңілдетілген. Білім саласына ен­гі­зілетін жаңалықтардың бірі ретінде жоғары оқу орындарын баға­лаудың аккредиттеу арқылы жүзеге асатындығын және бұл сала бәсекелестік ортадағы отандық жә­не шетелдік агенттіктерге тап­­сы­­ры­латындығын айтуға бо­ла­ды. Сондай-ақ бұрын тек педа­го­гикалық мамандықтарға ғана тән болған пәнаралық тәжірибеден өту тәртібі барлық мамандықтарға енгізіледі.

Осы құжат бойынша жоғары оқу орындарының құрылымдық өзгерістерге ұшырайтындығын да атап өту керек. Мәселен, қазіргі рес­публикалық мемлекеттік кәсіп­орын санатындағы оқу орындары енді коммерциялық емес акционерлік ұйымдарға айналады. Бұл арқылы министрлік оқу орын­дарының құзы­ретін ұлғай­тып, еркіндіктің шегін кеңейтуді жоспарлаған. Мәсе­лен, енді отандық ЖОО шетел­ден филиал ашуға да құзырлы болмақ.

Тың өзгерістің бірі ретінде жоғары оқу орындары басшыларын тағайындау мен босатудың жаңа механизмдері белгіленіп, кор­поративті басқару органдарын дамыту бағытын атап өтуге болады. 

Ең бастысы, енді ЖОО оқу ақысын өздері белгілеуге мүмкіндік алады. Демек оқу бағасының не жоғары өрлеуіне, не төмендеуіне сол оқу орнының басшылығы жа­у­ап­ты болады немесе қазіргі мем­­ле­­кеттік грант құнына байла­ныс­­ты­рылған бағаның тізгіні боса­тылмақ. 

Бүгінге дейін жүз елудей өзгеріс енгізілген заң жобасын депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.

Білім сапасының теңсіздігін жою басты назарда

Білім және ғылым министрлігі орта білім беру жүйесін жаңғырту, білім алуға қолжетімділік пен тең­дікті қалыптастыру үшін ха­лық­­аралық қаржы ұйымының кө­ме­гіне жүгінген. «Қазақстан Рес­публикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Орта бі­лімді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы» Заң негізінде Ха­лықаралық қайта құру және даму банкі жоғарыда аталған мақ­сат­тарға 75 млн АҚШ доллары кө­лемінде қарыз бергелі отыр. Сон­дықтан бұл құжатты да Мәжіліс депутаттары бірауыздан ратификациялады.

Заң жобасын Палата депутат­тары алдында қорғап шыққан Бі­лім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуына қарағанда, қарыз 17 жылға беріледі. Оның ал­ғашқы 5,5 жылында Қазақстан тарапы төлемдерден босатылған.

Министр аталған қаражаттың басым бөлігі ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапа­сының теңсіздігін жоюға жұм­са­­латындығын айтады. Нақты­рақ айтар болсақ, бұл қаржы­ның 67 пайызы немесе 16 млрд теңге ауыл мектептерін мульти­ме­диялық жабдықтауға, компью­терлік проек­тор мен экран алуға жұм­сал­мақ. Жалпы интерактивті жаб­дық­тармен 5400 мектеп қамтылады.

Сонымен қатар педагогикалық кадрлардың сауаттылығын арттыру мақсатында университеттерге осы қаражаттан үлес тиіп, интерактивті жабдықтар алу үшін 457 млн теңге бөлінеді. 

Енді ауыл мектептері директорлары мен мұғалімдерінің педа­гогикалық және басқару әлеуетін арт­тыру мақсатында қосымша муль­­ти­­медиялық ресурстар арқы­лы оқыту басталады.

– Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында ерекше білім алуды қажет ететін балаларды кәсіби мамандыққа даярлау бойынша 15 оқу бағдарламасы әзірленді. Сонымен қатар басқа мектептердің жанынан 9 инклюзивтік ресурстық орталық ашылады. Аталған қара­жатқа көзі нашар көретін және дамуы кем балалар үшін 7,5 мың Брайль оқулығын сатып алу көздел­ген. 1 мың дефектолог маман арнайы курстарда оқытылады, – деді Е.Сағадиев.

Білім және ғылым министрлігі цифрлы технологиялар көмегімен ҰБТ тапсырмаларына да өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Мәселен, балалардың қазіргі есте сақтау қабілеті көбірек бағаланатын тест тапсырмаларынан біртіндеп бас тартып, баланың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағыт­талған жүйе енгізілмек. Сондықтан мультимедиялық элементтерді қолдану арқылы жаңадан 200 мың тест тапсырмасы жасалады.

Мәжіліс депутаттары алдында заң жобасының тиімділігі және қамту көрсеткіштерін баяндаған министр өзіне қойылған сауалдарға да толықтай жауап берді.

Сөйтіп аталған заң жобасы Па­лата депутаттары тарапынан то­­лық қолдау тапты. Сондай-ақ де­пу­таттар жалпы оты­рыста «Қа­зақстан Республи­касының кейбір заң­на­малық актілеріне тәуекелдік (вен­чурлік) қаржыландыру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзір­леу жөніндегі ұсынысты және «Қа­зақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік са­ла­сындағы заңнаманы жетілдіру мә­се­­лелері бойынша өзгерістер мен то­­лықтырулар енгізу туралы» заң жо­­басын екінші оқылымда мақұл­дады.

Студенттер дауы

Жалпы отырыста депутаттар Білім және ғылым министрлігіне заң жобалары бойынша көптеген сауалдар қойғанымен, Астана медициналық университетінде тегін білім алып жүрген жүз қаралы студенттің оқудан шығарылуына байланысты әңгіме қозғаған жоқ.

Есесіне журналистер алдына шыққан министр аталған дауға байланысты түсінік берді. Соңғы күндері жоғарыда аталған оқу орнында 117 студенттің ағылшын тілін меңгергендігін айғақтайтын IELTS сертификаттары жалған болып шыққандығына байланыс­ты ақпарат тараған еді. Бұл жайт емтиханды өз күшімен тапсырған студенттердің арыздарынан кейінгі тексерістер бойынша анықталған.

– Былтыр министрліктің білім сапасын қадағалау комитеті атал­ған университетті тексерді. Со­ның нәтижесінде  балаларды оқу­дан босату бойынша нұсқама бері­ліп, ол ішінара орындалды. Сту­денттердің көпшілігі өздерінің құқық­тарын қорғау аясында сотқа жүгін­ді. Дегенмен де нұсқама то­лық орындалуы тиіс. Бұл уни­вер­си­тет студенттерді оқудан боса­туын дұрыс шешім деп санаймыз. Ен­ді біз Денсаулық сақтау ми­нис­тр­­лігімен және университетпен бір­ге келісім комиссиясын құ­рып, әрі қарайғы құқықтық қадам­дары­мызды анықтап аламыз», деді Е.Са­ғадиев.

Бір атап өтерлігі, бұған дейінгі талаптар бойынша тіл білімі серти­фи­каттарының түпнұсқалығы тек­­серілмей келген. Аталған кем­ші­ліктер тек куәліктердің орта­лық мәліметтер дерекқорына енгі­зіл­ме­гендіктен анықталған. Алайда магистратураға түсушілердің сер­тификаттарының түпнұсқасын ортақ дерекқор арқылы анықтау тәртібі қазір қолданыста бар.

Министрдің айтуынша, осы кемшіліктерге байланысты өзге де оқу орындарына жіті тексеру жүр­гізілмек. Ал жалған құжат­ты пай­даланған студенттерге байланысты құқықтық шаралар қабылданады.  

Білім және ғылым министрі еліміздегі 130 жоғары оқу орнының рейтингі жасалып, әлсіздері кү­шейтіліп, көшке ілеспегендеріне бай­ланысты өзге шешім қабыл­данатындығын да атап өтті. Ең бас­тысы, министрдің айтуынша, жоғары оқу орындарының саны бұдан әрі көбеймейді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»