Медицина • 25 Сәуір, 2018

Жалған сертификат жарға жықты

501 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астана медицина университетіне магистратура, резидентура, докторантура бойынша оқуға түсер кезде жалған IELTS  сертификатын тапсырғандар оқудан шығарылды. Білім және ғылым министрлігі екі рет жүргізген тексерістердің нәтижесінде халықаралық базада тіркелмеген 117 IELTS сертификаты бар екенін анықтаған. Енді бұл студенттер осы уақытқа дейінгі оқу грантының ақысын және алып келген стипендия қаражатын қайтаруы тиіс.

Жалған сертификат жарға жықты

Былтыр күзде Астана медицина университетінде оқитын бірқатар студенттер әділетсіз жолмен оқуға түсіп кеткендер туралы айтып арызданған еді. Одан кейін оқуға түсу емтихандарын өз күшімізбен тапсырдық деп шағымданғандардың ісі бойынша тексеріс жүргізілетіні хабарланған болатын. Істі тергеу қалалық ішкі істер департаментіне жүктеліп, 117 қылмыстық іс қозғалған. Оның 30-ы сотқа жіберілген. «Қылмыстық кодекстің 385-бабы, 3-тарауы, яғни жалған құжат пайдалану санкциясы бойынша 300 АЕК айыппұл жазасы тағайындалды», дейді Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Болат Пазылов. Айта кету керек, айыппұлдан бөлек жалған құжат тапсырғандар оқу ақысы мен стипендияға кеткен мемлекет қаражатын да қайтарады.  

Аталған университет рек­торының орынбасары Франц Галицкийдің айтуынша, БҒМ-нің тексерісінен кейін 33 адам оқудан шығарылған, тағы 84 адам оқудан шеттетілген. Олардың көбі грантта оқыса, тек 9 адам оқуын өзі төлеген. Ф.Галицкий ішкі тексерістер үшін комиссия құрылғанын, бірақ халықаралық ұйым берген сертификаттың базасына кіре алмағандарын айтты. «Министрлік тексеріс кезінде базаға кіріп, осы жағдайды анықтады. Студенттер оқудан шығарылды», деді ол.  

IELTS (the International English Language Testing System) сертификатын қолдан жасағандар ісімен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой жалған сертификаттарға байланысты істің ІІД-ге жіберілгенін айтты. «Барлық іс ІІД-ге жіберілді. Құжат тапсырушылар ЖОО-ға жалған сертификаттарды өздері тапсырған. Бұл іс сертификаттарды тексеру бойынша заңға өзгеріс енгізу керек екенін көрсетті. Қазір «Білім туралы» заңда сертификаттарды тексеру туралы ештеңе айтылмаған. Жалған сертификаттардың барлығы мөрмен болғандықтан, олар өтіп кеткен», деді А.Цой. Вице-министрдің айтуынша, оқудан шығып қалғандар ақылы бөлімге түсуге талпынып көре алады. Ал сертификаттарды тексеру БҒМ-нің жоспарлы жұмысы, сондықтан, басқа университеттерде де тексерістер жүргізілетін болады. Бір айта кетерлігі, жалған сертификатпен оқуға түскендердің барлығы күзде оқудан шығарылуы тиіс еді. Бірақ соттың шешімі уақытында орындалмаған. Мұндай жағдайда медицина мамандарын даярлайтын аталған оқу орны лицензиясынан айырылуы мүмкін. Бірақ Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, оқу орнының лицензиясын тартып алу туралы шешім шығарылмаған. 

«Сертификаттардың жал­ған немесе түпнұсқа құжат еке­нін университет анықтауы ке­рек, бірақ бұл талап заң бой­ынша реттелмеген. IELTS тапсырғандар тиісті базада болады. Енді барлық уни­вер­­ситеттер магистратура, докторантураға түсуге ни­ет­ті TOEFL мен IELTS тап­сыр­­ғандарды тексеруі керек. Тіпті БҒМ келіп тексеру жүргізгенше өздері шара қол­­данғаны жөн. Болашақта ЖОО-ларға сертификаттарды мәліметтер базасынан тек­се­руді міндеттеу жос­парла­нып отыр.  ЖОО-лардың ака­­­­демиялық еркіндігі туралы жаңа заң жобасында бұл тар­мақ енгізілген. Бұрын заң­да ол қарастырылмаған еді. Енді TOEFL мен IELTS базасынан университет сертифи­кат мәліметтерін тексеруі ке­рек. База бар, барлығына қолжетімді», деді осы жайтқ­а бай­ланысты журналис­тер­ге түсінік берген Ерлан Сағадиев. 

Оқудан шығып қалған сту­дентердің орны қазір бос тұр. Бұл гранттарды енді ем­ти­ханды өз күшімен тап­сыр­­ғандар иелене алады. «Біз бұл істі өз бетімізбен ше­ше ал­май­мыз. Білім және ғы­лым ми­нистрлігі бір­қатар құ­жатты рет­теуі керек. Соның не­гізінде ақы­лы бөлімдегі сту­денттерді бос орындарға ауыс­тыратын боламыз», дей­ді Ф.Галицкий. Білім жә­не ғылым министрлігі өкіл­де­рінің айтуынша, ақылы бөлімнен бюджетті негізге ауыс­тыруды университет өзі шешеді. 

Айта кету керек, IELTS сер­тификаты магистратура не­месе докторантураға түсу ке­зінде басымдық береді. Жал­пы, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік оқу бағдар­ла­маларын іске асыратын бі­лім беру ұйымдарына оқуға тү­су емтихандары екі сатыдан тұрады. Талапкер алдымен таңдауы бойынша бір шет тілінен (ағылшын, француз, неміс, араб тілін білу талап етілетін мамандықтарға түсуші тұлғалар үшін араб тілі бойынша) емтихан тапсырып, 50 балдық межеден өтсе, мамандық бойынша ем­тиханға жіберіледі. Бір ай­та кетерлігі, шет тілінен өте­­тін тест тыңдау, грамма­тика, мәтінмен жұмыс секіл­ді бөлімдерден тұрады. Ал Үкі­­­меттің 2012 жылғы 19 қаң­­­тардағы қаулысымен бе­кі­­­ті­лген Жоғары оқу орны­нан кейінгі кәсіптік оқу бағ­дар­­ламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқу­­­ға қабылдаудың үлгі қа­ғидаларында ЖОО магис­тра­турасына, докторантура­сына, ЖОО-лар мен ғылыми ұйым­дардың резидентура­сы­на, адъюнктурасына азамат­тар­ды қабылдау түсу емти­хандарының қо­ры­­тын­ды­сы бойынша кон­ку­рс­тық негіз­де жүзеге асырылатыны айтыл­ған. Сонымен қатар ережеде «Мынадай емтихандар бойын­ша: ағылшын тілі: Inter­na­tional English Language Tests System (IELTS, шекті балл – кемінде 6.0) бойынша шет тілін мең­герудің жал­пы­еуропалық құзы­рет­теріне (стан­дарттарына) сәйкес шет тілін меңгергенін растай­тын халықаралық сертифи­каттары бар Қазақстан Рес­публикасының азамат­тары ма­гистратураға, рези­ден­ту­раға, адъюнктураға және док­то­рантураға шет тілі бойынша түсу емтиханынан босатылады» делінген. Сонымен қатар осы сертификаттары бар талапкерлерге 100 балдық жүйе бойынша ең жоғары балл қосылатыны айтылған. Ай­та кету керек, мамандық бой­ын­ша да ең жоғары балл 100 балды құрайды. Үкіметтің осы қағидаларына қосымшаға сәйк­ес 150 балдан кем емес балл жинаған тұлғалар оқуға қа­был­данады. 

Байқап отырғанымыздай, шет тілінің сертификаттары оқуға түсу кезінде үлкен ба­сымдық беріп отыр. Бірақ бағ­а­лаудың өзінде кемшілік бай­қалады. Мысалы, IELTS сер­­тификаты кемінде 6 бол­ған адамға 100 балл қой­ы­лады. Бірақ магистратура немесе докторантураға қа­был­дау кезінде тапсырылатын 100 сұрақтан тұратын ағыл­шын тестін тапсырған күн­нің өзінде ең максимальды балл алу жағдайы өте сирек кез­де­седі. Ал IELTS кемінде 6 не­месе одан жоғары болса да, бұл талапкердің тілді 100 пайыз білетінін көрсетпесе керек. Аталған халықаралық тест сер­тификатының максимал­ды ба­лы 9-ды құрайды десек, оны ағыл­шындықтардың өзі оңай­лық­пен ала алмайтыны белгілі. Яғни, осы ретте министрлік тек сертификаттарды тексеру жағын емес, оны бағалау шкаласын, шетелдік сертификаты барларға берілетін балдың төменгі межесін қайта қарап шық­қан жөн деп ойлаймыз. Мысалы, IELTS-тан кемі 6 балл алғандарға 90 балл деген сияқты бағалау шкаласын енгізуге болар еді. 

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, 
«Егемен Қазақстан»