Медицина • 26 Сәуір, 2018

Мейірім меридианы

1256 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көктем келсе қыз-келіншектердің табиғаттың осынау ғаламат мезгілімен жарыса жасарып, ерекше құлпырып кететіні бар. Өзге жыл мезгілдерімен салыстырғанда дәл осы кезде сұлулық салондарының да жұмысының ерекше қыза түсетін шағы. 

Мейірім меридианы

Әсіресе шаштараз, тырнақ пен кірпік, қасы-көзін сұлуландыруға ниетті нәзік жандылардың аталмыш қызмет түрлеріне сұранысы артады. Талғампаз арулардың көңілінен шығу үшін косметолог, визажист мамандар да аз ізденбейтін көрінеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз шаштараз Айзада Таласпекова – дәл сондай маман: өз ісіне жай ғана кәсіп түрі емес, шығармашылық жұмыс деп қарайтын санаулы шеберлер қатарынан.

Айзаданың қызметіне тек жастардан бөлек, балалар мен қарттар да жиі жүгінеді. Себебі ол – өз ісін сүйетін кәсіби маман. Қызметіне жүгінетін әр тұтынушысына ерекше ыжда­һатпен қарайды. Тіпті қолынан келгенше қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетіп, үнемі сауапты істердің басы-қасында жүруге тырысады. Кезекті клиентін жасандыруға кіріскен Айзада: «Адамдарға жақсылық жасаудан жаным рахаттанады» дейді жымиып. Бұл – оның сөз ретіне қарай айтыла салған лебізі емес, шын мәніндегі жанының қалауы. Оны әрдайым ісімен де дәлелдеп келеді.

* * *

– Қызым, шаш қию қанша тұрады?

– Шаштың ұзындығына байланысты, апа?

– Менің шашымның ұшын тегістеп қиюға қымбат алатын шығарсыңдар?

– Сіз қаншаға қидырғыңыз келеді, солай болсын!

Жымия тіл қатқан жылы жүз­­ді келіншектің сөзіне риза бол­­­ған қария алғысын айтып, шаштараздың орындығына жай­ғаса берді. Рахметін айтып, батасын беріп кететін мұндай қарт клиенттер Айзадада өте көп.

– Мен ата-анамнан ерте айы­рылғанмын. Оның үстіне екі­ қызымды бір өзім өсіріп жат­қан жалғызбасты анамын. Тұр­мыстың тауқыметі мен ақшадан таршылық көру дегенді жақсы түсінемін. Сондықтан да кө­мекке мұқтаж жандарға барын­ша көмек қолын созып, жәр­демдескім келіп тұрады. Жа­қында осы ойымды жүзеге асы­руға керемет мүмкіндік туды. Жеке сән салонымды аш­­қаннан кейін, аптаның әр сәр­сенбісі сағат 10.00-13.00 ара­лығында қарттар мен балалар үйінің тұрғындарына, мүм­кіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетемін. Тіпті кей­бір мекемелермен арнайы келісімшарт та жасасып қой­дық. Енді жеке басы мен әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаттарын көрсеткен кез келген адам әр сәрсенбі сайын шашын тегін қидырып, сәндей алады, – дейді шаштараз Айзада.

 

* * *

Рас, жаңа заман әйелдердің қоғамдағы орны мен міндетін, қызметін басқа жауапкершілік бедерінде бейнеледі. Бүгінде нәзікжандылар тек шалбар киіп, көлік жүргізіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымен ғана шектелмейді, тіпті­­ кейбір отбасыларда жас­ аналар әке мен ана рө­лін­ қа­тар атқарып, балаларын­ жалғыз өзі тәрбиелеуге мәжбүр. Яғ­ни бір отбасының бар ауырт­па­лығын Айзада сияқты арулар жалғыз өзі қа­йыспай көтеріп келеді. Сол се­бепті де осылай жеке кә­сібін ашып, со­ның қиындығын күн-түн демей еңсеруге да­йын. Мұ­­­ның барлығы да – бала­ла­­рының бақытты болашағы үшін. Ай­за­даның да өз жеке кә­сі­бін ашып, осылай шаштараз бо­луының астарында негізінен жеткіншек екі қызын ешкімнен кем қылмай жеткізсем деген аналық асқақ арман жатыр. Сондықтан да ол ер-адамның кез келгені көтере бермейтін қиы­н­шылықты мойымай же­ңіп ке­леді. Әйтсе де, оны ер адам­ның жұмыс істеу әдісінен ерек­шелейтін бір қасиеті – мейірімі. Қайраткерлік биігіне көтерілген әйелді де, бала тәрбиесімен үйде отырған ананы да бір арнада тоғыстыратын күш ол – осы мейірімі. Біз кәсібімен танысып қайтқан Айзаданың жұмысы да әйел табиғатына, әйел әлеміне тән осынау қасиетімен ерекшеленеді.

* * *

– Көктемді – әйелдер мау­­сы­мы деп бекер айтпайды ғой. Көктеммен бірге әйел­дер­дің де сұлулыққа деген құш­тарлығы артады. Демек, біздің де жұмысымыз көбейеді, – деп кезекті клиентінің шашын сән­­деуге кіріскен маман қыз-ке­лін­шектерден шаш күтіміне қа­тысты кәсіби кеңесін де аямады. – Әр адамның жас ерекшелігі мен мінез-құлқы, табиғатына сай шашын да әртүрлі өңдейміз. Десек те, бүгінде қыздардың шаш қиюға қарағанда, оны өсіруге деген ниеті, қызығушылығы көбірек. Сондықтан да бізден шаш күтіміне қатысты кеңес сұрап, қызметтің осы түріне жү­гінушілердің қатары көп. Қа­зір химиялық сәндеу мен шаш­ты қатқыл, қанық түспен бояуға қарағанда, неғұрлым та­биғи түске деген қажеттілік бай­қалады. Сондай-ақ қыз-ке­ліншектердің шаш бояуда ашық түстерге де ықыласы басым. Әсіресе биылғы көктемде түбі қою болып, ал ұш жағы ақшыл бояуға ауысатын омбре деген шаш бояу үлгісі сәнде. Шашын осы стильде өзгерткісі келетін арулар өте көп.

Ал шаш күтіміне қатысты айтатын болсақ, бұл – өте үлкен жұмыс. Әрбір қыз-келіншектің шашын бояу мен қиюы өз алдына, оның табиғи күтіміне де ерекше көңіл бөлгені дұрыс. Табиғи күтілген шаш кез келген бояудан артық жылтырайды. Сондықтан да үй жағдайында шашқа жұмыртқа, айран, майо­нез, сондай-ақ әртүрлі майлар мен дәрумендерді пайдаланса, шаштың мезгілсіз ұшталып кетуі мен құрғауы, түсуі азаяды. Мәселен, күнделікті пайдаланатын сусабынға дәрумендер кешенін қосып та күтім жасауға болады. Ол қатарға В3, В6, В12, Е, мумия, зәйтүн майы кіре­ді. Бұл заттардың барлығы дәрі­ханада сатылады. Осыларды пай­­даланып, шашқа сапалы күтіп жасауға әбден болады. Сон­дай-ақ тарау арқылы бас құй­қаларына массаж жасап, шаштың түсуін азайтуға болатынын баса айтқым келеді. Ол үшін ағаштан жасалған тарақтарды пайдаланған өте тиімді. Шашты күніне 100 рет тігінен және ту­ра сонша рет кері бағытта тарау оның түсуін азайтуға септеседі. Осындай процедураларды жүйе­лі түрде күнделікті түрде жасап отырса, шашыңыз ерекше әде­мі­лікке ие болып, жылтырап көз­­ жа­уын алатын болады, деп ке­йіп­­керіміз қыз-келіншектерге өзі­­нің кәсіби ке­ңе­сін берді.

Шынымен де, әйелге нәзік­тік пен сұлулық сыйлауда күтіл­ген шаштың айрықша әсері бар. Әсіресе ұзын, табиғи шаш­ аруларды ерекше тартым­ды­ етіп, көп ішінен даралап көр­се­теді. Сондықтан да ықы­лым заманнан-ақ ата-бабалары­мыз қыз баласының шаш күті­міне ерекше мән берген. Қы­мыз, айран секілді табиғи өнімдерді пайдалана отырып, қыздардың шашының ұзын әрі сәнді болып өсуіне жағдай жасаған. «Шаштарын бес күн тарап, он­ күн өрген» деген әйгілі ән­ мә­ті­ніндегі бұл тіркес те осы сөзімізді бекіте түседі. Бүгін­де техниканың дамып, шашқа кү­тім жасаудың заманауи әдіс­­­те­рі енді демесеңіз, маман­ сө­зінен байқағанымыздай, шаш­ күтімінің түп-тамырында сүт,­ айран, табиғи шөптерден жасал­ған тұнбалар және тағы басқа табиғи өнімдер жатады екен. Ұсынылған осы кеңестерді аруларымыз күнделікті өмірде жүйелі пайдаланатын болса, сөз жоқ, нәтиже беретіні анық. Әйелге әсемдік жарасады...

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»