Қазақстан • 26 Сәуір, 2018

Алматыда баскетболдан ұлттық студенттік лиганың финалы өтті

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

25 сәуір күні Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының баскетболдан ұлттық студенттік лигасының финалы өтті. Ақтық кезеңде ерлер арасында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік Университетінің студенттері үздік атанса, ал қыздар арасында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің тобы жеңіске жетті.

Алматыда баскетболдан ұлттық студенттік лиганың финалы өтті

Қазақстанда алғаш рет ҚР Баскетболдан ұлттық студенттік лигасы, «Жас Отан» Жастар қанаты және ҚР Ұлттық Баскетбол Федерациясының қолдауымен өткен чемпионат екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде 2017 жылдың қазан айынан бастап аймақтар бойынша «Орталық», «Алматы», «Оңтүстік», «Солтүстік», «Шығыс», «Батыс» дивизиондары құрылып, 30-дан астам студенттік топ жарысқа түсті. Нәтижесінде, Алматы қаласындағы финалға 16 ерлер және 8 қыздар тобы өтті.

 «Жас Отан» Жастар қанаты Төрағасы Данияр Сүндетбаев «Чемпионат студенттер арасында үлкен бәсекелестік тудырды. Чемпионаттың қазақ баскетболы тарихында студенттер арасында алғаш рет өткенін атап айту керек. Жоғары оқу орындарының студенттері өз командаларына керемет қолдау көрсетті. Студенттер лигасы баскетбол спорт түрінің елімізде, әсіресе жастар арасында кеңінен танылуына ықпал етеді», деді.

Чемпионатты өткізудегі мақсат – жастар арасында салауатты өмір салтын ұстануды дәріптеу, елімізде баскетбол ойынын кеңінен тарату және жоғары оқу орындарының топтарына қолдау көрсету. Шешуші кезеңде үздік ойын көрсеткен топ мамыр айында Мәскеуде өтетін ISBC Халықаралық Кубогына қатысады. Еліміздің студенттері баскетболдан халықаралық турнирде алғаш рет бақ сынамақ. Әлемнің 12 елінен келген ең үздік ойыншылармен жарысқа түседі. Турнирге жақын және алыс шетелдерден Ресей, Испания, Сербия, Латвия және Греция құрамалары қатысады. 

Соңғы жаңалықтар