26 Сәуір, 2018

Қ. Тоқаев құқық қорғау саласындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды

194 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Ұлттық құқық қорғау мекемелері мен Ұлттық превентивтік тетіктердің бірлескен күш-жігерімен азаптаулардың алдын алу» форумына қатысқан Ресей және Орталық Азия елдерінің адам құқықтары жөніндегі уәкілдерін (омбудсмендерін) қабылдады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Қ. Тоқаев құқық қорғау саласындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды

Қ.Тоқаев өткен жылы жүзеге асқан конституциялық реформаның нәтижесінде Президент өкілеттігінің бір бөлігі биліктің атқарушы және заң шығару тармағына берілгені туралы омбудсмендерді хабардар етті. Сенатқа адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына сайлау және оны қызметінен босату құқығының берілуі маңызды жаңалықтардың бірі болды. Парламент жоғарғы Палатасының Төрағасы атап өткендей, бұл ұлттық құқық қорғау тетіктерін институттық тұрғыда қолдау үшін зор мүмкіндіктер береді.

Сенат Төрағасы құқық қорғау саласындағы аймақтық ықпалдастықты қолдау мен бірлескен күш-жігерді үйлестіру жайында айтты. «Адам құқықтарының рөлі өте жоғары деп санаймын, сондықтан адам құқықтары мен еркіндігі және заң үстемдігі мәселелерінде біздің елдерімізге өзара тығыз іс-қимыл керек», - деді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасының пікірінше, адам құқықтары жөніндегі бүгін басталған форум адам құқықтарының жағдайына мониторинг жүргізу саласында білім және тәжірибе алмасу, Ұлттық превентивтік тетіктер қызметін одан әрі жетілдіру және оны заңнамалық тұрғыда реттеу жолдарын талқылаудың мүмкіндіктерін береді.

Ресей Федерациясының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Ұлықбек Мұхаммадиев, Қырғыз Республикасының Акыйкатчысы (омбудсмені) Құбатбек Оторбаев, Түрікменстан Омбудсмені  Яздурсун Гурбанназарова өз елдеріндегі құқық қорғау мәселелерін реттеудің ерекшеліктері, омбудсмен институттарының заң шығару органдармен өзара іс-қимылы туралы әңгімеледі. Кездесуге Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров қатысты.