Аймақтар • 27 Сәуір, 2018

Қарағанды облысы Нұра ауданында 20 үй құрылысының алғашқы қадасы қағылды

722 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұра ауданы бойынша 2013 жылдан бастап тұрғын үй құры­лысының қарқыны баяулап, соның салдарынан баспанаға мұқ­таж тұрғындардың қатары өсе түскен болатын. Енді бұл олқылықтың орнын толтыратын да кез келді. Таяуда аудан орта­лығында әрқай­сысы 2  пәтерлі 20 үй құрылысының алғашқы қадасы қағылды.

Қарағанды облысы Нұра ауданында 20 үй құрылысының алғашқы қадасы қағылды

Салтанатты рәсім үстінде аудан әкімі Ниқанбай Омарханов Нұра ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 88 пәтердің кілті тұрғындарға тапсырылатынын айтты. Аудан әкімі мұның өзі Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» ай­­тылған міндеттердің Нұра же­рін­де жүзеге аса бастағанының жар­­­қын көрінісі екендігін атап өтті.

Болашақта құрылыс ала­ңына айналатын жерге қада қа­ғылғаннан кейін ауыл ақсақалы Исай қажы Қайболда ақ батасын берді. Құры­лысты жүргізетін «Нұр Инвест групп» серіктестігі мен «Каздорстройтех» фирма­сының басшыларына ақсақалдар қауымы сәттілік тілеп, сенім біл­дірді. 

– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қарағанды облысы бо­йынша 332 пәтер салынатын болса, оның 40 пәтері Нұра ауданына тиесілі. Жалпы көлемі 3314 шаршы метр аумаққа тұрғы­­зылатын бұл үйлерге республикалық және облыстық бюджеттен 481 млн теңге және оның инфрақұрылымын салуға 37 млн теңге қаражат бөлінген, – деді Қарағанды облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Асхат Макенбаев.
Бүгінде Нұра ауданының орталығы көрер көзге көркейіп, өркендеп келеді. Тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында аудан бойынша 50 шақырымнан астам диодты шамдар желісі орнатылған. Мұның өзі электр қуа­тын үнемдеуге зор септігін тигізеді. Сонымен қатар автомобиль жолдары жөнделіп, ауыз су проблемасын оң шешудің де жолы табылған.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,
Нұра ауданы