Үкімет • 27 Сәуір, 2018

Асқар Мамин Алматыда туризмді дамыту мәселелері бойынша жиналыс өткізді

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Алматы қаласына сапары барысында өңірде туризмді дамыту мәселелері бойынша жиналыс өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Асқар Мамин Алматыда туризмді дамыту мәселелері бойынша жиналыс өткізді

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда туризмді да­мытуға ерекше назар аударып келеді. Өзі­нің жыл сайынғы Жолдауында Ел­басы ішкі және сырттан келушілер үшін  туризмді дамыту  өңірлерде жұмыс орын­дарын ашу мен экономикалық да­мудың іргетасын қалаудың  негізгі көз­дерінің бірі болып табылады деген болатын», деп атап өтті А.Мамин. 

Алматы және Алматы облы­сы туризмді дамытудың негізгі қозғалт­қыш­тары болып табылады. Бұл аймақ ар­қылы еліміздің негізгі көлік бағыттары өте­ді, ал өңірдің географиялық, тарихи жә­не табиғи ерекшеліктері туризмді да­мытудың берік іргетасы бола алады.     

Жиналыста сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Б.Байбек Елбасының тапсырмасына сәйкес, Алматыда ту­ризмді экономиканың жаңа қозғаушы күші ретінде дамыту үшін жүйелі жұ­мыс жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Қа­лада бәсекеге қабілетті туристік өнім­ді құру, тұрғындар мен қала қонақ­тарына ыңғайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру мақсатында «Туризмді дамытудың 100 қадамы» қалалық жос­пары әзірленді.

Алматы қаласы экономикасының 87% -ы қызмет көрсету сервистері болып келеді және  Қазақстанға келген әрбір екінші шетелдік турист оңтүстік астанаға соқпай кетпейді.

Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының айтуынша, 2018 жылдың соңына қарай Қытай мен Үн­дістан азаматтары үшін Алматы мен Астана қалалары арқылы өтетін 72 са­ғат­тық визасыз транзит іске қосылады. Сон­дай-ақ Алматы облысында ірі инвестициялық жобалар: Медеу, Шым­бұлақ, Ақбұлақ, Табаған демалыс ай­мақ­тарында тау кластерін дамыту, тақы­рыптық саябақтарды, оның ішінде «Қор­ғас» ХШМЫО-да салу, Үлкен Ал­маты каналы бойында туристік және спорттық аймақ салу құрылысы жүзеге асырылады. 

Алматы облысы әкімінің орынбасары А. Байжановтың айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен өңірде жолды күрделі жөндеуден өткізу сәтті жүзеге асырылуда. Биыл Үшарал – Достық бағдарындағы жолға күрделі жөндеу басталды. Ол арқылы туристер Алакөлге жайлы жолмен жете алады. Балқаш көліне апаратын 140 шақырым жол жөнделді. Көлсай көлдеріне жеткізетін жолдар толықтай жаңғыртылған. 

Кеңес барысында А.Мамин Алматы мен Алматы облысы аумағында ту­ризмнің жол картасын жасаудың бір­лескен кешенді шараларын жүзеге асыру сапалы жүргізілуге тиіс екендігін баса айтты. Алматы қаласының, Алматы об­лысының әкімдігіне, сондай-ақ басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Өңірге сапары аясында бірінші вице-премьер оңтүстік астана әуежайын, Алматы-1 және Алматы-2 темір жол стансаларын дамыту жоспарларымен танысып, Visit Almaty туристік ақпараттық орталығын аралады. Сондай-ақ «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ға барды. 

«Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА БК» АҚ бас директоры М. Баймұхамбетовтің айтуынша,  жалпы құны 485 млрд теңгені құрайтын 14 жоба 2020 жылға дейін жүзеге асырылмақ.