Қазақстан • 27 Сәуір, 2018

Қазығұртта «Батыр бабалар» мемориалдық кешенінің ашылу салтанаты өтті

839 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дәл қазір қазақты серпілткен, сергіткен, барын бағалап, жоғын түгендеген жұмыстардың желісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру идеясы жатқаны анық. Президент өз мақаласында «Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деген еді. Сол тұғырнама негізінде бір жылдан аса уақыт ішінде ұлттық рухымыз қырандай түледі, қаншама жауһарларымыз жаңғырып, алыптарымыз қатарға қосылды. Соның бір әдемі көрінісі қабырғалы жұртымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстікте болды. Ол осыдан 375 жыл бұрын Орбұлақ шайқасында қол бастаған қос қаһарман Жәңгір мен Жалаңтөстей ардақтыларымызға қойылған «Батыр бабалар» мемориалдық кешенінің ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған іс-шаралар еді. 

Қазығұртта «Батыр бабалар» мемориалдық кешенінің ашылу салтанаты өтті

Алдымен Мемлекет басшы­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бір жылдығына орай алқалы жиын өтіп, ел бір­лігі, ұлт тұтастығы туралы ой қоз­ғалды. Ол М.Әуезов атындағы Оң­түстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Орбұлақ шай­қасының 375 жылдығына арнал­ған халықаралық ғылыми-тео­рия­лық конференцияға ұласты. Екі шараны да облыс әкімі Жан­сейіт Түймебаев ашып, «Сана­мыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс» деген Елбасы сө­зінен ой өрбітіп, облыстағы атқа­рылған жұмыстарға, мәселен «Ту­ған жер» жобасы бойынша де­меу­шілердің қолдауымен 31 млрд, 467 млн теңгенің 577 іс-шарасы атқарылғанын атап, алдағы жоба-жоспарларға да тоқталды. Ол сонымен бірге бұл жолғы ұлттық жұмысқа ұйытқы болып, бабалар үлгісімен қазақы қалыпты баянды ету жолында тынымсыз тірлік жасап келе жатқан, қолы жомарт, халқым дегенде аянбайтын Бекет Тұрғараевтай азаматқа алғысын білдірді. Алғашқы жиын­да қа­рымды қаламгер М.Байғұт мейір­бан меценаттар туралы айта ке­ліп, бодандықтан өліп барып қай­­та тірілген қазақтың бүгінгі бақыт­ты күнін Елбасы идеясында айтылғандай «Мәңгілік Ел» ету байламын айтып, «Қазақты енді «өлтірмеу» үшін бәріміз жұмы­луымыз керек» десе, халық қалау­лылары атынан арнайы бар­ған сенатор Ә.Бектаев төрт құбы­ланы түгендеген бұл жиын, Ордабасында бас қосқан бабалар дәстүрін жалғастырғандай әсерге бөлегенін, ендігі жерде осы бірлік жалғасын таба беру керек­тігін еске салды. Академик М.Жұрынов, Елтаңба авторы Ж.Мәлі­беков ұлттың ұйытқысы осы басқосуда көрініп отырғанын атап өтті. Ғылыми конференция­да профессорлар – Ө.Озғанбаев Ор­бұлақ шайқасындағы ұлы жеңіс пен бүгінгі рухани жаңғы­рудың сабақтастығына, ал З.Қа­был­­­динов бұл шайқастың әлем­­дік тарихтағы маңызына тоқталды. Өзбек елінен келген ғалым Е.Мусурманов пен қырғыз жұртының өкілі Т.Абдырахманов түркі дүние­сіндегі батырлар бәрімізге ортақ екенін, олардың үлгісін кейінгіге арқауын үзбей жеткізу керектігін сөз етсе, айтулы ға­лым А.Айталы ел тарихындағы пассионарлық құлшыныстар мен бүгінгі ұлттық болмысты тереңнен толғады. Академик Д.Қожамжарова Орбұлақ шай­қа­сы­ның қазақ мемлекеттігі тұ­тас­тығын сақтаудағы орны мен рөлін зерделесе, Б.Аяған Жәңгір хан мен Жалаңтөс батырдың елді біріктірудегі ақыл-ойына те­реңдеп барды. Филология ғылым­дарының докторы С.Неги­мов Әмір Темірден бастап сөз қозғап, Қожаберген жырауға тізгін тартып, тарихтағы генетикалық бай­­­ланыстар жайлы байламын жұрт талқысына салды. Көрнекті жазушы Б.Нұржекеұлы Орбұлақ дерек­терінен дәйектер келтіріп, бұл шайқастың ма­ңызына ерекше мән берді. Кейбір ала-құла пікірлерді де еске са­ла кетті. Ұлт жақсыларының өнегесін мысалдармен әңгімеге өзек етіп алған абыз ақсақал С.Шаухаманов бұл батырлар ислам дінін берік ұс­танғанын, оның қамқоршысы да болғанын тілге тиек етті. 

Алқалы басқосудың түйінінде Бекет Тұрғараев ұлықтауға ла­йық бабаларға осындай құр­мет көр­сету әр азаматтың парызы еке­нін алға тартып, жұрт ісіне жұ­мылып келгендерге, қол­да­ған мекеме­лерге, олардың бас­­­шыларына риза­шылығын жет­кізді. Жалаңтөс Баһадүр туралы көлемді кітаптың жарық көргенін, оның Самарқанды билеп отырмын ғой демей, қа­зақ жұртының жеріне көз аларт­қандарды жою жолындағы кү­рес­ке 20 мың әс­керімен келіп қатысқанын батырлардың мұндай ұлы ерлігі бүгін­гі елдігіміздің ір­гетасы іс­пет­тес деп, олардың сол қаһар­мандығын елге жеткізу ісін­­­де Елбасының даналығы мен даралығына да ерекше мән бе­ріп, жаңғыру идеясы санамызды қайта түлеткенін атап айтты. 

Кеңес пен конференция­дан кейінгі шара Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылындағы Шым­кент-Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы биік тө­бе үстінен бой көтерген қос қаһарманның ескерткішін ашу рәсіміне ұласты. Ескерткіш лен­тасын Ә.Тұрғымбеков, Қ.Айта­ханов, М.Шәкенов, өзге де азаматтар қиды. Жібек жамылғы түс­кеннен кейінгі Жәңгір мен Жалаң­төстің алып тұлғасы көр­ген көзді қуантып, көңілге нұр құйды. Мақтааралдан келген Т.Жү­нісов бұл ұрпаққа үлгі десе, ха­лық ақыны Ә.Қалыбекова сөзін өлең­мен өрнектеді. Қазақстанның құрметті журналисі Б.Қонысбек баба­лар рухын көтерген Бекет Тұр­ғараевқа шын ниетін жет­кізді. Таза мыстан құйылған, 11 метрлік алып ескерткіш бұған дейін салынған «Бабалар рухына тағзым» кешенімен, екі гектар жерге 1000 түп ағаш егілген жастар саябағымен жарасым тапқанда, «Елдік жұмыс осындай болса керек!» деді жиналған жұрт. Мұндай ауқымды жұмыстың жүгін нардай көтерген, барын халық игілігіне, ұрпақ қамына жұмсаған азамат туралы профессор Д.Қамзабекұлы, белгілі журналист Н.Жүсіп ағынан жарыла ой тербеп, мәңгілік ел болу жолындағы бұл алып қадам екенін баса айтты. Кешендер бола­шақта ұлттық туризмді дамытуға да өз үлесін қосары сөз­сіз. Өйткені оған қажетті жағ­­­дайдың бәрі, мәселен демалатын орындар, ақшаңқан қазақ үйлер, асхана мен мейрамханалар, көргенде көп жайды көз ал­дыңнан өткізетін киелі адамдар туралы мол мәліметтер де аз емес. Ұлттың рухын көтеріп, халықтың мерейін асыратын, жас ұрпақ біздің де бабаларымыз осал болмаған екен дегізетін, осы жолғы шараның соңы – батыр бабаларға Құран оқытып, мыңдаған адамға ас берумен түйінделді. 

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»