Қазақстан • 27 Сәуір, 2018

ЮНЕСКО Бас директоры Қазақстанның бейбітшіл бастамалары лайықты қолдау тапқанын мәлімдеді

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле Қазақстанның әлемдік деңгейдегі бейбітшіл бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан лайықты қолдау тауып отырғанын мәлімдеді. Ол бұл пікірін Қазақстанның ЮНЕСКО жанын­дағы Тұрақты өкілі әрі еліміздің Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Ғалиевпен болған әңгіме барысында жеткізді. 

ЮНЕСКО Бас директоры Қазақстанның бейбітшіл бастамалары лайықты қолдау тапқанын мәлімдеді

«Мәдениетаралық үнқаты­су­ды ілгерілету ұйымымыз­дың басты мақсаттарының бірі болып табылады, сондық­тан ЮНЕСКО Мәдениеттер жа­қын­дасуы­ның халықаралық онжыл­дығын жариялауда Қазақ­станның үле­сін ерекше бағалайды», деген О.Азуле елі­міздің басшылығына ұйым қызметіндегі көрсеткені негізгі бағыттар бойынша жоба­ларға қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдірді.

ЮНЕСКО Бас директоры дүниежүзілік мұра және материалдық емес мәдени мұра тізімдеріне, биосфералық резерваттар мен жаһандық геопарк­тер желілеріне, «Әлем есте­лігі» бағдарламасы аясын­дағы бірегей дереккөздер жиын­ты­ғына қазақстандық номинация­ларды енгізу бойынша жүйелі жұмысты ерекше атап өтті. 

Өз кезегінде Қазақстан елшісі Ж.Ғалиев аталған ұйым­ның басшысы О.Азулені ірі халық­аралық ұйымның басын­дағы жауапты миссиясының басталуымен құттықтап, елі­міз­дің ЮНЕСКО-ның биік қағидаттары мен құндылық­тарына құрметпен қарайтынын атап өтті. 

О.Азуле сонымен бірге еліміз­­де Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жаһан­дағы заманауи қазақ­стандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру барысынан, Әлем­­дік және дәстүрлі дін­дер көш­­бас­­шыларының VI съезі бағ­дар­­­ла­масынан хабардар етілді. Тараптар Алма­тыда­ғы ЮНЕСКО Кластер­лік бюро­сы­ның белсенді жұ­мы­сы мен 2017 жылғы қараша­да ұйым­ның Бас конферен­ция­сының шешімімен мақұлданған ЮНЕСКО қамқор­шылығындағы Мәде­ниеттер жақындасуының халық­ара­лық орталығының тез арада ашылуы­ның маңы­зын сөз етті.

Естеріңізге сала кетсек, 1992 жылдың 22 мамырынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлт­тар­ Ұйымының Білім, ғылым және мәде­ниет жөніндегі ұйымы­ның (ЮНЕСКО) толық­қан­ды мү­шесі болып табылады. Бедел­­ді халықаралық ұйым­мен ынты­мақ­тастығы­мыз­ды Қазақ­стан­ның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық ко­мис­сия­сы үйлестіреді. Осы күн­ге дейін деректі мұраның «Әлем естелігі» халықаралық тізі­міне – 3, Дүниежүзілік мұра тізі­міне – 5, материалдық емес мәдени мұра тізіміне – 8, био­сфералық резерваттар желі­сіне – 9, естелік даталар күнтіз­бесі­не 21 Қазақстан номинациялары енгізілді. Елімізде ЮНЕСКО-ның 6 кафедрасы, 31 қауымдастырылған мектебі, 50-ден астам клубы, Ортаазия­лық өңірлік гляциологиялық орта­лығы істейді. Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы өз қарары­мен 2013-2022 жылдар мерзімін Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы етіп жариялады және ЮНЕСКО-ны тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты құрылым ретінде белгіледі.