Қазақстан • 27 Сәуір, 2018

«Өзбек ұлт­тық этномәдени орталығының» прези­денті Елбасымен кездескен тарихи сәт­тері туралы айтып берді

406 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ежелден татулықты ту еткен, бірлікті баянды болашақпен байланыстырған еліміз бұл күнде ынтымақ пен ырыстың ордасына айналды. Бабалар заманынан желісі үзілмей келе жатқан дархандық пен кеңпейілділік те бұл күнде қазақтың басты ұстанымы. Малын жанының, жанын арының садағасына балаған еліміздің бұл даналық байламы да бірлік пен берекені көздеген ұлы мұратқа негізделген. Татулықты ту етуге арналған Елбасының салиқалы саясаты бұл күнде еліміздің әрбір өңірінде көрініс тауып келеді. Егемен еліміздің шежірелі жылдарына көз салғанда да ежелден қанымызда бар дархандық деген дегдар мінез менмұндалап көрінеді. 

«Өзбек ұлт­тық этномәдени орталығының» прези­денті Елбасымен кездескен тарихи сәт­тері туралы айтып берді

Бүгінде көптеген этнос өкілдерін бір арнаға ұйыстырып, татулық пен бірліктің үлгісін көрсетіп отырған Жамбыл өңірі қай кезде де қазақы дәстүрді берік ұстан­ған, бабалар аманатына адал болған өлке­нің бірі. Ал облыс орталығынан Қазақ хан­ды­ғы­ның 550 жылдығына орай бой көтерген «Достық үйі» бұл күнде жүзі бөлек болса да жүрегі бір, тілі басқа бол­­са да тілегі бір азаматтардың ортақ ша­ңы­­рағына айналды. Өткен жылы қыр­­күйек айында Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қал­а­сындағы «Достық үйінде» болып, өңір­­дегі этномәдени орталықтардың жете­к­шілері және мүшелерімен кездес­кен болатын. Жамбылдық жұртшылық үшін тарихи оқиға болған бұл кездесу шын мәнінде достық пен ынтымақтың нағыз көрінісі еді. Кездесу кезінде Әулиеата жерінде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері Елбасының татулық мен ынтымақты қалыптастыру тұрғысындағы тағылымды әңгімелерін тыңдап, Прези­дентке еліміздегі бүгінгі бейбіт заман үшін алғыстарын білдірген болатын. Бұл оқиғаның әрбір азамат үшін тарихи маңызының зор болғаны анық. Жамбыл облысы бойынша «Өзбек ұлт­тық этномәдени орталығының» прези­денті Бахром Муминов бізбен әңгі­ме­сінде Елбасымен кездескен тарихи сәт­тері туралы айтып берді. 

– Мен Елбасымен алғаш рет 1997 жылы кездестім. Жамбыл облыстық «Өзбек этномәдени орталығының» сол кездегі президенті Гафур Касымов екеуміз Президентті әуежайдан қарсы алғандардың ішінде болдық. Одан кейін 2006 жылы Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының жиынында Елбасының алдында сөз сөйледім. Мен қазақ жерінде тұрамын, сондықтан да қазақ тілін білуді өзімнің азаматтық борышым деп есептеймін. Сол жиында қазақ тілінде сөйлегенімді көр­ген Нұрсұлтан Назарбаев «Өзбектің бала­сы, жарайсың!» деп ризашылығын біл­дірді. Елбасының осынау жоғары бағасы мен үшін ұмытылмас естелік, – дейді ол.

 Осы оқиғадан бір апта өткен соң Бах­ром Муминов Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның ұйытқы болуымен Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қала­сында өтетін Елбасының тәуел­сіз­дік та­ғылымын баяндаған кітабы­ның тұсау­кесер рәсімінің делегаты болып шақыртылады. Сөйтіп ол алып мемлекетте өткен Елбасы кітабының тұсаукесер рәсімінің салтанатына қатысады. Бахром Муминов бұл жайдың бәрі де кездейсоқ емес, Елбасы­ның сарабдал саясатының нәти­жесінде елімізде қалыптасқан тату­лық пен бірлік­тің көрінісі деп біледі. Сонымен қатар сұхбат барысында кейіпкеріміз әрдайым қазақ елінің өркендеуіне үлес қосуға дайын екенін әрі мұны өзінің азаматтық парызы деп білетінін жеткізді. 

– Елбасымен әрбір кездесу мен үшін мақтаныш. Өткен жылы қыркүйек айында Президент Жамбыл өңіріне жұмыс сапарымен келіп, Тараз қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында өңірдегі этномәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесті. Оның ішінде мен де болдым. Сонда Елбасы халықтың бірлігі мен татулығы жөнін­де тағылымды әңгіме өрбітті. Негізі біз ол кісінің жадының беріктігін, бір көр­ген адамын екінші көргенде жаз­бай тани­тынын көп естуші едік. Осы жолы өзімнің басымнан ерекше жағ­дай өтті. Бәрімізбен жылы амандасып, татулық турасындағы тәлімді әңгі­ме­сінен соң Елбасы маған бұрылып «Бахром, сен сөйле» деді жылы жүзбен. Сол сәт­тегі қуаны­шымды сөзбен айтып жеткізе алмай­мын. Әрі ол кісінің мені танып тұрғанына таңғалдым. Мен Елбасы­ның әлем алдындағы биік беделін, мемле­кеті­міз­дің әлем мемлекеттері арасындағы айрық­ша ынтымағын және қазақ еліндегі татулық пен бірлікті қалыптастырудағы елеулі еңбегі үшін алғысымды айттым. Пре­зи­дент сонда келесі жылы Өзбек­стан­ның Қазақстанда жылы жарияланатынын айтқан еді. Міне биыл Қазақстан мен Өз­бек­стан мемлекеттері арасындағы ынты­­­мақ­­­­тастықтың көрінісіндей болып, Өзбек­стан­ның Қазақ­стан­дағы жылы жария­лан­ды. Еліміздің абыройы жыл санап артып келеді, – дейді өз сөзінде кейіпкеріміз.

Бахром Муминов ширек ғасыр бойы Жамбыл жерінде аз қамтылған отба­сы­ларға көмек көрсетіп келе жатқан кәсіп­кер. Жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен от­басыларға көмектесу оның ұста­­­ны­­­мына айналған. Әрі қазақ елінің дар­­­хан­­­дығы мен кеңдігін, парасаты мен пайы­­мын бойына жинаған аза­мат үшін бұл бұл­жымас қағида. Өт­кен жылы ол Қазақстан халқы Ассам­блея­сының «Қайырымдылық керуені» жалпы­ұлттық акциясы аясында тұң­ғыш рет тапсырылған «Жомарт жан» Ал­ғыс хатын иеленген. Сонымен қатар был­тыр Мемлекет басшысының Жар­лы­­ғы­мен «Құрмет» орденімен мара­пат­­талған. Елбасының қатысуымен Астана қаласында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысына Бахром Муминов әрдайым Жамбыл облы­сынан делегат болып қатысады. «Елбасының жамбылдық делегаттарға деген құрметі бөлек. Жылы шырай таны­тып, әрқайсымызбен амандасып шыға­ды. Қазақ халқының кісілік қасиеті, адам­гер­шілік ізгілігі Елбасының бойынан қашан­да көрініп тұрады», дейді ол. Әрине Жамбыл өңірінде бірлік пен ынтымақты қалыптастыруда еңбек етіп келе жатқан азаматтар баршылық. Бәрі де бейбіт заманда баянды болашақ үшін аянбай еңбек етуге ниетті.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы