Қазақстан • 27 Сәуір, 2018

Алматының 157 көшесінде тротуарлар жөнделеді

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мегаполисте ұзындығы 30 шақырым жаңа тротуарларды жөндеу мен салу жұмыстары басталды, - деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі. Қаланың 157 көшесін жөндеу барысында жүргінші жолдары да жаңарады.

Алматының 157 көшесінде тротуарлар жөнделеді

Көше-жол жүйелерін жөндеу кезінде бұзылған арық науалары ауыстырылып, керексіз конструкциялар алынып, жасылдандыру атқарылады. Қозғалыстың өткізу қабілетін арттыру мақсатында жиектегі тұрақ қалталары ғана абаттандырылады. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшеден кіру бөлігі тарылады. Бұлардан өзге, мегаполис басшысының тапсырмасы бойынша жүргінші қозғалысын қиындататын құрылыстар бар тротуарлар анықталуда.

Айта кетерлігі, Түрксіб ауданында Стаханов, Париж коммунасы, Шымкент, Буденный көшелері бөлігінде жаңа тротуарлар пайда болды. Әуезов ауданындағы №6 мен №8 ықшам елді мекендерде жаңа аулааралық тротуарлар пайдалануға берілді.

Бостандық ауданында Дунаевский көшесі бойымен Жароков және Ходжанов көшелерінде де тротуарлар іске қосылды. Осыған ұқсас жұмыстар қаланың барлық аудандарында жүруде. Сондай-ақ, қаланы жаңартудың екінші жылы бойына биылғы жазда бірқатар негізгі даңғылдар жаңарады. Инженерлік инфрақұрылымды модернизациялау кезінде 12 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Бұлардан өзге, бұрыннан жаңарған 455 аула алаңдарына қосымша тағы да 585 аула жөнделеді.