Медицина • 27 Сәуір, 2018

Мемлекеттік органдардағы жемқорлыққа ХҚО-лар арқылы шағымдануға болады

378 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығының жанында шағын Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) ашылды, деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі. 

Мемлекеттік органдардағы жемқорлыққа ХҚО-лар арқылы шағымдануға болады

«Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы Астанадағы «Миллениум парк» бизнес-орталығында есігін айқара ашып, өз шекарасын кеңейте бастады. Ендігі уақытта орталық мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне үміткерлерді тестілеу тұрғысында техникалық сипатта қолдаушы оператор ғана емес. Оның жанында кез келген ниет білдіруші өтінішін айта алатын шағын ХҚО мен Арнайы талдау тобының (АТТ) қоғамдық қабылдауы ашылды», - делінген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз хабарламасында.

Шағын ХҚО-ның функциясына: мемлекеттік қызметті көрсету, мемлекеттік қызметшілердің этикалық норманы сақтау саласында азаматтардың арыз-шағымын қабылдау және қарастыру, мемлекеттік қызмет бойынша және мемлекеттік қызметті көрсету тұрғысынан кеңес беру енеді. Шағын ХҚО үздік әлемдік тәжірибе негізінде жұмыс істейді: кедергісіз қызметті, кезек алу сервисін, психологтың көмегін ұсынады. 8 күннің ішінде ХҚО жетпіске тарта мемлекеттік қызметті көрсеткен. АТТ қоғамдық қабылдауы - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша азаматтарды қабылдауға арналған алаң.

Азаматтарды АТТ мүшелері - мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қабылдайтын болады. АТТ мүшелерінің жұмысы мен азаматтарды қабылдау бойынша барлық жағдай жасалған: материалдық-техникалық жабдықтау қамтамасыз етіліп, отырыстарды, тұсаукесерлер мен өзге де шараларды өткізу үшін конференцзал ашылған.