Қазақстан • 30 Сәуір, 2018

Кореядағы «қазақтар»

1257 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиева Оңтүстік Кореяның Ханкук шет тілдер университетінде тағылымдамадан өтіп қайтқан еді. Сапардың мақсаты – екі ел ғалымдарының ғылыми әріптестігін нығайтып, шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық білім кеңістігінде тәжірибе алмасу болатын.

Кореядағы «қазақтар»

Осыдан екі жыл бұрын Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Қаза­қстан Рес­пуб­ликасының Мемлекет­тік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова­ның қатысуымен «Мәңгілік ел» – ұлт­тық тарих пен тарихи зерде­дегі құбылыс ретінде» атты ха­лық­­аралық ғылыми-тәжіри­бе­лік конференция өтті. Қазақ­стан халқы Ассамблеясы бастамашы болған бұл шара саяси қуғын-сүр­гін және ашаршылық құрбан­­дарын еске алуға арналған халық­а­ра­лық форум шеңберінде ұйым­дастырылған еді. Сол басқосуға Оңтүстік Кореядан Ханкук уни­верситеті Орталық Азияны зерттеу институтының профессоры Ким Санг Чел арнайы келді.

– Корей профессорының «Сонау қиын жылдарда Қазақ­стан көптеген ұлт-ұлысқа пана болғанын, өсіп-өркендеуіне жағ­дай жасағандығын жақсы білеміз. Қазақ халқының қонақжай пейілі мен кеңдігінің шапағатын көрген халықтардың ішінде корейлер де бар. Құнарлы қазақ топырағында қазақтан жақсылық көрген бауырларымыз тамырын тереңге жіберіп, мәуелі бәйтерекке айналды. Ел өмірінің барлық саласына белсене араласуда» деген жүрекжарды сөзі есімде қалып еді. Орал қаласында корей диаспорасы 2012 жылы «Қазақ халқына мың алғыс!» атты ескерткіш те орнатқан. Міне, осындай меймандос ұлттың елінде, дәл сол профессор Ким Санг Чел қызмет жасаған универсиетке жолым түсетінін ол кезде білмеппін, – дейді Рита Бекжанқызы.

Ханкук шет тілдер универ­си­тетінде әлемнің 45 тілі оқы­ты­лады. Ал Орталық Азия тілдері де­пар­­таментінде корейлік студент­тер қазақ және өзбек тілдерін мең­­гереді. Корей студенттеріне қазақ тілін профессор Әлия Құ­рыш­­­жа­нова оқытады. Ол мұнда алты жылдан бері қызмет етеді екен.

– Профессордың бірнеше саба­ғына қатыстым. Қазақ тілін шет­елде оқыту оңай емес. Оны Қазақ­станда тұратын өзге ұлт өкіл­деріне қазақ тілін үйретумен салыс­тыра алмайсыз. Өйткені қазақ­стандық өзге ұлт өкілдері тілді білмесе де, көп жайдан хабар­дар. Қазақ тілді ортамен, қол­да­нысымен таныс. Ал шетелде орта мүлдем бөлек. Алғашқы дең­гейдің өзінде фонетикалық ерек­ше­лікті меңгертудің өзі оңай­ға соқпасы анық, – дейді Рита Сұлтанғалиева.

Бір қызығы, Кореяда қазақ тілін үйреніп жатқан студенттер өздеріне қазақ есімін таңдап алады екен.

– Әрине корей студенттері қазақша есім таңдағанда, қазақ болып кетпейтіні айқын. Бірақ сол тіл үйреніп жатқан жастар­дың ұлтқа деген, сол ұлттың тілі­не деген құр­меті ерекше екен. Мұ­ны профес­сор Әлия Құ­рыш­жанова­ның да еңбегінің нәти­жесі деп түй­дік, – дейді Рита Бекжанқызы.

Сонымен Кореядағы «қазақ­тарды» таныстырайық.

Алмас – Беомдо

Беомдо Ханкук универ­ситетін­де білім алып жатыр. Ол 4-курста ақылы топта оқиды. Қазақ­ша есімі – Алмас.

Алмас әскерден кейін білімін жалғастырған. Корея елінде студенттерге берілетін мемлекеттік грант саны көп болмайды. Грантқа әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыдан шыққан студенттер және ең жоғары білім көрсеткішіне ие санаулы жастар ғана ие бола алады. Студенттердің көпшілігі ақылы түрде білім алады, көбіне сабақтан бос уақытта жұмыс істейді. Алмас та білім алып, еңбек етіп жүрген жастың бірі. Академиялық білім алмасу бағдарламасы бойынша Қазақстанда болған. Бітіру курсында екі зерттеу жұмысы бері­летін болса, соның бірі Орта­лық Азия елдеріне қатысты бола­­ды. Алмас зерттеу жұмысын түр­кі тілдес халықтардың шығу тари­хы­н­дағы көк бөріге қатысты аңыз­­­дар бойынша алған екен.

– Алмас қазақ тілінде түсін­іп, сөйлей біледі. Көк бөрі тақы­ры­бына біраз әңгімелестік. Қазақтың миф-аңыздарындағы көк бөрі, тотемдік ұғымға қатысты зерттеулерге байланысты да сұрақ­тары көп екен. Ол: «Мен зерттеп жүрген тақырыптағы ғылыми еңбектер интернет сайттарда тым аз, бұл жөніндегі кітаптардың көбі қазақстандық кітапхана­лар­да қағаз күйінде жатыр», деп өкі­не­ді, – дейді Р.Бекжанқызы. Осы­ған қарап елімізде қолға алынған «Цифр­лы Қазақстан» жобасының қай салада да маңызды екенін бағамдауға болады.

Берік – Сангхо

Орталық Азияны зерттеу инс­­т­и­тутының докторанты О.Санг­хоның диссертация та­қырыбы Қазақ­стандағы қалалар­дың даму тар­ихын, еліміздің тәуелсіздік алған­­нан кейінгі кезеңдегі әлеу­мет­тік жағдайын, экономикасын, мә­де­ниетін, тілдік саясатын қамту­ға арналған. Қазақ­ша есімі – Берік. Ол Қазақстанда білім алып, біздің елдің біраз қаласын аралаған екен.

«Сангхоның Қазақ еліне, тіліне деген сүйіспеншілігі мен құрметі өте жоғары. Қазақ тілін меңгеріп алған. «Қазақстан – менің екінші Отанымдай» дейді өзі. Жас ғалым Орталық Азия, Қазақстан туралы ғылыми еңбектер жазып, екі ел арасындағы халықаралық ғылыми байланысты нығайтуға талпынып жүр» дейді ризашылықпен біздің кейіпкеріміз.

Аяулым – Ан Джихи

Ан Джихи есімді корей сту­дентімен Рита Бекжанқызы Сонг­нам ауданында кездесіпті. Өзіне «Аяулым» деген әдемі есім таңдап алған Ан Джихи қазақ тілін үйренуді 2015 жылы бастапты. Қазақстанда білім алған. Тіпті тілші ретінде республикалық «Айқын» газетінде тәжірибеден өткен, Кореядағы Пульгокса ұлт­тық тарихи ескерткіші мен Түркіс­тан­дағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салыстыра талдаған мақаласы газетке жарияланыпты. «Қазақстанда оқыған кезде өзара орысша сөйлесетін қазақ жастарын көп көрдім. Қазақ тілін үйрену оңай болмады. Алайда бар талпынысым­мен қазақ тілін меңгердім. Қазақ­ша мақалам қазақ газетіне шық­қан­да қатты қуан­дым. Одан кейін де бірнеше мақала жазып, редак­цияға жіберіп жүрмін», дейді екен Аяулым.

Бір сүйсінерлігі, Ан Джихи қазақ ақын-жазушыларын жақсы біле­ді екен. «Айқында» тәжі­рибе­ден өтіп жүргенде Тынымбай Нұрмағам­бетовтің «Келін» шы­ғар­­масын оқыпты. «Жай оқып қой­­май, мазмұнын жете түсініп, шығар­ма кейіпкері Тоқтас пен Нұр­шат арасындағы және ене мен келін арасындағы қарым-қаты­насты, сондағы қазақы тәрбиені ұғып, шығарманың көтерген тақырыбын, жазушының идеясын дөп басып айтып отыр!» – деп риза болады Рита Бекжанқызы.

Нұрай – Чой Енсон

Чой Енсонның қазақша есімі Нұрай. Орталық Азияны зерттеу инс­ти­тутының ассистент қызмет­кері. Нұрай Орталық Азия елдері тура­лы маңызды ақпараттарды ко­рей тіліне аударып, институт сайтына жариялап отырады екен. Ғылыми бағытта қазақша-корей­ше сөздік құрастырып жүр екен.

Рита Бекжанқызы оңтүстік­корея­лық «қазақ» Нұрайдан «Қазақ тілін үйренуге не түрткі болды?» деп сұраған екен. Сөйтсе бірде жаңалықтан корей дәрі­герінің қазақ баласына ота жасай­тынын, бірақ ол бала­ны Корея­ға әкелгенде, қазақ­ша білетін аудармашы табыл­май, қиын­дық туғанын естіп­ті. «Қазақша білгенімде мен де көмек­­тесер едім-ау!» деп арман­­даған Чой Енсон Ханкук униве­р­си­тетіне келіп, Орталық Азия­ны тану мамандығына оқуға түсе­ді. Про­фессор Әлия Құрыш­жано­ва­дан сабақ алып, қазақ тілін жоға­ры деңгейде меңгеріп шыға­ды. Жо­ғары деңгейде меңгер­гені емес пе, өткен жазда Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесінде қыз­­мет етіпті! Корей павильонын­да қазақ­ша сайраған корей қызы тала­й­ға үлгі болған, көпті таңғалдырған.

– Өз басым Нұрайдың ЭКСПО-ға дайындық кезінде сы­нақ­тан қалай өткенін естіп таң­ғал­дым, – дейді кейіпкеріміз. Чой Енсон сынақ тапсырмалары қазақ тілінде болуын талап етіп, орыс тілінде емтихан тапсырудан бас тартқан. Сөйтіп жалғыз өзі қазақ тілінде емтихан қабылдатқызған қайсар қыз екен. «Қазақстанның Президенті келгенде, дәл қасында тұрып, корей павильонын таныс­тыру құрметіне ие болдым. Бұл қазақ тілін білгенімнің арқасы. Ол күн – мен үшін ерекше тарихи сәттің бірі» деп мақтанады екен Нұрай.

* * *

Оңтүстік Кореяда екі аптадай болып, қазақ тілін меңгерем деген корей жастарына білгенін үйретіп, өз тәжірибесін де толықтырып қайтқан Рита Сұлтанғалиева осы уақыт ішінде өзі де қазақ мәде­ниеті мен дәстүрін барынша жарнамалап келіпті. Жүрген жерінде ұлттық өрнекті киім киіп, оның мән-мағынасын түсіндіре жүріпті. «Ұшқан құстың қанаты талатын қашықта жатса да қос елдің, қос ұлттың бір-біріне құрметі, достық бай­ланысы осындай нәрселерден құ­ра­лады» дейді жас ғалым.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ