Аймақтар • 30 Сәуір, 2018

«Бөбекте» Наурыз мейрамы өтті

868 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Бөбек» ұлттық орталығында Наурыз мейрамы тойланды. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Бірінші ханымы Сара Назарбаева, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, аталған министрліктің Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков қатысты.

«Бөбекте» Наурыз мейрамы өтті

Әз-Наурызда күн мен түн теңе­ледi. Табиғат пен Жер-Ана құлпырады. Жан-жануарлар түлейдi. Тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жа­сыл­ды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурызкөже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың ұлы күнiн тойлайды.

«Бөбек» орталығында өт­кен мерекелік іс-шараның тақырып­тық идеясы – «Рухани жаңғыру: мәңгілікке бастар жол». Көктемгі мей­рамның жарқын дәстүрлері осы шара барысында рухани-адамгершілік құндылықтар ас­пектінде көрсетілді. Осы мерекеге қатысқан балалар үйінің тәр­биеленушілері, гимназия мен кол­ледж шәкірттері, «Бөбек» орталығының қызметкерлері және басқа да меймандарға құт­тықтау сөздерін арнаған Сара Назарбаева мен Бибігүл Асылова Наурыз мейрамының мәні мен маңызына ерекше тоқталды.

Орталықтың ат шаптырым аумағында киіз үйлер тігіліп, мол дастарқан жайылды. Шараға қатысушылардың барлығы да наурызкөжеден дәм татып, Шығыс халықтарының басты мейрамы саналатын – Ұлыстың ұлы күні турасында тартымды әңгіменің тиегін ағытты. Одан кейін мерекелік бағдарлама гала-концертке ұласты. Жи­нал­ған қауым «Бөбек» орта­лығы өнерпаздарының орын­­­дауындағы сан алуан көр­ністерді тамашалады. Халық әндері шырқалды. Театр­­лан­дырылған көріністер қо­йыл­ды. Керемет күйлер орындал­ды. Кең-байтақ, қонақ­жай Қазақ елінде тұрып жатқан өзге де халықтардың ұлттық билері биленіп, тарихи-мәдени композициялар қойылды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ