«Оқуға осылай түскенбіз»
...Орта мектепті бітірген соң әкей зоотехникалық, малшаруашылық саласында оқығанымды қалады. Өйткені өзі де өмір бойы сол салада қызмет еткен адам еді. Содан Қарахан деген досыма еріп «зооветке» оқуға түсу үшін Семейге аттандым. Шабан пойыз Жамбылдан Семейге дейін тура төрт күн жүрді. Жататын жер жоқ. Тамбурда түнеп, тамбурда ұйықтаймыз. Маған қарағанда Қарахан жол жүріп үйренген, аздап орысша біледі. Семейге келіп институтқа құжат тапсырдық. Менікі сол Қараханға ілесіп жүру. Оған сенгендігім соншалық, әуелі қандай факультетке құжат тапсырғанымды да білмеппін...
Қарахан күні-түні емтиханға дайындалады. Мен қаланы қыдырып, Ертіске шомылам кеп. Бір күні түс ауа әдетімше Ертіс жағасына барсам, анадай жерде бір топ кісі жиналып, жарыс өткізіп жатыр екен. Жарыстырып отырған қазақ. Шарты – өзеннің арғы жағасына малтып өтіп, қайта жүзіп келу. Жүзуден «ауылдың чемпионы» деген атым бар, делебем қозып, жарысты ұйымдастырушыға қалтамдағы бес сомымды ұстап жетіп бардым. Ол мені баласынып, маңына жолатпады. Мен жалынамын кеп.
Жалынып қоймаған соң әлгі кісі: «Онда өз обалың өзіңе, ұтылсаң ақшаңды сұрамайсың ғой?» деп жұрттың көзінше тағы бір анықтады да, «бар, ана топқа» деді. Кезегін күтіп тұрған топқа оныншы болып қосылдым. Қарсыластарым бойлары серейген орыс жігіттері. Төбемнен төніп қарайды.
Ұйымдастырушы қолындағы шелегін ұрып даңғыр еткізді. Біз өзенге гүмп-гүмп секірдік. Ә, дегеннен-ақ жұрттың алдына түстім. Ебіл-дебіл арғы бетке жүзіп шығып қарасам, басқалары өзеннің ортасынан енді асыпты. Ағынның ығымен төмен қиғаштап кетіппін. Жүгіріп отырып өрлеп алдым да, қайта кері тарттым. Жағаға жұрттан бұрын жеттім. Жарыстырушы қазақ арқамнан қағып, «маладесін» қайта-қайта айтып, қырық сомды қалтама салды да берді. Мен: «Ертең тағы келейін, қосасыз ба аға?» деймін. «Кел, кел» дейді, ол ойланбастан.
Өстіп шомылып жүргенде алғашқы емтихан да басталды. Химия пәні. Бір ауыз орысша білмеймін. Шалбарымның арты су-су. «Жарыстан» келген бетім. Емтихан алушы Бочкорева деген әйел:
– Сен соңғысың ба, басқа ешкім жоқ па? – деп қазақша сұрады.
– Жоқ.
– Ал, билетіңді!
Билетті алып, Қараханның қасына барып жайғастым. Аса қиын сұрақ емес. Қарасам Қараханның есебі күрделілеу екен. Тыныш отырмай оны шығарып беріп едім, әлгі әйел көріп қойып, дереу:
– Әй, кәне, бері кел, – деп қасына шақырып алды. Қолымда Қараханың билеті.
– Ал, кәне айтшы, білесің бе, мына сұрақты?
Қараханның билетінің сұрағына жауап бердім. Өз билетім жайына қалды. Маған «үш» қойды да, қасақана Қараханды «құлатып» жіберді. Оқудан құлаған Қарахан көңілсіз. Киім-кешегін шабаданына салып алып: «кетем» дейді. Мен: «кетпей тұра тұр, келесі емтиханнан мен де құлаймын, бірге кетеміз» деп, жатып кеп жалынамын. Қарахан көнді. Келесі емтихан биология пәні. Әдетімше ең соңында бардым.
– Әй, бала неғып жұрттың соңында жүрсің? – деп, емтихан алып отырған қазақ түріме қарап, миығынан күледі. Таңертеңнен кешке дейін судан шықпай, күнге күйіп, қарайып кеткенбіз.
– Кезегім ең соңынан еді, үлгеріп жеткенім осы болды, ағай.
– Қай облыстан келдің?
– Жамбылдан.
– Кәне, билетіңді ала ғой.
Ағайдың жүзі жылы, қабағы ашық. Билетті оқысам оп-оңай сұрақтар. Дереу жауап бердім, қосымша сұраққа да мүдірмедім.
– Өй, сен бәрін біліп тұрсың ғой, мә, саған «бес»!
Қарахан бұдан әрі шыдамады. Апыл-ғұпыл жиналып, кетті де қалды. Семейде жалғыз қалдым. Үш-төрт күннен соң қалған емтихандарды да тапсырып, оқуға қабылданғандардың тізімін күтемін ғой. Машинкамен терілген тізім шықты. Үңіліп кеп қараймын. Менің фамилиям жоқ. Сөйтсем тізімнің ең соңына кіп-кішкентай етіп, қолмен «Үшкемпіров Жақсылық» деп жазып қойыпты. Оқуға осылай түскенбіз қарағым!
«Мені күреске шығарған – шаңғы»
Семейде сол жылы қыс қатты болды. Ауылдан жеңілдеу киіммен шыққам. Тоңған соң арзандау күпәйке мен жұқа құлақшын сатып алдым. Аяқта керзі етік. Күпәйке мен етікті студент түгіл, қазір жұмысшы кимейді. Оны өзімше белін қынап, түймелерін ауыстырып қадап, сәндеп кием.
Оқу басталды. Денешынықтыру пәнінен Микрихов деген ұстаз шаңғы жарысын өткізеді. Мен жарыспақ түгіл, шаңғы бір жаққа, өзім бір жаққа ұшып түсем. Шаңғы теппесең «зачет» жоқ. «Зачетің» болмаса сессияға жібермейді. Оның артында оқудан шығу тұр. Шаңғы тебе алмағанның жазасы – спортзалда күрес кілемін тігу. Кілем тігуден көз ашпадым. Бар ойым «зачет» алу. Бір күні кілем жамап отыр едім ұлты кәріс Лю Вен Хан деген бапкер келіп:
– Не істеп жүрсің? – деді.
– Кілем тігіп отырмын, шаңғыдан «зачет» алуым керек.
– Күресе білесің бе? Егер ана баланы жықсаң «зачетыңды» мен-ақ қойдырып берейін.
Түріне қарасам қалжыңның адамы емес сияқты. Қарсыласым өзім құралпы бала. Дереу күресе кеттім. Әдіс-тәсіл дегенде шаруам жоқ. Ұстасқан бойда көтеріп соқтым. Бапкердің өзі менің қалай жыққанымды байқамай қалды. «Енді мына баламен күрес, соны жықсаң «зачетың» дайын», дейді.
Бұл бала еркін күресті меңгерген, жоғары курс студенті екен. Салмағы да ауырлау. Қарап жатқан мен жоқ. Оны да алып ұрдым. Хан ағай «зачетімді» сол күні қойдырып берді де, Микриховқа айтып шаңғыдан босатып алды. Мені күрес кілеміне шығарған – шаңғы. Дұрысы, шаңғы тебуден қашып, еркін күреске бардым.
«Атаң жаудан қайтпаған, қара бала, бас қамшыны!»
Ұзын-сонар қиындықтарды жеңіп, Мәскеу олимпиадасында да күресетін болдым. Күндіз-түні дайындалдым. Менің қасымнан Қабден аға Байдосов айналып шықпайды. Елжіреп қарап тұрады да, зор дауысымен: «Атаң жаудан қайтпаған, қара бала, бас қамшыны!» деп, жігерімді жанып қояды.
Олимпиада кілеміндегі бірінші қарсыласым – Константин Александру. Екіншісі – Роман Керпач болды. Белдесу алдында Қабден ағам: «Константиннен сенің күресің әлдеқайда артық. Сен алғашқы белдесуді сауатты өткіз. Күшің бар, тың кезіңде қарсыласыңды ұтып алуды ойла. Тек саспа, ақылмен күрес, сабырыңды жоғалтпа» деп, едәуір демеу сөздер айтты. Ағаның сөзі маған кәдімгідей қуат беріп кілемге еркін шықтым.
Олимпиададан өзге атақтың бәрін алып қойған Константин Александру нағыз зар күйінде екен. Шабуылды үсті-үстіне үдетті. Көзі от шашады. Күреске емес, төбелеске дайындалып шыққандай. Мен әдіс жасатпадым. Екінші кезең басында есепті 5:1-ге жеткіздім. Үшінші кезеңде екеуміз де бір-бір ұпайдан зорға алдық. Тоғызыншы минуттың соңына дейін кілемге жаңа шыққандай арпалыстық. Александруды 6:2 есебімен ұттым. Константин өте мықты балуан. Осы қалпында менімен емес, Керпачпен айқасқанда оны сөзсіз жеңетін еді.
Керпачтың бірінші белдесуі көбінде сәтсіз бітеді. Р.Керпач шүу дегенде венгр Ференц Шерештен бар-жоғы бір жарым минутта ұтылып қалды да, менімен күресерде ортаға буырқанып шықты. Алғашқы кезеңде бір секунд тыным алмай айқастық. Ұпай санын 11:0-ге жеткіздім. Екінші кезеңнің алғашқы екі минуты ішінде Керпач ұпай санын 11:10-ға жеткізді. Тура «танкі». Қорғанысқа бұзып-жарып кіреді. Бірақ өкпесі осалдау екен. Үшінші кезеңде шаршап қалды. Белдесу аяқталар тұста оңтайы келіп, екі ұпай алдым. Есеп 13:10. Роман Керпач осы екінші жеңілісінен соң жарыстан шығып қалды.
Адам шамадан тыс, өз мүмкіндігінен жоғары жылдамдықта қимылдап, күш жұмсаса, соңғы ащы тері шығады. Ал одан әрі зорланса ащы тер соңынан иісі мүңкіген аммиак шығады. Бұл адам бойынан бөлінетін ең соңғы сұйық. Одан әрі денеден дәнеңе шықпайды. Міне Керпачпен күрескенде менің үстімнен «аммиактың» иісі шықты.
Үшінші қарсыласым – Ференц Шереш жас болса да өте сауатты күресетін балуан. Сондықтан мен де барымды салдым. Ференцті 17:6 есебімен еркін ұттым.
Ақтық айқас болгар Павел Христовпен өтті. Ол 1979 жылғы әлем чемпионатында қола медаль алған, тәжірибелі балуан. Олимпиададан бұрын да кездескенбіз. Бір-біріміздің қыр-сырымызды жақсы білеміз. 1978 жылы Швецияның Гетеборг қаласында өткен халықаралық жарыстың финалында белдескен едік. Павел Христов «көпірге» тұрса, тура темірдей қатып қалады. Христовты «көпірден» құлатқан ешкім жоқ. Бірақ төрттағанға тұрудан да, төрттағаннан жұлып алудан да маған қарағанда әлсіздеу. Павел финалға дейін швед Кенн Андрессонды жеңіп, фин балуаны Рейе Хапарантаны 27:0 есебімен еркін ұтып шықты. Бірақ үшінші белдесуде Константин Александрудан ұтылып қалды.
Христовтың өзгелерден ерекше бір қасиеті әдістің сан түрін жасайды, ұтылып жатса да жанталаспайды. Қарсыласына өшпенділіктің нышанын да сездірмейді. Күштіні мойындай біледі екен. Белдесу аяқталғанда есеп 12:7 еді. Осылай Олимпиада чемпионы атандым.
Төреші қолымды көтерген сәтті бағып тұрған Қабден ағам жүгіріп келіп, мені қапсыра құшақтаған күйі кілемнен жұлып алып, тұра жөнелді. Жарықтық еңіреп жылап келеді. Мен болсам «аға қымыз беріңдерші, қымыз ішкім келеді» деппін ғой...
Жазып алған Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
журналист