Күрес • 30 Сәуір, 2018

Әбу-Дабиде өткен әлем біріншілігінде Жібек Құлымбетова чемпион атанды

1147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Жігітті жеңген Жібек» деген тақырыппен джиу-джитсумен айналысуды жастайынан жанына серік еткен алматылық мектеп оқушысы Жібек Құлымбетованың ер балалар арасындағы халықаралық турнирге қатысып, жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.

Әбу-Дабиде өткен әлем біріншілігінде Жібек Құлымбетова чемпион атанды

Сол мақаламызда «Бәлкім, болашақта үлкен додалар­да көк Туымызды көкте жел­бі­ретіп, Әнұранымызды әлем­ге тыңдататын спорт­шыла­рымыздың бірі осы қарша­дай қыз шығар? Жеңістерің көп болсын, Жібек!» деген ізгі тілекті барша оқырмандар атынан жолдаған едік. Күні кеше ғана Біріккен Араб Әмір­ліктерінің астанасы Әбу-Дабиден жеткен сүйінші хабар осы арман-тілегімізді ақиқатқа айнал­дырғандай болды. Өйткені Әбу-Даби қаласында өткен әлем біріншілігінің жасөспірімдер арасында еліміздің атынан өнер көрсеткен «Сағадат Батыр» спорт клубының қос бірдей спортшысы ел сенімін абыройлы қорғады. Нақтырақ айт­сақ, Жібек Құлымбетова (32 кило) чемпион атанса, Алина Махамбет (36 кило) қола ме­дальға қол жеткізді. Сон­­дай-ақ 13 жасар Бекзат Жаман­­бай (45 кило) жақсы өнер көрсетіп, әлем біріншілігінің қола жүлдесіне ие болды.

Қос спортшы қыздың жат­тық­тырушысы Нұрсұлтан Орын­­басаров әлем чемпио­натының жоғары дең­гейде өткенін, жа­рысқа әр мем­ле­кет­тің үздік спорт­шы­лары ғана қатысқанын айтады. Оның сөзінше, Жібектің таза салма­ғы 28 кило. Алайда жарыс ережесіне сай ең кіші салмақ 32 кило болғандықтан, Жібекке өзінен салмағы ауыр спортшы­лармен белдесуге тура келсе де бозкілемде кездес­кен үш қарсыласын да айқын басым­дықпен жеңген.

Жасы 11-ге енді ғана толған Жібек осыған дейін көптеген республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарды. Енді әлем біріншілігінің алтын медалі оның арманын одан әрі қанаттандыра түсетіні анық.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар