Қазақстан • 02 Мамыр, 2018

Өскеменде электробус сынақтан өткізіліп жатыр

341 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл электробус қазіргі уақытта облыс орталығында 30 күндік тестілеуден өтуде. Яғни қысы қытымыр, жазы жайдары әрі жауынды келетін Өскеменнің ауа-райына төзімділігі тексеріліп жатыр. Егер таңсық көлік сынақтан сүрінбей өтсе, тоқпен жүретін автобус шаһарда қоғамдық көлік ретінде пайдаланылуы әбден мүмкін.

Өскеменде электробус сынақтан өткізіліп жатыр

Отандық ғалымдарымыздың қытай мамандарымен бірлесе жасаған «Quazar» деп аталатын жоғары технологиялы электробустары біріншіден, Өскемен секілді ауасы ластанған қала үшін экологиялық тұрғыдан тиімді болса, екіншіден, дизельмен жүретін қарапайым автобустармен салыстырғанда бірнеше есе үнемді дейді мамандар. Фирма өкілдерінің айтуынша, қазір күнделікті қолданып жүрген автобустар күніне 250 шақырымға 125 литр отын жақса, электробустар бір ауысымда 189 кВт энергия жұмсайды. Айтпақшы, Өскеменге «жерсіндіріліп» жатқан электробус 1 мамыр күні облыс әкімі Даниал Ахметовке таныстырылды. «Бұл көліктерді әлі сатып алған жоқпыз. Өңір жолдарында өзін қалай көрсетеді, мүмкіндігі қандай, осыны нақтылау үшін №44 бағыттағы автобустың бағдарына жібердік», - дейді аймақ басшысы.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде өңірде қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, жақында Семейде 15 жаңа автобус іске қосылыпты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар