Қазақстан • 02 Мамыр, 2018

Ақтауда Каспий аймақтық бағдарламасы жасақталады

495 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Конференция жұмысына Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Орал, Түркістан және Мәскеудегі Пётр Ширшов атындағы Ресей ғылым академиясы океонология институтының өкілдері қатысты. 

Ақтауда Каспий аймақтық бағдарламасы жасақталады

Экология, әлеуметтік, медицина, білім, саясат, радиология саласындағы ғалымдар, «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының ардагерлері мен «Жастар қанаты» өкілдері, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар бас қосқан шара ішкі саясат басқармасының қолдауымен өңірлік коммуникациялар қызметі және профессор Ізімғали Көбенов бастаған «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының Батыс филиалы ұйымдастырды.

Басқосуда Маңғыстау облысындағы уран өндірісінің қалдықтарын жою және ядролық жарылыстар болған жерлерді залалсыздандыру, өңірдегі қазіргі экологиялық ахуал, қоршаған ортаны жақсарту бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндамалар жасалып, қатысушылардың ұсыныс пікірлері тыңдалды.  

Белгілі болғандай, құрамында химия өнеркәсібінің уран қалдықтары бар «Қошқар ата» қоймасын қалпына келтіру жұмыстары биыл басталмақ, ол үшін 17,5 млрд. теңге бөлінбек. Үкімет тарапынан қолдау тапқан жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бүгінде толықтай дайын тұр. Бағдарлама төрт жылға жалғасып, кезең-кезеңмен жүргізілмек.

Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының инспекторы Орынбасар Тоғжановтың айтуынша, «Қошқар ата» улы қоймасында 105 тонна отты қалдықтар жиналған, оның ішінде 51 млн. 90-мың тонна уран қалдықтары.

«2012-2014 жылдары Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ғалымдарымен бірлесе отырып экологиялық жүйеге әсері зерттелді. Әсіресе жанды ағзаға қалай әсер ететіндігі мұқият тексерілді. Үш жылдың ішінде санитарлық қорғау аймағында өмір сүретін жүздеген тірі жәндіктердің барлығында хромосомдар мен дезоксирибонуклеин қышқылында өзгерістер бар екендігі анықталды. Қалдық қоймасын толықтай залалсыздандыру жөніндегі жобалық-сметалық құжаттама жасалып, кеуіп кеткен 4279 гектар алқапты, қалыңдығы 30 см қиыршық тасты қалдық топырақпен көму көзделген. Мұндағы негізгі мақсаты, жел арқылы жан-жаққа тарап жатқан радионуклидтер мен ауыр металдардың ұшуына жол бермеу қажет. Қазір ең бастысы әлемдегі ең таңдаулы, ең тиімді жағы ұшпайтын топырақпен көму болып отыр. 17 млрд. 518 млн. теңге 4 жылға есептелген. 2018 жылы республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге қаралды, деді ол. Сондай-ақ, О. Тоғжанов зерттеу жұмыстары тек жануарлар, жәндіктер немесе өсімдіктермен шектелмейтінін атап өтті. Ал адамдарды зерттеу 2015 жылы басталған. Жалпы адам ағзасында азды көпті өзгерістер болып тұрады. Жергілікті тұрғындарды басқа өңірлермен салыстырып, мутация басталды деп айтуға ерте деген ол, үрей туғызып дәлелденген ресми ақпаратқа сенуге және зерттеу жұмыстарын жүргізілген ғылыми қызметкерлердің сөзіне сенуге шақырды.

Сондай-ақ, конференция кезінде белгілі болғандай, Каспий мәселесі бойынша аймақтық бағдарламаның қабылданатын күн алыс емес. Осылайша экологиялық, экономикалық, логистикалық, медициналық және әлеуметтік мәселелер кезең кезеңімен шешімін таппақ.

Конференцияға қатысқан ресей ғалымдары қазақстандық әріптестерінің барлық бастамаларын қолдайтынын жеткізіп, бірлесіп жұмыс жасауға мүдделі екендіктерін айтты. Атап айтқанда Мәскеудегі П.Ширшов атындағы Ресей ғылым академиясы океонология институты директорының орынбасары Петр Завьялов, Каспий теңізі проблемаларын толықтай зерттеу мүмкіндік жоғары екендігін және тәжірибелі мамандарды тартуға дайын екендігін айтып өтті.   

-Каспий теңізі жағалау аймағының экологиялық қауіпсіздігі және ластануын зерттеу мақсатында, «Yessenov University»-нің ғылыми қызметкерлерімен бірлесіп қоян-қолтық жұмыс жасау жөнінде келісімге келдік. Жер асты теңіз горизонты арқылы да теңізге түрлі қалдықтар араласып кетуі мүмкін, нәтижесінде Каспий теңізінің ластануы ғажап емес. Теориялық тұрғыдан қарайтын болсақ, қауіп жоқ емес. Сондықтан да, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қараған дұрыс. Қазіргі уақытта судың сынамалары алынып, зерттеу зертханасына жолданған соң кері әсері бар немесе жоқ екендігі белгілі болады, деді профессор Петр Завьялов.    

Сондай-ақ, конференция барысында белгілі болғандай, тау-кен металлургия комбинатының уран рудниктері карьерлерін зерттеу қажеттілігі туындаған. 2013 жылы барлығы 5 карьер зерттелген. Ашық жатқан карьерлердің периметр бойынша аумағы 23 метрді құраған. Уран рудасының орналасуы жер бетіне жақын емес, 60-100 метр тереңдікте орналасқан. Ал шұқырдың түбінде барлық уақытта жерасты су жатады және топырақ ылғалды болады, яғни қатты болғандықтан радионуклидтердің желмен ұшуы мүмкін емес. Сондықтан жан-жағындағы халыққа мұның зиянды әсері жоқ екендігі әбден зерттеліп дәлелденген. Кейбір борттың көмілген немесе құлаған жерлері бар, ол жерлерді қоршау жұмыстары жүргізілмек. Радиоактивті қалдықтардың Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының территориясында толықтай зерттеліп, 2005-2009 жылдары барығы 42 радиоактивті учаскелер толықтай тазаланған.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы