Қазақстан • 02 Мамыр, 2018

ЮНЕСКО-ның тұрақты өкілі түркілерді жақындастыратын нәрсені айтып берді

420 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЮНЕСКО-да өткен «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форумына қатысушылар да тағылымы мол тарих пен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерге арқа сүйеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі әлеміне қажет бастама екенін мәлімдеді.

ЮНЕСКО-ның тұрақты өкілі түркілерді жақындастыратын нәрсені айтып берді

Түркияның ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілі Ахмет Алтай Женгизер форумға көптеген ғалымдар, зерттеушілер және түркітанушылардың қатысуы жиынның мәртебесін арттыра түсетінін жеткізді. Ол түркі халықтарының түбірі ортақ тілі болғаны үшін өзара түсінісу оңай екенін айтып берді. Ол Кеңес одағы кезінде түркі әлемінің өзара байланысы алшақтағанымен, қазіргі таңда қарым-қатынасымыз нығайып келе жатқанына тоқталды.

«Әліпбидің халықтарды жақындастырудағы маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде түркі әлеміне ортақ әліпби қажет. Қазіргі таңда бұл бағытта ілкімді шаралар атқарылып жатыр. Таяуда Қазақстан латын қарпіне көшу туралы шешім қабылдады. Бұл – түркі әлемін жақындастыра түсетін қадам», деді А.Женгизер.

Сонымен қатар Түркия өкілі түркі халықтарын өзара байланысты жақсартуға талпынуға шақырды. Әсіресе, жойылып кету қаупі бар тілдер үшін бұл аса қажет. Мұның себебін жаңа технологиялардың жедел дамуының аз адам сөйлейтін тілдің тамырына балта шабу ықтималдығы бар екенімен түсіндірді. Оның пікірінше, адамзат болып жойылып кету қаупі бар тілдерді сақтауға талпыну керек.

Бұдан кейін мінберге көтерілген Халықаралық Түркі академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі осыдан 125 жыл бұрын Вильгелм Томсонның түркі руна жазуын алғаш оқығанын еске салып өтіп, оның тарихи маңызына тоқталды.

«Ресейлік түркітанушы Василий Радловтың Орхон жазуларын толықтай оқу арқылы Еуразия құрлығын мекен ететін халықтың өз жазуы мен мәдениеті болғанын дәлелдеді. Күлтегін, Білге, Тоныкөк жазулары Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи секілді ғалымдардың іргелі шығармаларымен жалғасты. Сол құтты керуеннің жалғасы іспетті XX ғасырда Мағжан Жұмабаев пен Шыңғыс Айтматовтың туындылары әлем әдебиетіне үлкен үлес қосты. Бұл – бізге берілген асыл қазына. Ендігі міндетіміз мәдени мұраларымызды келер ұрпаққа жеткізу», деді Д.Қыдырәлі.

Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының басшысы Гүней Эфендиева өз кезегінде іргелі жиын ұйымдастырғаны үшін Халықаралық Түркі академиясына алғыс айта келе, тілдің ұлт ретінде қалыптасудың, мәдениетті сақтап қалудың негізгі тірегі екенін ашып көрсетті.

Жалпы, «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» форумының маңызы ерекше. Біріншіден, түркілердің азаттығы үшін күрескен Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай мен Алимардан Топчубашы (Әзербайжан) осы Парижде эмиграцияда жүріп, түркі халықтары қозғалысына жетекшілік еткен. Яғни, түркілер үшін тер төккен тұлғалардың ізбасарлары олар жүрген елге жиналуы символдық мәнге ие. Екіншіден, ЮНЕСКО – мәдени мұраларды сақтауға ден қоятын іргелі ұйым. Осындай мекеменің штаб-пәтерінде ауқымды шара өткізу кез келгенге бұйыра бермейтін мүмкіндік. Үшіншіден, форум жұмысына Еуразия құрлығының әр түкпірінен танымал ғалымдар мен зерттеушілер жиналды. Мұның өзі жиынның салмағын арттыра түседі.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан» – ПАРИЖ

Суретті түсірген Физули МЕДЖИДЛИ