Тарих • 03 Мамыр, 2018

Ресей музейлеріне Абай тапсырған жәдігерлер

749 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абайға қатысты әрбір дерек ақынды әр қырынан тануда маңызы зор айғақ болып табылады.

Ресей музейлеріне Абай тапсырған жәдігерлер

Ұлы ақын мұрасын насихат­таумен қоса, қорды молайтып,­ құнды деректер жинауды жүргі­зіп келе жатқан Абайдың қорық-мұражайы Омбы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Түмен, Қазан, Таш­кент қалаларындағы мұрағат, ғы­лыми кітапханалармен тығыз бай­ланыс орнатқан. Жоғарыдағы қалалардан табылған Өскенбай, Құнанбай, Абай, Халиолла, Әб­дірахман, Майбасар, Тінібай, Шың­ғыс және т.б. тарихи адам­дарға қатысты архив деректері мұражайдың негізгі қорын то­лық­тыра түсті.

Осы бағытта Мәскеу, Ом­бы­­ қалаларының мұрағат­та­ры,­ мұ­­ра­­жайлары мен ғылы­ми кі­тап­хана қорларында ғы­лы­ми-зерт­теу жұмыстары жалғас­ты­рыл­ды. Абай айналасындағы та­­рихи тұлғалардың қоғамдық қыз­меті айқындалып, мұражай қоры шығармашылық мұрала­рына қатысты деректермен, қол­жазбалармен, сирек басылымдармен толықты. Нақтырақ айтқанда, соңғы жылдары Абай, Шәкәрім, Көкбай, Ысқақ Құнанбаев, Ақыл­бай, Мағауия Абай ұлдары, Әзім­бай Тәңірбердіұлы, Тінібай Кукенов, Әріп Тәңірбергенов, т.б. адамдарға қатысты болыстыққа сай­лануы, марапаттау қағаздары және өзге де мәселелерге байланысты біршама жаңа деректер табылды.

Ғұлама Мұхтар Әуезов «Абай юбилейі туралы» жә­не­ «Зерт­теушілерге» атты мақа­лаларын­да ол мұрағат құжаттарын зерттеу қаншалықты маңызды екені турасында: «...Абайдың өмірі, ісін зерттеу ретінде де бірталай тың жұмыстар бар. Оның ең үлкені – Семейдің архивін тексеру. Жандарал, ояз кеңселері мен облыстық, ояздық соттар архиві көп мағлұматтар беруі тиіс еді. ...Жалғыз Семей емес, Степной генерал-губернатордың тұрған жері – Омск қаласының архивін де зерттеу керек...» (11-том, 151-153 бет) деп бағыт-бағдар беріп, жол сілтегені көпке мәлім.

2011 жылы Абай мұражайы­ның Омбы қаласының орталық архивіне ұйымдастырған іссапар барысындағы зерттеу, іздеу жұ­мыстары да нәтижесіз болған жоқ. Соның бірі – ХХ ғасырдың бастапқы төрт-ақ жылын көрген ақынның өмiрiне қатысты архив дерегінің табылуы.

Атап айтсақ мұрағаттағы «До­ку­менты (список экспонатов, акт, переписка) об участии отдела на международной выс­тавке в Санкт-Петербурге» деген бума (86-қор, 1-тізбе, 121-іс) құжаттарынан. Абайдың бір ғасыр бұрын, дәлірек айтқанда 1902 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен Ха­лық­аралық әлем халықтары кос­тюмдерінің көрмесіне екі киім үлгісін («костюм­ мальчика и киргиза») жі­бер­­ген­­дігі туралы де­рек­ті кез­дес­тірдік.

Құжаттың 9-бетіндегі Ресей императорлық жағрапиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің бланкісінде жазылған хаттың маз­­мұнын қазақша аударсақ, былай болар еді:

Нұрмұхамед Сағынаев мыр­заға!

Императорлық жағрапиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің ат­қа­ру комитеті Сізге ұлы мәр­­тебелі ханшайым Ксения Алек­сан­­дров­наның қамқорлығы­мен биылғы жылдың қараша айын­­­­да С.Петербургте ұйым­­­­дасты­ры­латын халықаралық көрмеге төменде тізімде көр­сетілген кос­­­­тюмдерді жинас­ты­руыңызды жә­не жібе­руіңіз­ді өті­ніп сұрайды.

Жібе­рілген костюмдер көрме аяқталғаннан кейін алғыспен қайтарылады. Костюмдерді посылка түрінде мына мекенжайға жіберу қажет: Омбы, Батыс Сі­бір бөлімі. Поштамен жіберу шы­­ғындарын бөлім өз мойнына ала­ды.

Буманың 10-бетінде дәл осы мазмұндағы жазбаның со­ңында берілген көрмеге қажет кос­тюм­дердің тізбесі ерлер, әйел­дер,­ ұл бала, қыз бала, күйеу ба­ла мен ұзатылған қыз киімі деп топталады. Беттің екінші бө­лігінде хабарландырудың араб­ша жазумен жазылған аудармасы бар.

Осы беттің бас жағындағы «қыр­ғызша мәтінді 20-50 данаға облыстық баспаханаға тапсыру. 27.VІ.1902 ж.» деген жазбадан көр­менің нақты өткізілген жылын анықтай аламыз.

Қоғамдық қызметке белсене араласып, әртүрлі қоғамдарға мүше болған Абай Ақмола, Ат­басар уездерінің бай, болыс­тарымен бірге көрмеге заттар жі­берген. Бұдан бұрын да, яғни Семейдегі 1883 жылы ашылған өл­кетану музейіне қазақтың этно­­графиялық заттарын өз қо­лы­­мен тапсырғаны мәлім.

12-бетке зер салсақ, атал­­мыш көрмеге атақ-даңқы талай атырапқа жеткен қазақтың көзі ашық адамдары, болыс­тар, байлар мен билердің осы оқиға дүрмегіне араласып, атсалыс­қандығын көреміз. Олардың аты-жөні мен ұсынған киім үл­гілерінің тізімін сол нұсқада бер­генді жөн көрдік:

1.Нурм.Сагнаев костюмы:киргиза и девочки

2.Темур. Нурекин кир­­гизки и мальчика

3.Джангр. Бегалин жениха и невесты

 4.Мейрам Джанайдар  жениха и невесты

5.Махмуту Валих. киргизки и девочки

6.Ибраю Кунамбаеву               киргиза и мальчика

7.Оразбаю Аккулину жениха и невесты

8.Садуакасу Чорман киргиза и девочки

9.Садуакасу Коппаеву киргизки и мальчика

Сонымен бірге бұл тізімге қо­сым­ша Қарқаралы уезі, Ақбота бо­лысы Әлімбетовтің де заттар жібергендігі, көрмедегі кейбір зат­тардың жоғалғандығын өзге де дерек – буманың 77-бетіндегі Әли­хан Бөкейхановтың 1904 жыл­дың 14 қазанындағы хаты растайды.

Императорлық жағрапиялық қо­ғамы Батыс Сібір бөлімінің мүшесі Ә.Бөкейханов атқару коми­тетіне жазған хатында сыр­қаттанып қалуына байланыс­ты комитет мәжілісіне қатыса алмай­тындығын айта келе, «...Петр Андреевич атқару комитетіне Қарқаралы уезі, Ақбота болысы Әлім­бетовтің көрмеде жоғалған екі затының құнын алудан бас тартатындығы туралы маған жіберген хатын жеткізеді».

Ақын өз ұрпағына тек өзінің өлең-жыр, ән мен күй мұрасын ғана емес, қазақ халқының этнографиясынан, сол кездегі тұрмыс-тір­шілігінен сыр шертетін, бү­гінде Абай мұражайының тө­рінде тұрған, 1885 жылы орыс досы Н.Долгополов арқылы тап­сырған құнды заттарын да мұра етіп қалдырды.

Шынар САДЫҚОВА,

«Абай» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми хатшысы