Үкімет • 03 Мамыр, 2018

ЕО Елшісі Қазақстанның мемлекеттік наградасымен марапатталды

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жақын арада дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы Траян Христеаны қабылдады.

ЕО Елшісі Қазақстанның мемлекеттік наградасымен марапатталды

Қ.Әбдірахманов Т.Христеаның Қазақстан Республикасы мен Еуроодақ арасындағы саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық өзара ықпалдастықты дамытуға және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған тиімді қызметін ерекше атап өтті.

Кездесу барысында 2015 жылы Қазақстан және ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюлуы екіжақты қарым-қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтергені сөз етілді. Келісім ынтымақтастықтың 29 саласын қамтып, 2016 жылдың 1 мамырынан бастап жартылай қолданысқа енген болатын. Ол Еуроодақтың барлық 28 мүше елдерімен және Еуропарламентпен ратификациялануынан кейін толық күшіне енетін болады. Қазіргі таңда Келісім ЕО-ның 23 мемлекетімен және Еуропарламентпен мақұлданды.

Тараптар екі жақты сауданы одан әрі кеңейту және әртараптандыру, Қазақстан азаматтарына визалық режимді жеңілдету, сондай-ақ ЕО-Орталық Азия форматындағы ынтымақтастықты тереңдету бойынша жоспарларды талқылады. Сонымен қатар, 2018 жылғы 10-11 мамырға жоспарланған Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ Парламенттік Комитетінің жыл сайынғы отырысына ерекше назар аударылды. Бұл институт 1999 жылдан бері жұмыс істеп, екі жақты парламентаралық диалогтың тиімді алаңына айналды.

Қ.Әбдірахманов Еуроодақ Елшісіне мемлекеттік награда – Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын салтанатты түрде табыстады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тиісті Жарлығында Т.Христеа Қазақстан Республикасы және Еуропалық Одақ арасындағы табысты ынтымақтастықты дамытуға сіңірген еңбегі үшін жоғары награда беріліп отырғаны атап өтілген.

Т.Христеа екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалағаны үшін Қазақстан Республикасының басшылығына және ЕО Өкілдігімен нәтижелі өзара іс-қимылы үшін сыртқы саяси ведомствоға алғысын білдірді.

Кездесудің соңында Еуроодақ елшісі Қ.Әбдірахмановқа Еуроодақтың Аргентина, Үндістан, ОАР тәрізді стратегиялық серіктес елдерімен қатар Қазақстанға техникалық және қаржылық көмек көрсету, озық тәжірибе мен білім табыстау, үшжақты жобаларды іске асыру бойынша пилоттық режимде арнайы шарттар берілетіні туралы Еуропалық Комиссияның шешімі туралы хабарлады.