Сөз сойыл №59

Егемен Қазақстан
04.05.2018 11826
2

Бізден де бір өтініш

«Қымбатты – күнделікті пенде атаулының туған күніне орай – жылы лебіз білдіре ән-әуен жолдап отыратын «Музыкалық сәлем» бағдарламасының қызметкерлері! Бізден де бір өтініш – №12 шағын ауданда тұратын – жасырын аты Мухомор Гришкаға бір ән жолдасаңыздар екен. Бірден айтайық, Гришка деген – өте нашар адам. Оның нашарлығын – біз тұратын бүкіл шағын аудан тұрғындары қос қолдарын көтеріп дәлелдей алады. Мұндай антұрған, әй, бізден басқа жер әлемде жоқ шығар және қайта тумас та деп ойлаймын.

Біріншіден, ол – таза алқаш. Алқаш болғанда – кетіп қалған. Кетіп қалғанда – анау әтірдің ең сорлысынан тартып, этиловый спиртіңді де ішіп, кей-кейде «құрамында спирт бар» деп етік майды нанға жағып жеп жатқанын көргендер де бар.

Екіншіден, жатыпішер жалқау. Ғұмыры­ның 36 жасында (оның 6 жылын қоғамдық еңбекпен түзейтін жерде отырып келген) бір жерде тұрақтап бір айдан аса еңбек етіп көрмепті.

Үшіншіден, түр-сықпытына қарамай қатынқұмар ит. Айтуға қарағанда – осы шағын аудандағы 67 жастан төменгі әйел заты атаулыдан – бұл қолын жайып, жүрегін ұсынбаған ешкім қалмаған көрінеді. 

Төртіншіден, жүрген жері айқай-шу, ырың-жырың. Мәселен, өзінің мойындауы бойынша осы күнге дейін – 127 терезе шағып, 64 тіс қағып, пәленбай бас жарып... айта берсе, тізе берсе таңға отырасың...

Сондықтан қадірлі «Музыкалық сәлем»: ертең сол Мухомор иттің туған күні еді... Өтініп сұрарымыз: сол тумай туа шөккірге арнап, қазалы марш болса тіпті қатып кетер еді, бір қайдағы жоқ алқа-салқа қаңғыбасқа өлең арна­саңыздар екен.

Сәлеммен №12 шағын аудан тұрғындары».

Михаил НЕМЧЕНКО

 

ДӘРІГЕРЛІК «ТҰШПАРА»

Бір топ әріптестері аурухана төсегінде сандырақтап жатқан шенеуніктің халін сұрауға келеді. Дәрігер: 

– Халі нашар, сіздерді танымауы мүмкін. 

Сонда да үміттерін үзбеген әріптес­тері палатаға кіреді.  

Науқас: 

– Өңшең парақорлар! Жәдігөйлер! Өтірікшілер!  

Әріптестері дәрігерге: 

– Дегенмен ол бізді танып жатқан сияқты ғой...

*  *  *

 Күйеуі байқамай үремкеде құюлы тұрған бензинді ішіп қойып, шыдай алмай үйдің ішін айналып зыр жүгіріп жүреді. Әйелі дәрігерге телефон соғып: 

 – Дәрігер, тез жетіңіз, менің күйеуім бензин ішіп қойып үйдің ішін айналып жүгіріп жүр, – десе, ол сас­пастан: 

 – Қиналмай-ақ қойыңыз, бензині біткесін өзі-ақ тоқтайды, – деген екен. 

*  *  *

  Дәріханашы кітап дүкенін аралап жүріп:

– Мына кітап қалай, қызық па? – деп сұрайды сатушыдан.

– Білмеймін, оқымаппын.

– Сен қалайша өзің оқымаған кітапты өзгелерге сатасың?!

– Ал сен дәріханадағы дәрілердің бәрін ішіп көріп пе едің?!

*  *  *

Тіс дәрігері тісін жұлып болған соң емделушіге:

– Мені қара басып сіздің сау тісіңізді жұлып алыппын... Тағы да қайтадан ауру тісіңізді жұлуға тура келіп тұрғаны... – деп қапаланғанда, оған емделуші:

– Дәрігер мырза, сіздің көз дәрігері болмағаныңыз мен үшін үлкен бақыт! – деген екен.

 

Мағынасы майысқан мақалдар

Парақордың баласы теңгеден көзін алмайды.

*  *  *

Қазынадан қымқырғанның қарны ашпайды.

*  *  *

Бастық болсаң басынарсың,
Өсе беруге асығарсың.

*  *  *

Жемқордың да бәрінен жеритін кезі болады.

*  *  *

Оңай табыс – олжа ғой,
Үнемі солай болса ғой.

*  *  *

Қуды қулығы құтқарар.

*  *  *

Жемқор жемқорға жақын жүреді.

*  *  *

Қазынадан ұрлаған қаржы сұрамас.

*  *  *

Жемқор – жаудан бетер.

*  *  *

Жемқорды құлқыны асырар.

*  *  *

Асасаң аш қалмайсың.

*  *  *

Алмасаң азапқа қаларсың.

*  *  *

Тағыңмен мақтанба,
Тапқаныңмен мақтан.

*  *  *

Талаптыдан теңге артық.

*  *  *

Қызғаншақ қарап жүріп қиналады.

*  *  *

Мылжың мидың соры.

*  *  *

Жемқордан – үйрен,
Жей алмайтыннан – жирен.

*  *  *

Жөні келсе жайынды да жұтарсың.

*  *  *

Тақ қадірден де қымбат.

*  *  *

Өзімшіл өзін де аямас.

Үміт ЗҰЛХАРОВА
 Алматы

 

Шолақ мылтық

Егде тарт­қан профессор аяңдап көшеде келе жатыр еді, жанына бір ғажап көлік ыш­қына тоқтап, одан бір мығым жігіт ағасы се­кіріп түсіп: «Қадірлі профессор, сіз мені та­ны­мадыңыз-ау деймін?! Мен сіз басқарған ка­федрада ассистент болып істегенмін. Қазір пар­ламенттегі ғылым комитетінде басшымын. Мүм­кіндігіңіз болғанда соғыңыз, кең отырып әңгі­мелесейік», – деп мекенжай тізбесін беріп кете барды.

Профессор келесі кең көшенің жиегінде келе жатыр еді, тағы бір мығым көлік тақымдап кіді­ріп, одан бір сылқым бикеш сүйретіле түсіп: «Профессор мырза, мені танымадыңыз ба?! Бір кездегі аспирантыңызбын ғой! Қала әкіміне тұрмысқа шыққанмын. Үйге келіңіз, болмаса бір мықты жерде кездесейік», – деп жатыр.

Профессор одан да құтылып, үй жанындағы қоқыс жанынан өте беріп еді, жәшіктерді қопарып-ақтарып жатқан сұрықсыз біреу: 

– Профессор, қалайсыз?! Денсаулығыңыз нешік? – дегені.

Ғалым шошып кетіп:

– Не, сіз де менің кафедрамда істеп пе едіңіз?! – деп еді, анау ыржия:

– Істеппеңізді түсінбедім... қазірде сонда қызметтемін... – дегені.

 

Тілталқы 

– Үйретті, үйретті, үйретті!
О-ой, үйрете алмады...
Әншейін үміттендіріп қойып, 
Тағы да алдады!
– Сіз ондай
Ескі гөй-гөйді тастаңыз!
Қазақша сөйлеуді
Өзіңізден бастаңыз!
Бұл да беріспеді:
– Жақсы, мен бастайын,
Сіз оны қоштаңыз! 
– Ол үшін сіз саспаңыз... –
Осы кезде 
Үшінші біреу киіп кетті,
Киіп кетті де
Екеуін бірдей түйіп кетті.
«Сіз» бен «біз» кімбіз? 
Әншейін ешқашан бірігіп
Тасқа айналмайтын құмбыз.
– Сіз өйтіп, 
Көпке тіл тигізбеңіз.
– Ендеше,
Қалақайға малақай кигізбеңіз.
Біздің қуып жүргеніміз – елес!
Мәселе
«Сіз» бен «бізде» емес!
– Неге керек осындай егес?
Мемлекеттік тілді үйренуге 
Тіл үшін миллиардтап
Бөліп жатырмыз қаржыны.
– Тыңдай-тыңдай осыны
Біреулер, тіпті, алжыды!
Ол әншейін биліктің
Жүйкеге ши жүгірткен қалжыңы! 
Сол миллиардтар
Жіберілді деген тұсқа барсаңыз,
Таңдайлары тақ-тұқ!
Үстелдерінің үсті шақ-шұқ
Соғылып жатқан бильярдтар!
– Міне-міне, сол жерлерде
Тілді үйрететін үйірме бар.
Сол үйірге бар!
Шығарылған сөздіктер,
Тіл үйрету құралдары бар...
– Солай деп жұртты құр алдадыңдар.
Тіліміз додаға түскелі
Баланың өзі іштегі
«Сақалы шығып жат болды».
Бөлінді деген миллиардтар
Ізім-ғайым сап болды,
Толмайтын құдыққа тап болды.
– Сіз олай күнә көтермеңіз,
Әдістеме алдырдық шетелден біз. 
Ол дегеніңіз бұл жолдағы
Кедергі біткенді күйретеді екен.
Тілді прәмі
Бір аптада үйретеді екен!
– Ендеше, сол үйретуді неге
Жылдардан жылдарға 
Сүйретеді екен? 
– Ол енді
Басқа әңгіменің тақырыбы.
Анау билік басындағылар
Қазақша сөйлесе, тамақтарын
Бітеп тастайды қақырығы.
Сондықтан оның 
Қаржысын ғана пайдаланады.
Болмаса, 
Емін-еркін сайраңдайтын
Қаражатты қайдан алады?
Міне, бұл да болса
«Тіл үйренудің» пайдасы!
Қарасаңдаршы жайға осы!
Тілді бірден үйреніп алса, 
Жыл сайын
Миллиардтап қаржы бөлгізетін
Таусылып қалмай ма айласы?!
Осыны бір сәт ойлашы! 
Ішіп-жеміміміз көбейсін!
Көбейсін!
Көбейсін!
Өзің кедейсің.
Тіл, тіл демей,
Тіліңді тістеп жүрсең,
Саған да бірдеңе тигізейік,
Кәне, 
Бұған не дейсің?! 

Кемелбек ШАМАТАЙ

АЛМАТЫ

 

Пара беруді білесің бе?

Осы бар ғой, біздер үйде отырып алып әкімдерді кінәлаймыз. Пара алады дейміз, анау екен, мынау екен дейміз. Сөйтсек пара алу да, пара беру де үлкен өнер екен ғой. Тіпті бір үлкен шоу, сахналық қойылым десе де болады. Шынымды айтсам, өзім осыны басымнан өткерген соң әкімдерді керемет сыйлайтын болып кеттім.

Әңгіме былай. Үйімнің артындағы ешкімге керексіз бір-екі «сотық» жерді заңдастырып алам ба деп ойлағанмын. Сөйтсем бұл, Құдай басқа салмасын, шешілуі қиын шаруа екен. Аудандық жер комитетіне барып едім, «әкім қол қоймай ештеңе істей алмаймыз» деп ат-тондарын ала қашты. Ал сырт естуім, әкім мырза әркімнің қағазына қол қоя бермейді екен. Бұл рас та болса керек, өйткені ол кісінің атына жазған өтінішім бір жылдан бері хабарсыз жатыр.

Мықтыгүл үйде Құдайдың құтты күні құлағымның етін жейді:

– Әй, сен сияқтылардың бәрі әкімге пара беріп шешіп жатыр екен ғой шаруаларын, бірдеңе тауып апарып қыстырсайшы қолына!

– Ойбай-ау, Мықташ-ау, ертең мені пара бергіш деп жетелеп апарып жауып тастаса қайтем?! Қазір парақорлыққа қарсы күрес жүріп жатқанын білесің ғой. Және әкім мырзаны сырттай бірер мәрте көрдім, аса сыпайы, галстук таққан азамат екен, пара алатын кісіге ұқсамайды.

– Әй, нақұрыс, галстук байлаған адам пара алмайды деп кім айтты саған?! Алса, солар алсын! Сен әуелі ана Дымқыл сұмырайға барып жолықшы, әкімнің тілін тауып, төрт-бес дүкен ұстап отыр ғой. Сені досым дегенде сондай, айтсын ақылын!

Амалсыздан сүмірейіп Дымқылға жеттім. Әдеттегідей қарызға ақша сұрай келді деп ойласа керек, сәлемімді құлықсыз алды. Келген шаруамды айттым. Әкімге параны қалай берем, сомасы қанша болуы керек деп сұраймын ғой баяғы. Мені тісін шұқып отырып тыңдаған Дымқыл:
– Әмияның бар ма? – деген төтеншелеу сұрақ қойды.

– Бар, – деп, қалтамнан көнетоздау әмиянымды алып көрсеттім.

– Андағың болмайды, дұрыстау әмиян сатып ал, содан кейін ішіне 10 мың теңге сал.

Сөйтіп Дымқыл досым сол жерде әкімге қалай пара берудің «механизмін» түсіндіріп берді.

Қойшы, сонымен ертеңінде Дымқылдың жасап берген сценарийі бойынша өлдім-талдым дегенде түс ауа әкімге де кірдім-ау. Шаруамды айтып едім, әкім мырза салғырт тыңдап, бара бер, тағы бір келерсің деді. Жақсы деп, есікке қарай бұрыла бере әмиянымды жерге тастап жібердім де, әкімге қарай бұрылып:

– Ой, кешіріңіз, мына бір әмиян жерде жатыр екен, сіздікі емес пе байқамай түсіп қалған? – дедім де, Дымқылдың үйретуі бойынша жерден көтеріп алып, ашып қарадым.

– Не бар екен-ей ішінде?! – деді әкім сәл елең еткендей болып.

– Он мың теңге...

– Әй, сен мені кім деп тұрсың, ә?! Есіңде болсын, менің әмиянымда 200 мыңнан кем ақша жүрмейді!

Бітті осымен әңгіме. Шыға сала жүгіріп Дымқыл досыма келіп, солай да солай деп, болған жайды баяндап бердім.

– Түсінікті! – деді Дымқыл тәжірибелі адамның кейпімен. – Бұрын 150 мың еді, енді «кризиске» байланысты 200 мың болған ғой. Жарайды, белгілі болды сомасы, енді осыны та­уып апарып бер!

Сөйтіп шағын несие алып, көршілерге қарызданып дегендей, әкімнің сұраған сомасын апарып бердім. Жұмыссыз жүрсем де, әупірімдеп несиемді төлеп жатырмын шама келгенше. Басқа амал жоқ, енді не істеймін? Бірақ бар ғой, ең бастысы әкімге пара берудің әдісін үйреніп алдым. Енді, Құдайға шүкір, мен де біреуге ақыл айта аламын!

Сайлау БАЙБОСЫН

Екібастұз

Мүйісті жүргізетін Берік Садыр 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.03.2019

Мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент лауазымына кірісуімен құттықтады

21.03.2019

Қазақстан Шотландияны 3-0 есебімен ұтты

21.03.2019

Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаев Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті

21.03.2019

Н.Назарбаев Армения Президенті Армен Саркисянмен телефон арқылы сөйлесті

21.03.2019

Назарбаев Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті

21.03.2019

Қазақстан-Испания экономикалық ынтымақтастық Мадридте талқыланды

21.03.2019

Назарбаев пен Тоқаев Путинмен телефон арқылы сөйлесті

21.03.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мерекесіне орай құттықтауы

21.03.2019

Ономастика комиссиясы Қостанайдағы Абай даңғылының орнына басқа көшені таңдауды ұсынды

21.03.2019

Қостанайда  халықаралық медиа форум өтті

21.03.2019

Елордада Наурыз мерекесі тойланды

21.03.2019

«Астана Опера» Наурызды жаңа форматта атап өтті

21.03.2019

Біз астаналықтар болып қала береміз - Бақыт Сұлтанов

21.03.2019

Таразда сауықтыру орталығы ашылды

21.03.2019

Әулиеатадағы әсерлі мереке

21.03.2019

Тараз қаласында жастарға арналған аллея ашылды

21.03.2019

Ономастикалық комиссия көше атауларының өзгеруін қолдады

21.03.2019

Назарбаев пен Тоқаев Наурыз мейрамына қатысты

21.03.2019

Наурыз мейрамын ЮНЕСКО-да атап өтті

21.03.2019

Наурыз мейрамында шаңырақ көтерген жастарға Нұрсұлтан Назарбаев ақ батасын берді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Etjeńdi balalar

Qoǵam kóz jumyp qaraı almaıtyn máse­lelerdiń basynda bala densaýlyǵy tur. Bú­gin­de mańaıymyzǵa zerdelep qaraıtyn bolsaq, tyǵynshyqtaı, tolyq jasóspirimder kó­beıe túsken. Semizdik – aýrý bolyp esep­teletindikten, qazirgi ýaqytta dıspanserlik esep­ke alynady. Sábı saýlyǵy ana qursaǵyna bit­­ken kúnnen bastap qalyptasatyndyǵyn al­dymen ata-anasy túsinýi qajet.

Amangeldi QURMET,

Igi bastama ult tanymymen úılesýi tıis

Keıde qazaq qoǵamyndaǵy oqıǵalar men qubylystarǵa nazar aýdarǵan kezde «Biz ózi­mizimdi ózimiz tolyq tanymaımyz-aý osy» degen oıǵa qalatynymyz bar. Árıne, qa­zaq ekenimizdi, bizdiń de tanym-túısigimiz, dúnıetanymymyz, ar­man-ańsarymyz, muraty­myz bar ekenin bilemiz. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Алты жасар Алпамыстың арманы не еді?

«Білесің бе, оқитын болсам тез өсіп, үлкен бастық болам. Оқуды да тез бітіремін. Тез келіншек аламын. Сосын менің он екі ұлым болады. Оның бірі колхоз бастығы, екіншісі агроном, үшіншісі мұғалім, бәрі де үлкен-үлкен бастық болады...»

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Kúmis tostaǵandaǵy kóne álipbı

Kóne órkenıet oshaqtarynan urpaqqa mura bolyp qalǵan qundy dúnıelerdiń bi­ri – adamzattyń aqyl-oıyn taspalaǵan jazý­lar. Elbasy «Uly dalanyń jeti qyry» atty ma­qalasynda Esik qorymynan tabylǵan «Altyn adamnyń» janyndaǵy kúmis tosta­ǵan­dardyń birinde oıyp jazylǵan tańba­lar bar ekenin aıta kelip, «Bul – Ortalyq Azıa aýma­ǵynan buryn-sońdy tabylǵan jazý ataýlynyń ishindegi eń kónesi» degen bolatyn.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

«Jaqsy kitap – jan azyǵy»

Kitap oqıtyn jáne oqymaıtyn adamdardyń alshaqtyǵy árqashan kózge kórinip turady. Alǵashqylardyń oıy tereńdeý, tili sheshendeý bolsa, sońǵylardyń tili tutqyr, aýzynan sózi túsip turatynyn jıi kóresiz. Máseleni jaqsy bilip tursa da, ondaılar oıyn jetkize almaı, ábden qysylady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу