Аймақтар • 04 Мамыр, 2018

Көкшетауда күрестен Талғат Ғазизовты еске алуға арналған жарыс өтті

508 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласының іргесіндегі Ақкөл ауылында Ақмола және Сол­түс­­тік Қазақстан облыстары аудан­­дарынан келген жүзге тарта боз кілем шеберлері өзара сайыс­қа түсіп, күрес өнерінің көрігін қыз­­дыр­ды. Бұл додалы жарыс – Зерен­­ді аудандық жасөс­пірімдер спорт мек­тебінің жар­ты ғасырлық тойы мен спорт­тың осы бір түрінен рес­пуб­­ли­ка­лық және халықаралық жарыс­тар­дың жүл­дегері, жас бапкер, марқұм Талғат Ғазизовты еске алуға арналды.

Көкшетауда күрестен Талғат Ғазизовты еске алуға арналған жарыс өтті

Талғат өзінің қысқа ғұмырында спорт­тың талай белестерін бағындырды. Ал­ғашқы жаттықтырушысы Марат Жар­мағамбетовтен тәлім алып, Қызыл­ту­дың күрес мектебінен түлеп ұшқан Тал­ғат Ғазизов алдымен Амангелді ауы­лын­да бозкілем әліппесін үйренді. Кейін Қарағанды қаласындағы «Денешынық­тыру және спорт» техникумына оқуға қабыл­данды. Осы жылдары талантты жігіт іргелі жарыстарға қатысып, ел намысын абыроймен қорғаған еді. Сол аталған күрес мектебін бітіріп келгесін Қызылту ауда­нына қарасты Өндіріс ауылында бал­дырғандарды күреске үйретті. Бапкер болып жүрген кезінде бір отбасы мен туыс­тарына пышақ жұмсаған қарақшыдан адамдарды қорғаймын деп араша түскенде мерт болған-ды. Оның бар саналы ғұмыры спорт пен адамдарға жанашырлық жасауға арналды. Бұл шараның негізгі арқауы да – елім деп өткен ер ұланға тағзым ету еді.

Ақкөл ауылындағы бұл жарысты ұйым­дастыруға бастама көтерген де оның алғашқы ұстазы Марат Жармағамбетов пен жерлесі, күрестен Азияның қола жүлдегері, республиканың бірнеше дүр­кін чемпионы Нұрбек Қаржанов. Ал Тал­ғаттың досы әлем біріншілігінің қаты­су­шысы, республика және халық­ара­лық жарыстардың чемпионы, белгілі балуан Бауыржан Мәдимұхамедов онға тарта команда қатысқан турнирдің бас­ты демеушісі болды. Кішкентай ғана ауылдың шағын кілемінде жүздеген бала белдесіп, өзара күш сынасқандарын көріп, қуандық. Алыптар да ауылдан шықпаушы ма еді. Екі облыстың шалғай ауылдарынан келген жас балуандардың көзінен от байқағандай болдық. Шаң қауып, жеңілістің дәмін татқандар да жанарларына жас алып, намыстан жылағаны көп ойға жетеледі. Осы арада атақты Қажымұқан бабамыздың Омбының циркінде алғаш күрескен сәті еске түсті. Үлкен кілемге жол ашқан сол күресі талай адамды таң­ғалдырып еді. Бәлкім Ақкөлдің де аядай ғана боз кілемі талай дарындарды тәрбиелемесіне кім кепіл.

 Біз жарыс барысында осы Ақкөлде балаларды белдесу өнеріне баулып жүрген Нұрбек Қаржановты сөзге тартқанымызда, ол: «Осыдан біраз жыл бұрын бұл өңір­де күрестің не екенін білмейтін еді. Ал­ғаш күрес үйірмесі ашылғалы ауыл бала­лары­ның ықыласы артып, бақтары да жанды. Қазір аудан мен облысты былай қойып, республикада осы ауылдың балуандарын таниды да мойындайды. Мысалы, Нұр­тілеу Көкенов пен Бақтияр Әбуовтер ел бірін­шілігіне үзбей қатысып келеді. Ауыл балалары арасындағы жарыста биік нәтиже көрсетті. Ал Арулан Мұхаметәли және Ер­сін Абылқасымовтар рес­пуб­ликалық тур­нирлерде бірнеше рет жеңімпаз болды. Жақында бұл екеуі Ресейдің Саха респуб­ликасында Олимпиада чемпио­ны Павел Пенигин жүлдесі үшін өткен тур­нирге қатысып қайт­ты», деп ой бөлісті. Демек, шағын ғана Ақкөл ауылында осындай ал­қалы тур­нир­дің өтіп жатқаны тегін емес екен. Себебі бұл ауыл балаларының шы­ң­­далу ошағына айналады. Осындай жа­рыс­­тарға қатысып, шыңдалмаған жас балуан іргелі сайыстарда топ жара алмасы анық.

Маған Қызылтудың сонау Ахметжан Қазымбетовтен бастау алған қарымды күрес өнері Зеренді өңіріне ауған ба деген ой келді. Шынында да, Зеренді ұлылардың киелі мекені. «Ат аунаған жерде түк қала­ды» демекші, бұл өлкеден қарымы мықты балуандар шығатынына сенім мол. Бүгінгі жарыс сол биіктің алғашқы бас­пал­дағы іспеттес. Жалпы, он салмақ дә­ре­жесінде өт­кен жарыста әр өңірден кел­ген балуан­дар қанжығаларына жүлде сал­ды десек, қателеспейміз. Сондықтан олар­ды бө­ліп-жарып, жер-жерге бөлудің қа­жеті болмасы анық. Олай болса, Аслан Қоян­баев, Арулан Мұхаметәли, Ерсін Абыл­қа­сымов, Нұртілеу Көкенов және тағы басқа топ жарған балуандарға алдағы жарыс­тарда мол олжа салып, Олимпиада биігін бағындырсын деген тілегімізді жолдаймыз. Жүлде алған бірде-бір спортшы ма­ра­патсыз қалған жоқ. Оларға арнайы дип­­лом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

Ақмола облысы