Қазақстан • 04 Мамыр, 2018

Бас қаланың басты ауданы

311 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алаш айбынына айналған Астана өзінің айтулы күні – 20 жылдық мерейлі мерекесінің қарсаңында тұр. Бұл осы жылдар ішінде жеткен жетістіктерді, алған асуларды айқындайтын сындарлы белес екені анық. Әлемдік экономиканы тығырыққа тіреген дағдарыстарға, кездес­кен қиындықтарға қарамастан Астана өзінің қарқынды даму үрдісін бір тоқтатқан емес.

Бас қаланың басты ауданы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Жылдар керуеніне ұласқан осынау даму үрдісінде бас қаланың төрт ауданының да өзіндік қолтаңбасы бар. Осы ретте елорданың іргетасы қалана бастаған кезеңге алғаш ашылуы тұспа-тұс келген Сарыарқа ауданының үлесі ерекше зор. Биыл ауданның құрылғанына 20 жыл толып отыр. Елбасы Жарлығымен 1998 жылы 6 мамырда елорданың алғашқы екі ауданының бірі – Сарыарқа ауданы құрылған болатын. 

Бас қаламен бірге жасасқан Сарыарқа ауданы өткен 20 жыл бедерінде елорданың бюджет қоржынын толтырып отыратын негізгі табыс көзіне айналды. Атап айтар болсақ, 20 жыл ішінде ауданның бюджет қорына аударатын түсім көлемі 59 есе артты. Бүгінде аудан қала бюджетінің 25 пайызын қамтамасыз етеді. Өткен жылы Сарыарқа ауданы мемлекеттік бюджетке 268 миллиард теңге қаржы аударса, оның ішінде 50, 3 миллиард теңге жергілікті бюджет қоржынын толықтырды. 

Іргетасы қаланған жиыр­ма жылдың ішінде аудан тұр­ғын­дары 2,5 есеге өсіп, бүгінде 368 мың адамды құрап отыр. Яғ­ни осы жылдар ішінде аудан халқының саны бұрынғы облыс орталығының тұрғындарынан асып түсті. Бұл өз кезегінде әлеуметтік нысандарға деген сұранысты еселей арттырды. Соған сәйкес ауданда 12 орта мектеп ғимараты, 9 балалар бақшасы, 3 емхана ғимараты бой көтерді. Мерейлі 20 жылдық межеде аудан бойынша 62 әлеуметтік-мәдени нысандар салынған екен. Қазіргі кезде аудан аумағында 11 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілуде. 

Аудан инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тартуда да кешенді жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2000 жылы ауданның негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 35 миллиард теңгені құраса, өткен жылы ол 75 миллиард теңгеге жетті. Өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 13 есе арт­ты. 2000 жылы аудандағы өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 6 мил­лиард теңге көлемінде болса, 2017 жылы ол 79 миллиард теңгені құрады. Ауданның эконо­микалық ахуалы барынша артқан сайын өндіріс көлемін арттыруға инвестиция ауадай қажет. Осыған байланысты аудан әкімдігі ин­вес­тиция тартуға қолайлы жағдай жасап, бар­лық мүмкіндіктерді жан-жақты ойластыруда. 

Жақында бас қаламыздың аудандарының арасында алғаш рет Сарыарқа ауданында бірінші инвестициялық форум өтті. Оған отандық қалталы кәсіпкерлермен бірге, Франция, Германия, Түркия, Канада, Қытай, Ресей, Беларусь, Украина және Әзербайжан елдерінен келген инвесторлар қатысты. Шетелдік инвесторларды ауданның қарқынды дамыған әртарапты экономикасы ерекше қызықтырды. Барлық мегаполис­тер сияқты Астана қаласында инвесторларды қызықтыратын негізгі нысан жер телімдері болып табылады. «Соңғы жылдары қаламызда тозығы жеткен көп қабатты апатты үйлерді бұзып, оның тұрғындарын жайлы жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатындағы игі дәстүр кеңінен өріс алды. Бұл әлеуметтік бастамаға біздің аудан да белсене атсалысуда. Соңғы 3 жыл ішінде аудан аумағындағы осындай тозығы жеткен 137 көп қабатты үйлер бұзылып, тұрғындары түгелдей дерлік жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілді. Біз бүгін форумға қатысып отырған инвесторларға осы көп қабатты үйлерден босаған, инвестиция салуға өте тиімді 19 ірі жер телімін ұсынамыз. Жалпы, аудан аумағында инвесторларды қызықтыратын 121 жер телімі бар. Біз бүгінгі форумға қатысушы инвесторлармен осы жер телімдеріне қандай нысандар салу қажеттігін жан-жақты талқылауға дайынбыз», деді форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Тұрлыбек. 

Мазмұнды пікір алысу барысында өткен форумда Сарыарқа ауданының әкімдігі шетел инвес­торларымен жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын 11 ірі жобаға қол қойды. Алдағы уақытта германиялық Marcel Boschung AG компаниясы аудан аумағында үлкен жол метеорологиялық стансасын салатын болды. Сарыарқа ауданының әкімдігі, «Астана» ӘКК» ҰҚ» АҚ және «CITY BOX» ЖШС жаяу жүргіншілерге ар­нал­ған бульвар құрылысын салу жө­ніндегі келісімге қол қойса, Сло­ве­нияның «DUOL» фирмасы ау­дан аумағында ірі футбол алаңы­ның құрылысын салатын болды. 

Бас қаланың аудандары арасында халықаралық алғашқы инвестициялық форумды өткізу арқылы Сарыарқа ауданының әкімдігі бірқатар жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақ. Бұл өз кезегінде аудан экономикасын жаңа қырынан дамытуға серпін беретін болады. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»