Әлем • 04 Мамыр, 2018

Жаһан жаңалықтары. Зинедин Зидан Мохамед Салахты сатып алғысы келетінін айтты

477 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жаһан жаңалықтары. Зинедин Зидан Мохамед Салахты сатып алғысы келетінін айтты

Мадридтің «Реал» клубының бас жаттықтырушысы Зинедин Зидан «Ливерпуль» шабуылшысы Мохамед Салахты сатып алғысы келетінін айтты.

AS басылымның хабарлауынша, 25 жастағы футболшыны сатып алу үшін команданың барлық өкілі өз келісімдерін берген. Клуб басшылығынан бастап, жаттықтырушылар штабы мен футболшыларға дейін. Осылайша, мысырлық футболшы «Реалдың» жаздағы негізгі трансфері болмақ.

 

Инфантино кіші әлем чемпионатын ұйымдастырмақ

ФИФА президенті Джанни Инфантино халықаралық футбол турнирлеріне түбегейлі модернизация жасауды ойластыруда. 

Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Инфантиноның жос­парында Конфедерациялар кубогы жоқ. Ол бұл турнирдің орнына әр 2 жылда бір рет, яғни тақ жылдары 8 құрама қатысатын кіші әлем чемпионатын өткізуді көздеп отыр. Турнирдің аты «Сегіздік финал» деп аталып, алғашқы ойынды 2021 жылдың қазан-қараша айында өткізу жоспарлануда. 

Инфантиноның «Сегіздік финал» турнирі бойынша ұсынысына ФИФА ақылдастар алқасы келісімдерін беруі керек.

 

Флойдтың рекордын қайталады

Тайландтық боксшы Ванхенг Менайотин кәсіпқой бокстағы 50-ші жекпе-жегінде жеңіске жетіп, америкалық боксшы кіші Флойд Мейвезердің рекордын қайталады. 

Менайотин кәсіпқой бокстың ең жеңіл салмағында (47,6 кг) WBC белдігі бойынша әлем чемпионы. Ол 50-ші кездесуін WBC белбеуіне негізгі үміткер Лерой Эстрадаға қарсы өткізіп, бесінші раундта нокаутпен жеңді. Сөйтіп ол 50 кездесуінде жеңіске жетіп, Мейвезердің рекордын қайталады.

Естеріңізде болса, Мейвезер 2017 жылдың тамыз айында UFC өкілі Конор МакГрегорға қарсы өзінің 50-ші кездесуін өткізіп, техникалық нокаутпен басым түскен-ді.

Соңғы жаңалықтар