Медицина • 04 Мамыр, 2018

Сахна саңлағы Райымбек Сейітметов

1142 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Райымбек Сейітметов есімі  жәдігер шаһар Түркістан үшін айрықша ыстық. Тақыр жерден театр құрып, Түркістанға  үлкен мәдениет әкелген тарлан талант. Өзінің өнер мектебін ашып, ізін қалдырды.  

Сахна саңлағы Райымбек Сейітметов

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде Алматыдағы жылы орнын, жайлы тұрмысын тастап жасы 60-қа келіп қал­ғанда туған жерге оралыпты. Артымда із қалдырсам, хал­қыма пайдалы дүние берсем деп саналы түрде келген. Әуе­лі Халықаралық қазақ-тү­рік университетінде ректор М.Жұ­рыновтың қолдауымен өнер бөлімін ашты. Өңірдегі талантты жастарды жинап, сахна өнеріне бау­лыды. Ол кезде ел тұр­мысы жүдеп, тіршіліктің қиюы қашқан кез-тін. Ғимарат жетіспегендіктен болар, өнер бөлімі алғашқыда Кентауда орын тепті. Жылу жоқ, жарық жиі сөнеді.... Десек те, тұрмыс қиын­д­ығынан алдына айқын мақсат қойған сахна саңлағының сағы сынбады. Бар қиындыққа төзді. «Түркістанның бүгіні мен ертеңін ойлағанда көңілімде бір түйткіл тұрды. Түркістанның рухын көтеру үшін, ең әуелі сол жердің рухани игіліктерін жасауымыз қажет. Өзім ұзақ жылдар қызмет еткен өнер саласының биігінен қарасам, Түркістанға театр керек. Еліміз егемендік алды, Түркістан қайта түлейтін болады деп, жастайымнан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройына ие болған өнер ордасын тастап, туған жерге тартып кетуімнің басты себебі де сол болатын. Осында жинақталған тәжірибемді, азды-көпті өне­рімді сонда алып барайын деп шештім. Түркістан қайта түлеп, іргесін кеңітіп жатқанда со­ның бір шегесі болып қалғым келді...» деп өзі айтқанындай, парасатты пайымымен туған жерге келіп, өнердің туын тікті. 

Өзі тәрбиелеп-оқытқан, дайын­даған шәкірттерінен театр труппасын жасақтады. Түр­кіс­танда театр ашу туралы ұсынысын білдіріп Елба­сы­мызға дейін хат жазды. Талай меке­менің есігін қағып, табал­дырығын тоздыр­ғаны тағы бар. Қысқасы, Түркі­стан театрының іргесін қалап, кере­гесін бекітіп кетті. 

Театр 2000 жылы 1500 жыл­дық қарсаңында ашылды. Ресми түрде 2001 жылы 12 қаңтарда жұмысын бастады. Әзербайжан драматургі Б.Вахап­заденің «Көк түріктер» тарихи дра­масымен театр шымылдығы түрілді.

Қойылымды Елбасы Н.Назарбаев келіп тамашала­ды. 2001 жылдың қарашасында Түркiстанға сапары кезiнде «Көк түрiктер» спектаклiн кө­ру­ге келді. Тапжылмай отырып қойылымды соңына дейiн тамашалайды. «Жақсы қойылым екен. Тағылым алар тұстары мол. Мына талантты әртістерді Алматыдан шақырттыңыз ба?», деген сұрағына Р.Сейітметов: «Өзім оқытып, дайындағанмын» – деген кезде таңданысын жасы­ра алмай: «Райымбек Ноғай­байұлы негiзiн қалаған Түркiс­тан театрының болашағы зор», деп бағасын берiптi.

Райымбек Сейітметов «Көк түріктерді» түрік тілінде қойып, жас әртістер түрікше ойнап шық­ты. Театр аталмыш спектакльмен 3-4 жыл қатарынан Түркияға гастрольдік сапарға барып қайтты. «Көк түріктерді» Түркияның бірнеше қаласында сахналаған Райымбек ағаны түрік ағайындар төбесіне кө­теріп, зор ізет көрсетті. Әр қо­йы­лымы аншлагпен өте­тін аталмыш премьерадан соң түрік көрермендері көз жастарын сүртіп, қол соғып қи­май қоштасатынын біреу білер, біреу білмес. 

Театр небәрі 4-5 жыл көле­мінде аяққа тұрды. Жас театр болса да күрделі тарихи-драмаларды сахнаға шығарып кәсіби тұғырға құлаш сермеді. Көптеген театр фестиваль­дерінен жүлделі оралып жүрді. Өзі­нің бағытын айқындады. Түрік тілдес елдер драматургиясын көбірек сахналады. Мақсат айқын. Түркістан театры – түркі тілдес елдердің театр өнерінің ортақ ордасына айналуы керек.

2004-2007 жылдары Түркіс­тан театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Сол жылдарда Райымбек ағаның жақсы сөздерін, өнер адамдары жайлы көп әңгімелеріне қанықтым.

2005 жылдың сәуір айы еді. С.Ахмадтың «Келіндер көтері­лісі» спектаклінің репетициясы жүріп жатқан. «Қалқам, келіп қарасаңшы, сахна тақырыбын жазатын адам репетициядан бастап көргені дұрыс. Әрбір әртісті зертте, әрбір образдың сомдалуын жіті бақылап жүр» деді. Содан әңгімесін бастап кетті: «Келіндерді» қойғаныма 30 жыл болып қалды. 1977 жылы Әуезов театрында қойғанмын. Басты рөлді (Фармонбибіні) Сәбира Майқанова ойнады. Аншлагтан аншлаг. Бұл спектакльмен труппа бүкіл Қазақстанды аралап шықты. Залда көрермен лық толатын. Сұмдық аншлаг болады. Сәбира апам өле-өлгенше ойнап кетті. Сүйіп ойнайтын. Әр сахнада жаңа леппен, жаңа шабытпен ойнап, адуын ене бейнесін сан қырынан таныта білді. Корифей еді ғой Сәбира апай. Авторды Алматыдағы премьерсына да шақырғанбыз. Өзбек жазушы-драматургы Сайд Ахмадпен арадағы достық осылай басталған». 

...2006 жылы қаңтарда, театр­дың бес жылдығына орай, Райым­­бек аға Шекспирдің «Асау­­ға тұсауын» сахналады. «Жас театр үшін Шекспир ауыр­­лау болады деп барғым кел­­мей жүрді. Міне, енді, 5 бе­лес­ті артқа тастап, толысқан соң қою керек деп шештім. Шекспир, «Беу, қыздар-ай» анау-мынау емес», деді труппаны жинап. Жауапкершілік жүктеді. Премьера сәтті өтті. Сахна саңлағы балаша шаттанып: «Түркістан көрер­мені қалай қабылдайды екен деуші едім. Жақсы қабылдады, көрер­меніміз де өзімізбен бірге өсіп келеді екен», деген-ді.

Кезекті репетициядан кейін Райымбек аға тағы өткеннен сыр шертті.

«...1983 жылы ТЮЗ-ға (Ғ.Мү­сі­репов театры) көркемдік же­текші болып келдім. Құлдырап кеткен театр. Қожыраған өнер ұжымына дұрыс басшылық керек болды. Тың дүниелерді сахналап, батыл бетбұрыс жасадым. Мақтанғаным емес, театр екі-үш жылда айтарлықтай көтеріліп, жаңа белеске шықты. М.Әуезовтің «Алуасын» сахналадым. «Алуа» спектаклі – менің шығармашылық өмірімнің бір белесі. М.Әуезовтің жазылып, бірақ 30 жыл бойы қойылмай, тартпада жатқан шығармасы болатын. Бұл – біз­дің театрымыз (ТЮЗ) үшін де, ұлттық театр өнері үшін де үлкен оқиға болды. «Алуа» спектаклі көрерменнің көңілі­нен шықты. Спектакльдің жоғары деңгейде қойылғаны үшін режиссер – маған, Алуа рөлін сомдаған Гүлжамал Қазақбаеваға, Мәкіл Құланбаев пен Мұхтар Бақтыгереевке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақ­тоқ­тысын» қойдым. Ақтоқтыны Райхан Қалиолдина есімді актриса сомдады. Ақанды – Досхан Жолжақсынов, Науан хазіретті – Мұхтар Бақтыгереев сомдады. Сұмдық аншлаг. Спек­такль бүкіл БАҚ-тың, театр­танушылардың назарын аударды. Ғабең марқұм қатты риза болды. Маусым бойы бір рет те жібермей спектакльді көріп жүрді. Премьерадан соң әртістердің түгел қолын қысып, құттықтап шықты. Ғабең – нағыз эстет, театрды, көркемөнерді қадірлейтін жан еді. 

Ғабең бір күні маған бұрын бас­па жүзін көрмеген, «Қып­шақ қызы – Аппақ» атты шы­ғар­масын алып келді. Қарап шықтым, жақсы дүние. Бірақ кей тұстарын қайта қарау керек. Ғабеңе айтып, түсіндірдім. Ол кісі түсінді. «Қайдам, Райым­бекжан, бізден қайрат кетті ғой, көрейін»,  деді. Сол дүниесін ақыры аяқтай алмай, Ғабең дүниеден озды. Содан соң жазушылар одағына хат жаздым. Пьесаны жіберіп, осыны бір драматург қолға алсын деп. Одақтан жауап болмады. Тағы да жаздым. Осылай жүріп пьесадан айрылып қалдым. (Бір қиыны ол кезде ксерокөшірме жоқ). Иә, Алла жазбаған екен, сөз зергерінің пьесасы сахналанбай қалды. Солай, шырағым, адамның дегені бола бермейді әркез...» деп еді театр тарланы. 

2004 жылы ақпанында театр Қадыр Мырза Әлидің «Әмір-Темір» тарихи драмасын қойды. Басты рөлді талантты актер Ержан Исатаев сомдады. Жарты әлемді жау­лаған ханның өмірінің соңғы сәттерінен жазылған драмада небәрі 3-4 қана кейіпкер. Драма тұтастай өлеңмен жазылған. Қойылым сәтті шықты. Автор да премьераға қатысты. «Жалпы, режиссер Райымбек Сейітметовтің қазақ театр өнеріне әкелген жаңалығы, қосқан сүбелі үлесі – осы поэтикалық шығармаларды сахналауы. Махам­беттің отты жырлары негізінде қойылған «Туған ұлдан не пайда?», Абай өлеңдері желісінде «Қалың елім, қазағым» (инсценировкасын өзі жазған) туындысын жасап, классиктер шығармашылығындағы ешқашан ескірмейтін адамзатқа ортақ проблемаларды бүгінгі күнмен ұштастыра білген зерек суреткер», деп сахна сыншысы Ә.Сығайдың баға беруі орынды. Расында, Р.Сейітметов – елімізде поэтикалық театрдың қалыптасуына зор еңбек сіңірген режиссер. Сахна саңлағы кезінде Т.Бердияровтың, М.Шахановтың, М.Мақатаевтың, Ф.Оңғарсынованың, Қ.Мырза-Әли шығармалары негізінде спектакльдер қойып, ол қазақ сахна өнеріне жаңаша леп, басқаша бағытқа кең жол ашқан. Осы дәстүрлі сүрлеу, арна тәй-тәй басқан жас Түркістан театрында да жалғасын тапты.

Иә, Райымбек аға өлең, көркемсөз оқудың хас шебері-тін. Әр сөзге, әрбір дыбысқа, буынға, екпінге ерекше мән беріп, шәкірттеріне ерінбей үйретті. Ол – кейіпкері аз, психологиялық тартысқа толы драмаларды сахналаудың шебері. Небәрі екі-ақ , үш-ақ кейіпкер қатысады. Басында ойлап отырасың: «көрерменді жалықтырып жібермес пе екен» деп. Жоқ, шиыршықша ширығып шыққан, артық-ауыс сөз жоқ шымыр дүние еліктіріп әкетеді. Шеберлігі ғой. 

...Артында өзінің мектебін қалып­тастырып, өшпес өнеге, із қалдырған ғазиз жанды өлді деуге қимайсың. Оның ғибратты ісін, өнер жолын шәкірттері жалғастыруда.

Жыл сайын 2 наурызда Р.Сейіт­метовтің туған күніне орай өнерлі жастар арасындағы облыстық көр­кем сөз оқу шеберлерінің бай­қауы өткізіледі. Ахмет Ясауи универ­ситетінде дәстүрлі өтіп жүрген «Да­­­­рын» аймақтық жас таланттар бай­қауы биыл Р.Сейітметовтің 80 жылдығына арналыпты. Талай дарынның тұсауын кескен, Түркістан театрындай ғажап өнер ошағын қалдырған сахна саңлағы қандай құрметке де лайық, әлбетте.
2017 жылы Түркістан сазды-драма театрына Райымбек Сейітметов есімі берілді. Өнер ордасы қазіргі таңға дейін үлкенді-кішілі жаңа қойылымдар сахналап, театр фести­вальдеріне де қатысып, түрлі жүл­делерді иеленіп келеді. Соңғы төрт жылдың өзінде, яғни 2013 жылы Халықаралық кәсіби театр күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Театр көктемі-2013» облыстық кәсіби театрлар фестивалінде теат­р Еврипидтің «Троя ханшасы» атты моноқойылымымен өнер көрсетіп, «Айрықша шығармашылық табысы және әлемдік классиканы на­сихаттағаны үшін», 2014 жылы Ж.Жұматтың «Тірі жан» дра­ма­сын қойып, «Өзекті мәселені көтер­гені үшін», 2015 жылы Қазақ хан­дығының 550 жылдығына және Ұлы жеңістің 70 жылдығына арнайы Ә.Нұршайықов, А.Сапышевтың «Махаббат, қызық мол жылдар» драмасымен қатысып, «Көрермендер көзайымы» және театр актрисасы Әсел Қожабекова «Ең үздік әйел бейнесі», 2016 жылы Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасымен өнер көрсетіп, «Тарихи тақырыпты үздік меңгергені үшін» аталымдарымен марапатталcа, 2017 жылы ТүркСОЙ-дың халықаралық театр фестивалінде Г.Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымы (режиссері А.Наурызбаев) 1-орынды иеленді.

Енді бірер сөз сахна саңлағы есім­інің ескерілуі төңірегінде. Сах­­­­нагер Сейітметовтің көзі тірі­сін­де өзінің «Актер, режиссер Райымбек Сейітметов» атты кіта­бы («Атамұра») оқырман қолына тисе, 2009 жылы Әшірбек Сығай­дың «Райымбек Сейітмет» атты ғұ­мыр­намалық кітабы жарық көрді. Р.Сейіт­метовтің қазақ радио­сын­дағы (радио­қойылымдары), кино са­ла­сын­дағы, театр өнеріндегі тағлымды еңбектерін, қалдырған ізін зерттеп-зерделеу болашақтың еншісінде. 

Сахна шеберінің 80 жылдық мерейтойы лайықты деңгейде аталып өтсе дейміз. Райымбек Сейітметовтің 80 жылдығына орай Түркістанда Түркі халықтары театр фестивалін өткізсе орынды болар еді деп ойлаймыз.

Әтіргүл ТӘШІМ,
журналист