Қазақстан • 04 Мамыр, 2018

Ұлттық кадр – әскери саланың негізі

793 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің қорғаныс саласындағы басты міндеттердің бірі – әскерді сапалы кадрлармен қамтамасыз ету. Егемен­діктің алғашқы жылдарында тұңғыш рет өзінің кәсіби армиясының негізін қалаған Қазақ елі әскерді замануи құралдармен жарақтандыру, ұлттық кадрлар дайын­дау ісіне үлкен күш-қайрат жұмсалғаны белгілі. Осы тұста Елбасының бастамасымен армияға білікті мамандар шақырылды, жергілікті оқу орындарында жаңадан факультеттер ашылып, материалдық-техникалық базасы күшейтілді, сондай-ақ еліміз офицерлерді өзге мемлекеттерде оқытуды жолға қойды.

Ұлттық кадр – әскери саланың негізі

Арада ширек ғасырдан сәл асатын уақыт өткенде қор­ғаныс саласындағы жағ­дай түбегейлі өзгеріп, аталған мәселе түбірімен жойылды. Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қорғаныс саласын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету ке­шенді түрде жүзеге асыры­луда. Осының арқасында ар­мия сапы білікті кадрлармен толықты. Солардың бірі – Қорғаныс министрлігінің кадр­­лар және білім департа­ме­нті­нің бастығы Қайрат Көпбаев. 

Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қар­­са­ңында осы саладағы ерен ең­­бегімен, үздік қызметі­мен ерекшеленген азамат­­тар­ға жоғары әскери атақтар мен сы­ныптық шендер беру дәстүрге айналғаны белгілі. Сол дәстүр бойынша биыл Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың қолынан генерал-майор әске­ри атағын алғандардың бірі – осы Қайрат Рашидұлы. 

Генерал болуды арман­да­майтын жауынгер болмай­тын­дығын ескерсек, департамент бастығының қызмет жолы талай жас сарбазға үлгі боларлық. Қарағанды облы­сына қарасты Өспен ауы­лының тумасы – Қ.Көпбаев Қарағанды мемлекеттік уни­верситетінің заң факультетін тәмәмдаған соң 1991-2009 жылдар аралығында әскери прокуратура, қаржы полиция­сы салаларында, «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында қызмет атқарды. Ал 2009 жылы қорғаныс саласына оралып, Қарулы күштердің бас басқармасының бастығы және бірнеше департамент­тің бастығы қызметінде бол­­ды. Мұнан соң Астана қаласы әкімі аппаратында мем­­лекеттік құқықтық бөлім­нің бастығы болып жүрген уа­қытында Қорғаныс министр­лігінің кадрлар және білім де­партаментіне шақырту алып, күні бүгінге дейін атал­ған ұжымды басқарып келеді. 

Оның айтуынша, бүгінде денсаулығы мен мінездемесі талапқа сай әрбір азаматтың әскери салаға жұмысқа орналасуына ешқандай кедергі жоқ. Оның үстіне қорғаныс саласына келуге ынталандыратын жеңілдіктер де жетерлік. Қорғаныс министр­лігіне қарасты оқу орындарында әскери салаға қажетті мамандықтарды даярлайтын факультеттер де қажетті деңгейде ашылған. Тіпті қыз-келіншектердің де әскери саланың есеп, қаржы, медицина салаларында жұмыс іс­теулеріне мүмкіндіктері бар. 

– Соңғы жылдардың өзін­де әскери қызметшілердің жалақылары жоғарылап, тұрмыстық мәселелерін шешуге басымдық берілді. Олар­ды тұрғын үймен қам­тамасыз етудің қарапайым әрі тиім­ді жолы бекітілді. Тиісінше, мемлекет тарапынан әскери салаға талап та күшейтілді. Қазіргі күні осы саланы білікті әрі жігерлі жас мамандармен толықтыруға басымдық берілуде. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында қазір мамандар тапшылы­ғы жойылды. Бүгінде бұл салада қызмет ету азаматтарымыз үшін үлкен мәртебе саналады. Жыл өткен сайын заңнамалар да жетілдіріліп, саланы құқықтық тұрғыдан нығайтудың жан-жақты ша­ралары да жүзеге асуда. Білімін одан әрі тереңдетемін, біліктілікті арттырамын деген қызметкерлерге үлкен мүмкіндіктер бар, – дейді ол.

Былтыр ғана енгізілген тың жаңалық ретінде бұрын әскери қызметке қатысы болмаған, әскери училищеде, әскери оқу орындарын­да әскери дайындықтан өтпе­ген азаматтар тек 32 жас­қа дейін әскери қызметке кіре алатындығын айтуға болады. Бір кездері қызмет еткен немесе әскери қызметке қатысы бар адамдардың 37 жасқа дейін әскери қызметке келуіне мүмкіндік бар. Бұл – әскери қызметкерлерді «жасар­тудың» амалы. 
Қайрат Рашидұлы Өспен ауылынан шыққан тұң­ғыш генерал ретінде өз өміріне әке тәрбиесінің ықпалы зор болғандығын айтады. Туған өлкесінде тас жолдар салғызып, канал құрылысына жауапты болып, партияда жауапты қызметтер атқарып, кеңшар басқарған Рашид Бүркітбайұлы ұлының қызмет жолын, жетістіктерін көре алмай кетті. Бірақ тал бесіктен басталған әкенің ұлағатты тәрбиесі Қайрат Рашидұлына мақсат-мұраттарға жету жолында ұдайы темірқазық болып келеді. 

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»