Аймақтар • 04 Мамыр, 2018

Ақтауда балет және гимнастика академиясы ашылды

419 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында жаңа спорттық нысан пайдалануға берілді. Бұған дейін есігін айқара ашқан «Lions Fight Club» жауынгерлік өнер академиясы және «Cross Fit Aktau» кроссфит залынан соң, «Olympus» балет және спорттық гимнастика академиясы ашылды.

Ақтауда балет және гимнастика академиясы ашылды

Бұған дейін балет мектебі болмаған Ақтауда бұл істі жас кәсіпкер қолға алды. Жас кәсіпкер Аманжол Жаңабайдың айтуынша, жоба «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырылып отыр. Үш спорт залды тұрғызу үшін 360 млн. теңге жұмсалған.

-Ақтау қаласында спорттық гимнастика соңғы рет осыдан 25 жыл бұрын болған. Енді академияның ашылуымен біз бұл мәселенің шешімін тауып отырмыз, себебі жастар арасында гимнастикаға деген қызығушылық жоғары. Ал балет болса біздің қаламызда бұрын мүлдем болмаған. Негізінен, мен бұрын дамымай қалған спорт түрлерін дамытуды қолға алу қажет деп есептеймін. Мәселен джиу-джитсу, еркін күрес MMA спорт түрлері бойынша қысқа мерзімде нәтиже шығару үшін Дағыстан және Бразилия елінен тәжірибелі бапкерлерді алдыртып отырмыз. Олар қазір Ақтауда тұрып жатыр және болашақ чемпиондарды дайындауда, дейді кәсіпкер Аманжол Жаңабай.   

Жетім балалар  мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға үш спорт залда тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылған. 

Аманжол Жаңабай мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Ол мұндай спорттық академияларды Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау ауданында ашу жөніндегі ұсыныспен шыққан. Алайда, қалалық және аудандық әкімдіктерден әлі жауап жоқ. Бірақ, кәсіпкер өзінің жобасы жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау табатынына сенімді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы