Қазақстан • 05 Мамыр, 2018

Қарулы Күштер – ел қорғаны

16014 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Қа­рулы Күштерінің құрылуын егемен­дігімізді еншілеген сәттен бері қол жеткізілген ең басты табыс­тарымыздың бірі ретінде қарас­тырамыз. Осы орайда Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың басшы­лы­ғымен еліміздің Қарулы Күштері уақыт талабына сай қарқынды дамып, әлеуетін арттыра түскенін ерекше атап өтуіміз керек.

Қарулы Күштер – ел қорғаны

Жалпы, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өзінің дербес әскерін құру ісін 1992 жылдың 7 мамырында Президенттің «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» жарлықтары шыққаннан кейін бастап кетті. Осы күні еліміздің аумағындағы КСРО әскери күштерінің есебіндегі мекемелер, бөлімдер, құрамалар, ұйымдар, полигондар, сақтау базалары, қоймалар, жылжитын және жылжымайтын әскери мүліктер Қазақстан құзыретіне берілді. Тағы бір еске түсіре кетер жайт, дәл сол күні генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке генерал-полковник шені тапсырылды және ол еліміздің Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 

Содан бергі аралықта ел әскерін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Бұл орайда, дәлірегі Қазақстан әскерін заманауи тұрғыда дамыту мәселесінде жаңа талаптар мен қазіргі таңдағы қауіп-қатерлер барынша ескерілді. Сондай-ақ әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті сақтау шараларына еліміздің белсене қатысуын қамтамасыз ету бағытына ден қойылды. Бұл жұмыстарды нәтижелі жүргізу, Қарулы Күштеріміздің заманауи сипатын анықтау, оның нормативтік-құқықтық негізін құру және басқа да аса маңызды міндеттерді іске асыру үшін 1993 жылы ақпанда еліміздің бірінші Әскери доктринасы қабылданды. Оған Қа­зақстан әскерін құру қағидаттары енгі­зілді. Бұл құжат әскерімізді за­ман­ауи тұрғыда дамытуға жол ашты. 

Одан кейінгі уақытта, яғни 2000 жылғы ақпанда екінші Әскери доктрина бекітілді. Ол Қарулы Күштер­ді құ­ру және реформалаудың басым бағыт­тарын нақтылады. Ал 2007 жылы наурызда қабылданған Әскери док­тринада өңірлік қолбасшылық­тар әскерлерінің белгіленген аймақ­тар­да әскери қауіпсіздік міндеттерін ше­шу мәселелеріндегі дербестігін қам­та­масыз ету жайы айқындалды. Нақтылай айтқанда, ел әскерінің бүгінгі деңгейге жетуі Мемлекет бас­­шысының қорғаныс саласын ны­ғайтуға байланысты белгілеп берген басым­дықтары мен міндеттерінің орын­­далуы арқасында жүзеге асты.

Бүгінде Қарулы Күштеріміз үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күш­тері. Бұлардың әлеуеті ұлғайтылды. Стратегиялық тұрғыда дағдарыстық жағдайлар орын алған кезде негізгі міндеттерді шешуге қатысу үшін жоғары деңгейлі әскери топтар, кез келген қауіп-қатерге қарсы жедел әрекет ететін Арнайы операция тобы, киберкеңістікте қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл мақсатында ақпараттық күрес компоненті құрылды. Сон­дай-ақ мемлекеттің аумақтық қор­ға­ныс саласын біріктіру үшін Қарулы Күш­тер құрамындағы аумақтық әскерлер­дің басқару органы пайда болды. Құры­лым­ның барлық сатылары қамтыла отырып, еліміздің әскери оқу орындары арқылы мамандар дайындау ісі жолға қойылды. 

Осы арада сәл шегіне сөйлесек, 1991 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің құ­рамында жалпы саны 200 мың­дай адам болған екен. Алғаш­қы кезде, әсіресе маман мәселе­сін шешу қиын болды. Өйткені өз әскері­міз­ді жасақтау бастал­ған кезеңде Қазақ­станда қызмет етіп жүрген көп­те­ген офицерлер әскери борыштарын ТМД-ның өзге мемлекеттерінде жал­ғас­­тыруға немесе запасқа шығуға шешім қабылдаған-ды.

Дәлірегі, кезін­де КСРО-ның ортақ армиясында қыз­мет еткен офицерлер өз елдеріне жол тартты. Соның себебінен екі жарым жыл көлемінде, яғни 1992 жылғы мамыр­дан 1995 жылғы қаңтарға дейін офи­цер­лердің кету деңгейі тізімдік құрам­ның 89 пайызын құрады. Осыдан келіп, Қазақ­стан Қарулы Күштерінде әс­кери маман­дардың тапшылығы туын­дады. Бұл түйткілді шешу кезек күт­тір­­мейтін шаруа еді.

Содан білікті, кәсіби мамандарды даярлауға мемлекеттік дең­гейде маңыз берілді. Не­гізінде заманауи әлеуетті армия жасақ­тау әскери техникаларды, қару-жарақты жетілдірумен қатар, кәсіби, жаңа әскери буынды тәр­биелеуге тікелей байланысты екені белгілі. Осы орайда 26 жыл ішінде елімізде ұлттық әскери мамандарды даярлау жүйесі өз деңгейінде қалыптасты. Әскери бағыттағы оқу орындардың оқу-тәрбиелік үдерісіне озық технологиялар енгізілді, маман­дар­дың білім деңгейін көтеру үшін оқу-әдіс­темелік база кеңейтілді. Соның нәтижесінде тәуелсіздік жылдарын­да әскеріміз іс жүзін­де жаңадан құрыл­ды, еліміздің генералдары мен офицер­лері­нің жаңа әрі тұтас буыны өсіп шықты. 

Білікті, кәсіби әскери маман­дар даярлау ісіне аз-кем тоқтала кетер болсақ, ол «Білім беру тура­лы» заңда көзделген бес дең­гейді қамтиды. Олар: орта білім, техникалық және кәсіби білім – магис­тратура және докторантура, қосымша білім – әскери кафедра, қайта даярлау және біліктілікті көтеру. Орта білімді Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептері береді. Ал техникалық және кә­сіптік білімді Ш.Уәлиханов атын­­дағы Кадет корпусы ұсы­нады. Бұл оқу орнын бітіріп шық­қан кәсіби сержанттар Қару­лы Күштердің әртүрлі лауазым­дарында қызмет етуде. Сондай-ақ Қарулы Күштер әскерлерінің барлық түрлері мен тектерінің мамандары 3 әскери жоғары оқу орындарында даярлануда. Мәселен, Құрлық әскерлерінің әскери институты кадрлар дайындау­­да орны ерекше. Қарулы Күштердің кіші офицерлер құрамының 70 пайыздан астамы осы оқу орнының түлектері. Тәуелсіздік жылдары бұл инс­титутты 7 мыңнан астам офицер бітірген. Институттың 70-ке жуық түлегі генерал ата­ғын алған. Бұдан бөлек, Әуе қор­ға­нысы күштері, байланыс әс­кері, автоматтандырылған бас­қару жүйесі, ақпараттық (кибер) қауіп­сіздік саласына кадрлар даяр­­лау мақсатында 2001 жылы құ­рыл­ған Радио­электроника және бай­ланыс әскери-инженерлік инс­ти­­тутының да қызметі мақтауға тұрарлық. Институт 10 бағыт бойынша 1 мыңнан астам офицер дайындады. Сондай-ақ Тал­ғат Бигелдинов атындағы Әуе қор­­ғаныс күштері инсти­туты­ның да ерекше орны бар екенін айтпасқа болмайды. Бұл оқу орны Әскери-әуе күштеріне ғана емес, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіп­­сіздік комитеті Шекара қыз­­меті үшін де мамандар дайын­дай­ды. Мұнда бүгінге дейін 2 мың­ға жуық ұшқыш пен инженер өз істеріне мамандан­ды. Сонымен бірге Ақтау қала­сын­­дағы Әскери-теңіз институты да Әскери-теңіз күштері мен ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бөлімдері кемелері мен жаға­лау бөлімдеріне, теңіз, ішкі жүзу кеме­леріне және Қазақстан аза­мат­­тық флотының аралас кемелер қызметіне кадрлар даяр­лауда белсенділік танытуда. 

Сонымен қатар Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті де мамандар даярлау­да өзін­дік зор үлесін қосып отыр. Ведомство­аралық оқу-әдіс­темелік орталық болып табылатын бұл универ­­ситетті жыл сайын 100 офицер тәмам­дайды. Реті келіп тұрғанда біздің бола­шақ генералдарымыз осы офицерлер арасынан шығатынын да айта кетейік. Тағы бір ерекше тоқтала ке­тер жайт, университетте Ұлттық ұлан факуль­тетімен қатар, ҰҚК Шекара қыз­меті факультеті құ­рылған. Уни­вер­ситет әлем­дегі үз­дік жоғары оқу орындары тара­пынан лайықты бағасын алып, мойындалған, Оксфорд қауым­дас­тығы мен Еуразия университеттер қауым­дастығына мүше. 

Еліміздің әскери білімі­нің биік мәр­тебесін біздің әскери жоғары оқу орын­дарымызда Арме­ния, Қыр­ғыз­стан және Тәжік­стан сынды елдердің әскери қызметшілерінің білім алуы да айқындайды. Тәжіри­бе алмасу үшін біздің әскери қыз­метшілеріміз де шетелдердегі жоғары оқу орындарында шың­далуда. Бұл бағыттағы жұмыс­тар халықаралық әскери ынты­мақ­тастыққа, дәлірегі, басқа елдер әскер­л­ерімен өзара іс-қимылға және тә­жі­рибе алмасуға баса назар ауда­ры­луының арқасында жүзеге асырылуда. Осы орайда біздің әскери құрамалар ШЫҰ, ҰҚШҰ аясында өтетін оқу-жат­­тығуларға да үнемі белсене қатысып, өздерінің жоғары дең­гейлерін көрсетіп жүргенін мақ­танышпен айта аламыз.

Саланы кәсіби мамандар­мен қам­тамасыз етуде әскери-оқыту резервін даярлауға баса назар аударылып отыр. Бұл бағыттағы оқыту ісі азаматтық жоғары оқу орындары жанындағы 29 әскери кафедрада жүргізілуде. Жыл сайын бұл әскери кафедралар 3 700-ден астам офицер даярлайды. 
Жалпы, Қарулы Күштеріміз­дің сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін саланы заманауи стан­дарттарға, әлемдік тәжіри­бе­лерге сай дамыту бас­ты мін­деттердің бірі болып санала­ды. Сондықтан қазіргі таңда Қару­лы Күштеріміз әскери шақыру және келісімшарт бо­йынша, яғни ара­лас тәсілмен жасақталуда. Соның нәти­же­сін­де сержанттар мен сарбаздар құрамының 70 пайыздан астамын келісімшарт бойын­ша қызмет ететін әскери қызметші­лер құрап отыр. Қалған 30 пайы­зын әскери борышын өтеуге міндетті азаматтар құрай­ды. Әскерді жасақтаудың осы тәсілі өз тиімділігін көрсетуде. Бұл өз кезе­гінде Қарулы Күштер­дің жауын­герлік әзірлігі мен қабілетін арт­тыруға мүмкіндік береді. 

Тағы бір айта кетер жайт, тәуел­сіздік жылдарында әскері­мізді заманауи қару-жарақпен, озық үлгідегі әскери техника­мен қам­тамасыз ету жұмыстары қар­қынды жүргізілді. Қажетті жаңа қару-жарақтар мен техникалар сатып алынды. Бұған қоса, бұрыннан қолданыста болған құрал-жабдықтар мен әскери техникалар жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылды. Тар­қата айтар болсақ, Құрлықтағы әскерлер үшін брондалған машиналар мен бронды транспортерлер, заманауи радиоэлектронды барлау техникалары, ракеталық-артиллерия қару-жарағы, ауыр оқ ату жүйелері, ұялы байланыс кешендері, радиациялық, химиялық және биологиялық қатерлерден қор­ғайтын отан­дық машиналар, жанар-жағар­май тасымалдайтын техникалар, далалық гос­питальдар алынды. Ал Әуе қорғаныс күштері 4++ Су-30СМ заманауи жойғыш ұшақ­тармен, өз санатындағы ең таң­даулы С-295 әскери-көліктік және оқу-жаттығуға арналған Zlin ұшақтарымен, ЕС-145, Ми-171Ш тікұшақтарымен, Ми-35М әскери-көлік­тік тік­ұшақ­тарымен толық­ты­рыл­ды. Әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс жүйесінің техника­лық паркі жаңартылды. Әуе кеңістігі шекараларын қорғау үшін С-300ПС, С-200, С-125 зенит­тік-ракеталық және отан­дық «Нұр» радиотех­никалық кешендері орнатылды.

Баршаға белгілі, Қазақстанға Кас­пийдің теңіз шекарасының ең ұзын бөлігі тиесілі. Оны ыж­дағат­­тылық­пен қорғау мақса­тында Әскери-теңіз күштері құ­рылған. Қазіргі таңда елі­мізде әске­­ри маңызы зор корабльдер мен кемелерді шығару жол­ға қо­йылған. Мәселен, Орал қала­­сын­­дағы «Зенит» зауыты елі­міз­дің теңіз­­дегі шекараларын күзету үшін бүгін­­ге дейін 25-тен астам корабль мен кеме шығар­ды. Олар бүгінде ел игі­лігі үшін жоғары деңгейде қыз­мет көр­­сетуде. Мұның барлығы Қару­лы Күш­тері­міздің зама­науи қару-жарақ­пен және әскери тех­никамен жабдық­тал­ғанын айғақтайды.
Негізінде еліміздің Қарулы Күш­тері тәуелсіздік жылдарында өз дең­гейінде қалыптасты дегенімізбен, оны одан әрі уақыт талабына сай жетіл­діре түсу ісі тоқтамайды. Сон­дық­тан ел әскерінің алдына Президент – Қару­лы Күштердің Жоғарғы Бас Қол­бас­шысы үлкен міндеттер қо­йып отыр. Бұл міндеттер әске­ри жос­пар­лау жү­йесін жетіл­діру­ге, мемле­кет­тік және әскери бас­қаруды орталық­­тан­дыру, ракеталық ықтимал шабуыл­дар­дың алдын алу жүйесін дамытуды жал­ғас­­тыру, киберқауіп­сіз­дік саласы­ның мүм­кіндігін күшейту, автомат­тан­ды­рыл­ған басқару жүйе­леріне Қарулы Күш­­тер­дегі әскерлер, қару-жарақ пен рес­урс­­­тарды енгізу­ді ілгері­­лету және басқа өзекті жағдаят­тар­ға бағытталған.

Қазіргі таңда Қарулы Күш­­­­тері­міздің халықара­лық рейтинг­тегі жағдайы жыл­дан-жылға оңала түскені жасырын емес. Global Firepower ұйы­мының рейтингі бойынша 2017 жылы біздің әскеріміз әлемдегі барлық әскерлер арасында 53-орыннан табылды. Бірақ бұған тоқ­мейіл­суге әсте болмайды. Өйт­кені әскерімізді жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістерді ескере отырып жетілдіре түсу жұмысын үздік­сіз жүргізу – уақыт талабы. 
Қорыта айтқанда, Қарулы Күш­тері­мізді одан әрі дамыту, заман сұранысына сай жетіл­діру, әскери дайындықты арттыру, сондай-ақ жаһандық қауіп­сіздікті нығайтуға атсалысу үшін мүмкіндіктерді ұлғайту күн тәр­тібінен түспек емес. 

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»