05 Мамыр, 2018

Қазақстан экспортының жаңа деңгейі

1877 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның мұнай мен металл, уран, астық өнімдерін экспорттаушы ел екендігі белгілі. Тіпті бұл өнімдердің экспорты жөнінен Қазақстанды әлемге танымал деп айтуға болады. Мәселен, астық экспорттау жөнінен алдыңғы он елдің қатарына қосылсақ, уран экспорты жөнінен Канадамен бірге көштің ең алдыңғы легінде келеміз.

Қазақстан экспортының жаңа деңгейі

Алайда бұлардың барлығы шикізат экспортының түрлері болып есептеледі. Яғни бұлар жөнінен біз жеріміздегі табиғат байлығын пайдаланып отырған елміз. Асты қазынаға толы жеріміз біздің әлемге танылуымызға, экономикамыздың дамып, қорлануына үлкен қызмет етіп келеді.

Дегенмен тәуелсіздік жылдарында пайда болған кәсіпкерлік қозғалыстың үздіксіз дамып жетілуі, Елбасының басшылығымен соңғы бірқатар жылдардан бері елімізде индустрияландыру бағдарламасының қолға алынып, жүзеге асуы енді біздің елімізді шикізаттан гөрі неғұрлым күрделі өнімдер шығаруға да бейімдей бастағандығын көріп отырмыз. Соның мысалы ретінде машина жасау саласының жаңа өнімдерін айтуға болады. Әлемге танымал шетелдік ірі компаниялармен әріптестік қатынастың жақсы жолға қойылуы еліміздің бірнеше өңірінде көлік құрастыру зауыттарының пайда болуына алып келді. Бұрын шетелдерде ғана шығарылып, бізге импортталатын жапон, неміс, корей, орыс көліктері енді өз ішімізде құрастырылып, халыққа саудалануда. Бұл құбылыс ел ішіндегі ескірген жеңіл көліктердің азайып, олардың орнын сылаң қаққан жаңа көліктердің басуын жеделдетті. Халықтың жаңа жеңіл көліктерге деген сұранысы, міне, осылайша өтелуде. 

Елімізде темір жол машиналарын жасау ісі жедел дамуда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының осы істі стратегиялық басымдық ретінде қабылдап, белсенді әрекет етуінің нәтижесінде осыдан оншақты жыл бұрын тек шетелдерден ғана көретін испан вагондары біздің еліміздің климатына бейімделіп, өз ішімізде шығарылуда. Сөйтіп Кеңес Одағынан мұраға қалған ескірген вагондар санаулы жылдардың ішінде күрт жаңартылды. Компанияның құрылымдық бөлімшелері мұнымен ғана шектелмей, олардың босалқы бөлшектерін де өз ішімізде шығаратын болды. Ел Үкіметінің АҚШ-тың атақты «Дженерал электрик» компаниясымен іскерлік қарым-қатынас орнатуы темір жол көлігі саласында тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде болмаған мүлдем жаңа күрделі технологияны құрастыру ісін игеруімізге мүмкіндік берді. Осы мәселеде қол жеткізілген уағдаластыққа байланысты 2006 жылы Астана іргесінен америкалық локомотивтерді құрастыратын жаңа кәсіпорын құрылысы басталған болатын. Ол тездетіп салынып, жұмысқа да кірісіп кетті. Осы уақытқа дейін ТЭ33А сериялы 300-ден астам жүк локомотиві, оншақты ТЭП33А сериялы жолаушы тасымалы локомотивтері шығарылған еді. Енді, міне, оларды өзіміз ғана тұтынып қоймай, таяу көршілерімізге де экспортқа шығара бастадық.

Мәселен, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Тәжікстан астанасы Душанбеге жұмыс сапары аясында Hyundai County маркасының қазақстандық 300 автобусын, 500 жүк вагонын, 4 маневрлік және магистральды локомотивті және 5200 тонна Р-65 маркалы рельстерін, сондай-ақ ауқымы 30 мың тонналық Рогун ГЭС-інің құрылысы үшін «Арселор Миттал Теміртау» АҚ өндіретін арматураларды жеткізу туралы коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Айта кету керек, Тәжікстан өңірлес елдер арасындағы Қазақстанның сенімді сауда серіктесінің бірі болып табылады. Еліміздің Орталық Азиядағы тауар айналымының 20 пайызы осы елдің үлесіне тиіп отыр.

Екі ел арасындағы іскерлік байланыстың келешегі жарқын деп айтуға негіз бар. Өйткені екі елдің үкіметтері алдында Мемле­кет басшыларының үстіміздегі жылдың нау­рыз айында Астанада жүргізілген келіс­сөзінің қорытындысына сәйкес өзара сауда айна­лымының көлемін 2 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. 

Демек, Қазақстан мен Тәжікстан арасын­дағы жаңа сауда келісімі туралы еліміздің мерзімді бұқаралық ақпарат құралдарында жылт етіп көрінген осы жаңалықты ел экономикасының үлкен жеңісі ретінде бағалаған жөн. Өйткені автобус, вагон, локо­мотив экспорттау дегеніміз мұнай мен астық, яғни шикізат экспорттау деген сөз емес. Әңгімеміздің басында айтып кет­кендей, мұның маңызы бұрынғыға қара­ғанда әлдеқайда тереңірек. Бұл жаңалық Қазақ­станның ендігі уақыттары адамның күші ғана емес, ақыл-ойы мен білімі жұмсалатын, осының нәтижесінде тауардың қосымша құнын қалыптастырып қана қоймай, енді сол өнімдерді сыртқа сатып пайда табатын елге айнала бастағандығын білдіреді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында көзделген негізгі мақсаттардың бірі де осы болатын. Өйткені бұл іс өнеркәсіпті ғана емес, ондағы адам капиталын дамыту мақсатымен де толық ұштасып отыр.

«Кез келген елдің өнеркәсіптік даму деңгейін ең алдымен оның машина жасау саласының даму деңгейі, яғни осы саланың шығаратын өнімдері анықтайды» деген қанатты сөз бар әлемде. Локомотив, заманауи вагондар мен автокөліктер сату дегеніміз – бұл ел экономикасының жаңа деңгейі болып есептеледі. Жүзеге асырылу үстіндегі индус­трияландыру саясатының нақты жемісі деп айтамыз біз мұны.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»