Қазақстан • 05 Мамыр, 2018

Астанада Қасым Қайсеновтің туғанына 100 жыл толуына орай жиын өтті

806 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жеңіс күні қарсаңында Астанадағы Ұлттық музейде  Қазақстанның Халық қаһарманы, әйгілі партизан Қасым Қайсеновтің туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақтың қайсар ұлы – Қасым батыр» атты жиын өтті. 

Астанада Қасым Қайсеновтің туғанына 100 жыл толуына орай жиын өтті

Іс-шара Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық музейінің ғылыми-әдістемелік қызметі, Қазақстан тарихы бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Оған Астана қаласы ардагерлер кеңесінің өкілдері, Ардагерлер ұйымы республикалық қоғам­дық бірлестігі Орталық кеңе­сі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбай, мемлекет­тік мекемелердің, мәдениет саласының қызметкерлері, сондай-ақ мектеп оқушылары қатысты.    

Салтанатты жиынның мақ­са­ты – Қасым Қайсеновтің ерлігін өскелең ұрпақтың бо­йы­на сіңіру, олардың пат­риот­тық сезімін ояту.

– Сұрапыл соғыс адам­затқа құлақ естімеген, көз көрмеген қиындықтарды алып келді. Соның салдарынан 50 миллион адам қаза тапты. Ал оның 27 миллионы елін, жерін қорғаған Кеңес Одағының Батырлары еді. Ал Қазақ елінен бір миллионнан астам адам соғысқа аттанды. Яғни сол кездегі Қазақстан халқының 25 пайызы қатысты. Оның 600 мыңы соғыс даласында шейіт болды. Мұндай көрсеткіш Кеңес Одағының құрамындағы рес­пуб­ликалардың ешқай­сы­сында болмаған, – деп еске алды Өмірзақ Озғанбай.

Сөз арасында ол еңбек ар­миясында 700 мың қазақ­стандық болғанын айтып берді. Бұдан бөлек Қасым Қай­сенов­пен талай рет дастар­қандас болғанын тілге тиек ете отырып, өз аузынан естіген қызық­ты әңгімелерімен бө­лісті.

Жиын барысында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Марал Балтышев сол кезеңдегі жұрттың қай­ғы­дан қан жұтқан күндері, Отан үшін от кешіп, жанын берген батырлардың ерлігі біздің де, келер ұрпақтың да мәңгілік жадында болатынын айтты.

– Ұлы Жеңіске қол жеткіз­ген қазақ жауынгерлері болатын. Олар Қасым Қай­сенов, Ба­уыржан Момыш­ұлы, Рейх­стагқа алғаш болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев секілді батырлар еді. Партизан Қасым Қайсеновтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Оның еңбектері мен ерліктерін наси­хат­тау баршамызға парыз деп білемін, – деді Марал Бал­тышев.

Жиын барысында «Дала өр­нектері» атты Отан қорғау­шыларға арналған және «Соғыс жылдарындағы қа­зақ­­стан­дықтар» деген та­қырыпта кітап көрмесі ұйым­дастырылды. Бұдан бөлек жауынгерлердің медальдары, қарулары, ұстаған заттары жеке көрме ретінде таныстырылды.

Аян ӘБДУӘЛИ, 
«Егемен Қазақстан»