Аймақтар • 05 Мамыр, 2018

Павлодарда майдангердің ордені ұлына табыс етілді

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан 20 жыл бұрын облыстағы «Славян» этномәдени орталығы «Вахта памяти» атты жоба бастаған. Бірлестік мүшелері 1941-1945 соғыс жылдарындағы құжаттарды іздестіруге, тарихты естелік ретінде мәңгі сақтауға және оны ұрпақтар арасында насихаттауға өздерінің үлестерін қосуда.

Павлодарда майдангердің ордені ұлына табыс етілді

Суретті түсірген Мақсат АЙТБАЙ

Соғыс өртін көрген аталар­ға тағзым жасау – жас ұрпақ парызы. 9 мамыр мерекесі күні жергілікті бюджет есе­бінен өңірде тұратын соғыс ар­да­герлеріне 150 мың теңге көлемінде сыйақы мен 10 мың теңгеге азық-түлік жиынтығы берілмек. 

Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің айтуынша, өңірде Ұлы Отан соғысының 104 ардагері бар. Өткен аптада ғана І, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің және «Ерлігі үшін» медалінің иегері Бұ­хариден Сермұхамбетұлы 109 жасында өмірден озды.

Ал облыс орталығында тұратын майдангер Ғабдолла Бейсенбаев қазір 100 жасқа келді. Соғыс өртін көрген аталарға тағзым жасап, аудан, қалалар көшелеріне 70-тен астам ардагердің портреттері ілінді. Қазақстандық Жеңіс лентасы жасалды. Аймақтық телеарналардан ішкі саясат басқармасы әзірлеген Кеңес Одағының Батыры атағын алған 23 павлодарлық туралы бейнероликтер көрсетіледі. Іздестіру жасақтарының бас­тамасымен көктемгі еске алу шаралары өтуде. 27 сә­уір­­­де «Батырлар жолымен – Дорогой славы» жобасы шеңберінде облыс делегациясы Волгоград облысы «Мамаев қорғаны» аумағында Сталинград үшін шайқасқан қазақстандықтарға арналған ескерткіштің ашылуына аттанды. 

«Славян» этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кузинаның айтуынша, Достық үйінде Виктор Бочинге тапсырылған марапат ерекше болды. Соғыс­қа­ қатысқан көптеген май­дан­­гер­лер өздеріне бе­ріл­­­­­­­ген марапаттардың бар еке­­­нін біле алмай да кетке­нін ес­кере сөйлесек, соғыс­та­­ та­ғайындалған бұл на­гра­далар­дың бұйрықтары архив­­терде сақталуда. Бү­гін­­гі күні майданға аттан­ғандардың ұрпақтары үшін осы наградалардың куәлік­терінің көшірмелерін жасау мүмкіндігі туды. Талай жыл­дан соң майдангер Захар Бочиннің үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені мен куәлігі оның ұлы Виктор Бочинге та­быс етілді. Марапаттау рәсі­міне Ресейдің Өскемендегі Бас консулдығының атташесі Даниил Лапач қатысты. Ал В.Бочин­нің әкесінің наградасы бар екендігі «Подвиг народа» сайты арқылы анықталыпты.

– Ленинградтағы ауылша­руа­шылық институтын бітір­ген менің әкем Павлодар облысына көшіп келеді. Ол кісі 1943 жы­лы майданға аттанған кез­де үйде 3 бала қалдық. Әкем соғыстан оралған соң, тағы да 6 баласы дүниеге келді. Көп жылдар Павлодар өңірінде зоо­техник болып еңбек етті. 1979 жылы қайтыс болды. Бүгінгі күн біздің әулет үшін ерекше күн! – дейді Виктор Захарович. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР