Футбол • 05 Мамыр, 2018

Кубокқа Мадрид пен Марсель таласады

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуропа Лигасының финалына шыққан қос команданың есімі белгілі. Өз алаңында «Арсеналды» жеңген «Атлетико» Мадрид пен «Зальцбургтен» басым болған «Олимпик» Марсель 16 мамыр күні Лион қаласында өтетін финалда кездеседі. 

Кубокқа Мадрид пен Марсель таласады

Алғашқы ойында өз мүмкіндігін пайдалана алмаған «Арсеналдың» ешкімге өкпесі жоқ. Өз мүмкіндігін өзі пайдалана алмай, жартылай финалдан кері қайтты. Маусым соңында «Арсеналдың» бас бапкері Арсен Венгер қызметінен кететіні белгілі. Соңғы ойынында бір трофей жеңіп кеткісі келген атақты бапкердің ойы іске аспайтын болды. Еурокубокте 250 ойында «Арсеналды» алаңға алып шыққан аңыз адамның клубпен қоштасуы да сүреңсіз болғалы тұр-ау. 

Ал «Атлетико» үйреншікті жағдайда финалға шықты. Еуропа Лигасына бей-жай қарамайтын Диего Симионе командасы кезекті мәрте финалға өтті. Өз алаңындағы ойында Диего Костаның соққан жалғыз голы испандарды ақтық сынға шығарды. «Висенте Кальдерон» стадионында соңғы 5 халықаралық ойынды жеңген мадридтіктер қақпасына гол да жібермей келеді. 

Екінші жартылай финалдық матч та тартысқа толы болды. Аустрияның «Залцбургінен» мұндай тегеурінді ешкім күтпеген болатын. Асықпай жүріп 2 доп соққан алаң иелері «Марсельдің» апшысын қуырды. Франциялықтар қарсыласты қалпақпен ұрып аламыз деп жүріп, матч соңында қалбалақтап қалды. Текетірестегі есеп теңескен соң, төреші қосымша экстра-тайм жалғады. Сөйтіп 116 минутта қорғаушы Роланду соққан гол «Олимпикті» финалға алып шықты. 

16 мамыр күні Лиондағы «Стад де Лион» стадионында финалда осы турнирдің екі мықты ұжымы бақ сынайды. Жеңімпаз команда Еуропадағы ең ауыр, 15 кило тартатын кубокты иемденеді. Сонымен қатар жеңімпаз команда келесі жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне топ ете түседі. Бұл жолдамаға «Атлетикодан» гөрі «Марсель» қатты қызығып отыр. Себебі Руди Гарсияның командасы қазір Франция чемпионатында 4-орында келеді. «Монако», «Лион» секілді клубтармен Чемпиондар лигасының жолдамасына таласу қиындау екенін жанкүйерлері де жақсы түсінеді. 
Тарихтан келтірер болсақ, 1999 және 2004 жылдары «Марсель» финалға шығып, екеуінде де жеңіліс тапқан еді. Енді француздар «ер кезегі үшке дейін» деп отыр. Ал «Атлетико» 2010 және 2012 жылдары Еуропа Лигасын ұтып алды. 

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»