Аймақтар • 05 Мамыр, 2018

Жерді үй салуға емес, сатуға алатындар көп

556 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары республика қалаларында азаматтардың жер телімін иеленуіне байланысты күрделі жағдайлар қалыптасқаны жасырын емес. Кейбір аймақтарда тұрғын үй салу үшін жер телімдерін беру ісі кідіріп, тіпті мүлдем тоқтап қалды десе де болады. Соның салдарынан кезекке тұрғандар саны тым көбейіп кеткені де шындық. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында жер телімін алуға өтініш бергендердің кезегінде 130 мыңға жуық адам тұр екен.

Жерді үй салуға емес, сатуға алатындар көп

Аталған сан күн сайын көбейіп барады. Ақтөбе қалалық жер қа­тынастары бөлімінің басшысы Ұш­­қын Мыңбаевтың газет тілшісінің сауалына орай жолдаған деректеріне сүйенсек,  тек биылғы жылдың бірінші тоқсанында бес мыңнан астам азамат жеке баспана тұрғызу үшін жер теліміне өтініш берген. Бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде алғанда бұған дейінгі он жыл бойы беріліп келген жел телімдерінен екі есе артық болып шықты. Осы арада Ақтөбе қаласында өткен жылы 2006 жылдың кезегіне жер берілгенін, ал биыл 2007 жылдың кезегі беріле бастағанын, мұның өзі өзге қалалармен салыстырғанда тәуір көрсеткіш екенін айтқан жөн.

Қысқасы, Ақтөбе қаласында бір­тіндеп болса да жер телімін беру үрдісі жалғасып келеді. Ал оның пай­даланылуы қандай деңгейде? Бұл сауалға жауап қайтаруға келгенде жер шұқып қалғандай күй кешеміз. Неге? Өйткені Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов мәлімдегендей, жер телімі дегеніңіз құлазыған қу дала емес. Керісінше газ, су құбырлары мен электр желілері тартылған тұтастай инженерлік-коммуникациялық жүйе. Тағы бір сүйсінерлік жайт – соңғы кезде аймақта бұл іс қалыпты арнасына түсіп келеді. Ақтөбеде қазіргі таңда азаматтардың жер телімін алып, жеке тұрғын үй құрылысын бастауына ешқандай кедергі жоқ. 

Мәселе – ақтөбеліктер арасында дербес баспана тұрғызуды емес, керісінше тұрғындар арасында жер телімін өз тарапынан қайта сатуды ниет еткендердің қатары көбейіп отыр­ғанында. Бүгінгі күні үй салушыдан гөрі, жер телімін сатушылар саны өсе түскені таңғалдырады. Мұндай көрініс қала тұрғындарының жер телімін өз мақсатына пайдалану мәселесінде бірқатар келеңсіздіктер орын алып отырғанын көрсетеді.

Мұны сарапшылар мен салалық мамандар заң талаптарына қайшы іс-әрекет деп есептейді. Олардың мәлімдеуінше жер телімін алған соң бас­панасын тұрғызбаған, тіпті ірге­тасын құймаған азаматтар үшін жер телімі әзірге олардың басыбайлы мен­шігі болып табылмайды екен. Бұл жер телімін сатып алған адам оның толық­қанды иесі бола алмайды дегенді білдірді. 

Солай бола тұрса да, мұндай үрдіс­тер тіпті де тыйылар емес. Тағы бір қызығы, қолында қаржысы жоқ, үй тұрғызуды материалдық жағдайы мүл­дем көтермейтін тұрғындар да жер телімін алудан бас тартпайды. Мұның сыры, жоғарыда айтылғандай, оны өзге азаматтар мен тұрғындарға қайта сатып пайда табуға тырысуда. Түптеп келгенде екі жақты да сазға отырғызуы мүмкін екені ескерілсе, теріс іс-әрекеттерге бой ұрушылар саны азаяр ма еді, қайтер еді? Ал әзірше игерілмеген жер телімдерін бір емес-ау, бірнеше рет сату көріністері жалғаса түсуде.

Мысалы, қолда бар деректің бірі Ақтөбе қаласының іргесіндегі «Ақжар-2» тұрғын үй алабында №705 жер ­телімі қала әкімдігінің 2011 жылғы 3 мамырдағы №1107 санды қаулысы негізінде азамат М.Жандостың атына бөлініп берілгенін айғақтайды. Аталған жер телімі бүгінгі күнге дейін өз мақсатына сәйкес пайдаланылмай келеді. Мұндай мысалдар жеткілікті.

Бұдан қандай түйін жасауға болады? Елімізде жер телімін бөлу мәселелері арнайы заң аясына жүргізіледі. Қазіргі кейбір қайшылықтар оған қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Осыған орай Ақтөбе қала­лық жер қатынастары бөлімі Ауыл шаруашылығы министрлігі атына жазбаша ұсыныс білдіруді қажет деп тауыпты. Аталған мәселе жоғары атқарушы және заң шығарушы органдар тарапынан қолдау тауып жатса, тәжірибеде өзін-өзі толығымен ақтай­тыны аян. Әрі мұндай жағдайда жер телімін өзге мақсаттарға пайдалануды көздейтіндерге тиісті шаралар қабылдау жолы табылар еді дейді ұсыныс иелері.

Қорыта айтқанда, жер телімін пай­далануға байланысты орын алып жүрген түйткілдерді азайту немесе түбегейлі жою – бүгінгі күннің бас­ты міндеттерінің бірі. Тек сонда ғана еліміздегі «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының көші алға қарай оза берері анық.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ 

Соңғы жаңалықтар