Президент • 10 Мамыр, 2018

Елбасы Жетісу өңіріндегі жұмыс жағдайымен танысты

231 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Елбасы Жетісу өңіріндегі жұмыс жағдайымен танысты

Қазақстан Президенті Алматы облысының Үшарал қаласына келгеннен кейін жаңа әуежайдың қызметімен және облыстың шағын авиация саласын дамыту перспективаларымен танысты.

Алакөл ауданының Ақши кенті стансасындағы темір жол вокзалының жаңа ғимаратын аралап көрген соң, Мемлекет басшысының төрағалығымен еліміздің туризм саласын және көлік-логистика инфра­құ­ры­лымын дамыту мәселелері жө­нін­де кеңес өтті.

Жиын барысында өңір бас­шысы Амандық Баталов Нұр­сұлтан Назарбаевқа Алматы об­лы­сын­дағы туризмнің даму барысы жө­нінде баяндады.

– Соңғы төрт жылда облыста туристік қызмет көрсету көлемі екі есе артты. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 3,9 миллиард теңгені құраса, 2017 жылы 8,3 миллиард теңгеге өсті. 2018 жылы мұны 10 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алакөл ау­данында көрсетілген қызмет кө­ле­мі 2017 жылы 3,5 миллиард тең­геге жетіп, 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда 8 есе артты, – деді Алматы облысының әкімі.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдар­ла­масының жергілікті және рес­публикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға қатысты бөлігінің іске асырылу барысы жөнінде баяндады.

– 2017 жылы республикалық маңызы бар 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолына жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Со­ның ішінде 603 шақырым жол пай­далануға берілді. Жалпы, 2022 жылға дейін 24 мың шақы­рым жолдың барлығы бір қалып­қа келеді деген ойдамыз, – деді Ин­вес­тициялар және даму министрі.

Сондай-ақ, кеңесте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев Мемлекет бас­шысына Алакөл демалыс айма­ғының 2020 жылға дейінгі көлік­тік қолжетімді картасын таныстырып, транзиттік тасымалдау ісін дамыту стратегиясының жүзеге асырылуы барысы жөнінде баян­дады.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­ха­медиұлы ішкі және сыртқы туризмді дамыту жолында барлық кедергілерді алып тас­тау мақсатымен Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған тапсырмалардың іске асырылуы, сонымен қатар ЭКСПО-ның жағымды әсерін қолдау үшін министрлік тарапынан атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады.

– Еліміз туризмнің экономикалық әсерін іс жүзінде ЭКСПО-ны өткізу барысында сезінді. Сол кезде Қазақстанға 7 миллионнан астам турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Ішкі туризм легі 20 пайызға артып, шамамен 6 миллион адамға жетті, – деді ведомство басшысы.

Кеңес қорытындысы бо­йынша және туристік клас­тер нысандарын аралағаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның туризм саласын одан әрі дамыту үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді.

– Алакөл Қазақстан бойынша ең көп демалушы баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орналасуымен ерекшеленіп, барлық өңірдің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Көлдің бірегейлігі суының емдік қасиетіне байланыс­ты. Оның құрамында радон, сіл­ті және басқа да пайдалы эле­менттер бар. Осыған байла­ныс­ты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңыз­ды, – деді Мемлекет басшысы.