Парламент • 10 Мамыр, 2018

Қазақстан мен Польша Сенаттары диалогты нығайтуда

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Төлеубек Мұқашев Польша Сенаты Денсаулық сақтау мәселелері комитетінің төрағасы Вальдемар Краскамен және Польша Сенаты Эмиграция мәселелері және шетелдегі поляктармен байланыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Артур Важохамен кездесу өткізді.

Қазақстан мен Польша Сенаттары диалогты нығайтуда

Польша делегациясын қарсы ала отырып, Т.Мұқашев екі елді дәстүрлі түрде жылы әрі достық қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған кезден бастап ширек ғасырда барлық деңгейдегі тұрақты саяси диалог орнатылды. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшаға 2016 жылғы мемлекеттік сапары табысты болды. Польша Президенті Анджей Дуданың Қазақстанға сапары екіжақты байланыстарды нығайтуға едәуір үлес қосты, ол «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіндегі Польшаның Ұлттық күніне қатысты.

Сенатор қонақтарды Парламенттің жоғарғы Палатасының Қазақстанның саяси өміріндегі рөлі туралы, сондай-ақ саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды заңнамалық тұрғыдан қолдау бойынша депутаттар тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыс жайлы хабардар етті.

Т.Мұқашев Қазақстан-Польша парламентаралық диалогы деңгейіне жоғары баға берді. 2016 жылы Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруы бойынша Польша Сенатының Төрағасы Станислав Карчевскийдің Қазақстанға ресми сапары болды. 2017 жылғы маусымда Астанаға Польша Сенатының вице-спикері Мария Коц келді.

Гуманитарлық байланыстарға тоқтала келе, Т.Мұқашев Қазақстаннан шыққан поляктардың ерекше рөлін атап өтті, сенатордың сөзінше, олар «халықтарымыздың арасындағы достықты рухани байланыстырушы әрі нығайтушы дәнекер» болып табылады.

Өз кезегінде В.Краска мен А.Важоха Қазақстан халқына тарихтың қиын-қыстау кезеңдерінде өз отандастарын жылы қабылдағаны үшін алғыстарын білдірді. Польша парламентшілері мемлекеттеріміздің саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы стратегиялық әріптестігі одан әрі кеңейе түсетіндігіне сенетіндерін айтты.

Кездесуге Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Нұржан Нұрсипатов қатысты.