11 Мамыр, 2018

Әнші мен сәнші

901 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Алыстан сермеп, Жүректен тербеп, Шымырлап бойға жайылған» деп данышпан Абай ардақтаған қазақ әнінің заманға сай әуен ғой делінетін қазіргі кейбір сарынын түсініп, түйсінудің өзі қиындап бара жатқандай. Тіпті ондай «дүниелер» ду мен шуылдың, әр жерге «телініп» жүрген шоудың шеңберіндегі шермендедей сезіледі.

Әнші мен сәнші

Талап болмаған жерде талғамның әлсі­рейтіні тәрізді, үй мен түзде ұлттық мән-мәнері кем әлгіндей сарын сарнай берген соң, тыңдаушы да мықты ән осы екен деп қала ма, қол соға салуға, тіпті сұраныс жасауға әзір тұратындай көрінеді. Соны пайдалана ма, әлде бары сол ма, кейбір әнші аталып жүргендер халық қандай әнді қажет етіп отыр демей, техниканың «көмегімен» зау­лата беретіндей. Шындығына келгенде, ән әншіге жарнама емес, тыңдаушының жан дүниесіне жол таба білуі тиіс. Жұрттың көңіл күйін тап басып, жабырқап отырғанды жадыратып, көңіліне нұр құйса, құлақ құрышын қандырып, сезімін сергітсе, міне, өнер деп осыны айтса керек. Кейде жарнамасы жер жарған концертке барсаңыз, сахнада «өлі» дауыспен ән салып жүргендей көлбеңдеген кейіптегі әншіні көресіз. Тарсыл-гүрсіл аспаптардың үні естен тандырады. Әрине, бұл уақытқа қарай жастарға жағар, ал үкілі үмітпен барған үлкендерді риза ете қояр ма?

Осындайда есіңе сахараны сахна еткен, қолдағы бар «қаруы» домбыра болған нағыз тірі дауыс иелері, ұлт әншілері еске түседі. Олардың үні алты қырдың астына естіледі екен. Бала кезімізде ауылдың көнекөздері әнші Әміре Қашаубаевтың Алатаудың баурайындағы атақты Қарқара жайлауына келіп ән салғанын, қайнап шыққан бастаудың зәмзәм суындай таза үні шыңды жаңғыртқанын тамсана айтатын еді. Кейін Жарқын Шәкәрім сол Әміре әндерін тауып әкеліп, қазаққа тыңдатқанда, ұлы Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков асылын егіліп тұрып еске алып, арасында үн қосқанда әлгі көнекөздер сөзінің ақиқат екеніне көз жетті. Одан кейінгі жезтаңдай әншілеріміз Күләш Бай­сейітова, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Рәбиға Есімжанова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, арамызда жүрген болмысы бөлек өнер тарландары – Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, өзге де тума таланттар кері тартқан кеңестік заманда топ жарып, болмайды дегенді болдырды. Толмайды дегенді толтырды. Сөйтіп ұлтын танытты. Жасыратыны жоқ, сол алыптардың дара да дана жолын кей тұста, алда айтқанымыздай шоу қуғандардың риясыз жалғауы былай тұрсын, жар басына апарып қойғандай әсер қалдырады. Неге дейсіз ғой, кейбір концерттер қазақтың домбырасынсыз өтіп жүр. Ол аз десеңіз, қазақ радиосы мен телеарналар да ұлт рухының қазынасы саналатын ұлттық аспаппен сүйемелденетін жауһарларымызды сирексітіп бара жатқандай.

Кеш өткізу жағына келгенде сол ұлттық аспапта өнер көрсететіндер көп ұмтыла қоймайтыны байқалады. Айталық, қазақ әнінің туын көтерген жақсылардың біразының көзін көріп, тәлімін алған, үні өрен, мақамы мақпал, болмысын халықты қалыптан ауытқытпай сап алтындай сақтап келе жатқан Қайрат Байбосыновтың өнер кешін қашан өткізгенін еске түсіре алмадық. Бірақ дара әншіге сара көңіл жұрттың ілтипаты қашан да бөлек екені мәлім. Ұлтына Тәңір сыйлаған талант соны біледі. Білген соң кем таланттардай жарнамаға көп жолай қоймайды. Әйтсе де заманды желеу етіп, ұлт әнін жеңіл әуеннің жетегінде әлсіретуге болмайды. Қазір өзге жұрттармен мидай араласып жатырмыз. Қаумалап өсіп келе жатқан ұрпақ та баршылық. Олар әлгіндей техниканың көмегімен жаздырған «өлі» дауыспен айтқандарға қарап, «Қазақтың әні осы болғаны ма?» дер ме екен деп қиналасың. Өз ұрпағымыз солардың соңында кетіп, ол келе-келе орнығып қалса, бұл нағыз өнерге кешпес қиянат болары хақ. Өткен ғасырдағы қазақ руханиятын жоғары бағалаған әлемдік зиялылардың сөзі де жалған болып қалатындай көрінетіні бар. Табиғилықтан аулақ, айқай-шуы көп ән дегендердің сөзі де оңып тұрған жоқ. «Көзінің қаралығы қарақаттай, Сөзі бар ақ қағазға жазған хаттай,.. Көтеріп алақанға отырсаң да, Білінбес ауырлығы бір мысқалдай» (Естай) болып келмейді, «Тарылады демім кейде, Сені ойлаған кезде. Түсем түсініксіз күйге, Босат мені лезде. Қаншама бос сөз, Арада болмайды олсыз. Эй! Baby! Ғашықпын саған ес-түссіз» – бүгінгі ғашықтарға арналған ән сөзі осы.

Қазір әншілердің көбі әншіден гөрі сәнші деуге келеді. Сахнаға шыққандағы киімдері қазақ талғамына келмесе де, керемет, көздің жауын алады. Бірақ аузы жыбырлағанымен «өлі» дауысы көңілді көншітпейді. Жарық сөнсе бітті дей бер. Ең сорақысы, халықтың ілтипатына бөленген кейбір керемет әндерді дәуірге қарай құлпыртамыз деп құрдымға жіберетіні өкіндіреді. Бұған бір тыйым болмаса болмайды. Қазір әнші болу оңай тәрізді. Бұл келе-келе шын талантты, яғни нағыз әншіні шаңға көміп, сәншіні алға оздырып жіберуі кәдік. Егер оған жол берсек, азат елдің өнері шоудың шылбырында кетіп, алыптар салған сара жол көмескіленіп, кейін аңызға айналуы да ғажап емес. Ұлттың рухани құндылығы саналатын ән өнерінің ұлттық үлгісін өз қалыбында жаңғырту қажеттігі туындап-ақ тұр. Ол үшін көңілге қарамас бір көркемдік кеңес керек сияқты. 

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»