Қазақстан • 11 Мамыр, 2018

Арал теңізіне қарай ғылыми-танымдық экспедиция жолға шықты

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Арал теңізіне қарай QazaqGeography ғылыми-танымдық экспедициясы жолға шықты. 

Арал теңізіне қарай ғылыми-танымдық экспедиция жолға шықты

Назарбаев университетінен сапарға аттанған «Қазақ ұлттық жағрафия қоғамының» экспедициясы 10-29 мамырда Солтүстік және Оңтүстік Арал аралығын жүріп өтпек. Экспедиция құрамында гидробиолог ғалымдар, картографтар, мәдениеттанушылар, археологтер, экологтер, биологтер, журналистер мен фотографтар бар.   

Экспедиция мүшелері тұз­дың, фосфордың, қышқылдың мөлшері, судың ластануы және планктондардың биоалуан­ды­лығы туралы мәліметтерді жи­нақтап, ғылыми сынамалар жүргізу нәтижесінде Сол­түс­тік және Оңтүстік Арал эко­жүйесінің даму барысын анық­тау­ды, сондай-ақ Арал өңірі бойынша туристік карта жасау мен бірегей фото және бейнематериалдар жинауды да көздейді. 

Қазақ ұлттық жағрафия қо­ғамы басқарма кеңесінің төраға­сы, Назарбаев Университеттің инновациялар жөніндегі вице-президенті Қанат Байғариннің айтуынша, Арал теңізіне QazaqGeography осымен үшінші рет экспедиция жіберіп отыр.

– Біз Арал өңірінің тұрақты даму мүмкіндігін, экономикалық және туристік әлеуетін зерттеуді жалғастырамыз. Арал теңізінің қасіреті туралы үнемі айта бергеннен гөрі, аталған өңірдің даму басымдықтарын түсінген абзал. Адамдар ол жақтан кө­шу­ді қаламайды, көбіне қалуға тырысады. Сондықтан біздің міндетіміз, әсіресе қазіргідей кіші Арал қайтадан қалпына кел­тіріліп жатқан кезде өңірде­гі жұмыс орындарының мүмкін­дігін анықтау болмақ. Экспе­ди­ция­ның өз істерін жетік білетін адал мүшелеріне ризашылық біл­діре отырып, жұмысына сәттілік тілейміз, – деді Қ.Байғарин.

19 күнге созылатын саяхат ба­рысында 20 адамнан тұра­тын экспедиция мүшелері жол талғамайтын бес көлікпен елі­міз­дегі және Өзбекстан елінің аума­ғындағы 7 мыңға жуық ша­қы­рымды басып өтпек. Сәтін сал­са, Астанадан шыққаннан кей­ін Қарағанды – Балқаш – Шу – Та­раз – Шымкент – Ташкент – Са­марқан – Бұқара – Үргеніш – Нү­кіс – Мойнақ – Арал теңізі – Бей­неу – Бозой – Арал теңізі – Арал – Қызылорда – Жезқазған – Қа­рағанды бағыты арқылы жү­ріп өтіп, қайтадан елордаға оралады. 

Экспедиция жетекшісі, QazaqGeography менеджері Нұр­жан Алғашов Арал теңізінде он шақты сынама алынып, жан-жақты зерттеу жүргізілетінін жеткізді. Ал «Авалон» тарихи-жағрафиялық қоғамының жетекшісі Виталий Шуптардың айтуынша, Арал теңізіндегі кемелер зиратын көру үшін еуропалық және америкалық туристер ұзақ жолды джиптермен де, мотоциклмен де, тіпті велосипедпен немесе жаяу жүріп өтуге бар.

Саяхатшыларға та­рих­тың кейбір парақтары, әсіресе Арал маңайындағы кеңестік кезеңнің көріністері өте қызық. Бұл дәл сол кезде орын алған экологиялық апат болғандықтан, қаңырап қалған кемелер фотосурет үшін таптырмас нысандар. Сол үшін де адамдар мыңдаған шақырымды басып өтіп келеді»­ деді ол. Сонымен бірге трансше­каралық туризмді дамыту ор­талықазиялық елдердің барлы­ғына да маңызды екенін жеткізді. 

2016 жылы Назарбаев Универ­ситеттің ғалымдары аталған экспедиция құрамында Солтүстік Аралдың бірқатар бөлігіндегі су­дың гидробиологиялық жағ­дайын зерттеген болатын. Сол кезде ғалымдар Солтүстік Арал­дың орташа тұздылығының тө­мен­деу үдерісін байқаған-ды. Яғни, бұл Солтүстік Аралдағы эко­логиялық ахуал біртіндеп жақ­­сарып келе жатыр деген тұжы­рымға негіз қалады. 

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»