Қазақстан • 14 Мамыр, 2018

Астанада азық-түліктен тапшылық болмайды

479 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астана елорда болғалы халқының саны 5 есе кө­бейіп, 1 миллионнан асты. Ауыл шаруашылығы минис­трл­ігінің деректеріне сүйенсек, күн сайын елорда­ның халқы 635 мың тон­на әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерін тұты­нады. Оның 22 пайызы қа­лада өндірілсе, 35 пайызы шаһармен іргелес жатқан азық-түлік белдеуінің үле­сінде. Қалған 43 пайызы осы белдеуден тыс өңі­рлерден жеткізіледі. Қа­рап отырсақ, 1 миллионнан астам адамды азық-тү­лік­пен қамту оп-оңай жұмыс емес екен.

Астанада азық-түліктен тапшылық болмайды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Жеңсік ас жеткілікті ме?

Осындай жайттарды ескерген Елбасы Н.Назарбаев 2008 жылы Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдеріне, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министріне Астананың азық-түлік белдеуін құруды атап тапсырған болатын. Бүгінде елорданы тиісті азық-түлік түрлерімен қамту шаһарды дамытудағы басты бағыттардың бірі ретінде қарастырылады.

Таяуда ғана Президент Н.На­зарбаев елорданы одан әрі дамыту барысы талқыланған жиында Премьер-Министрдің орынбасарлары Ерболат Досаев пен Өмірзақ Шөкеевке азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді кезекті мәрте тапсырғаны есімізде.

«Нағыз тәуелсіз мемлекет – өзін азық-түлік түрлерімен қам­та­масыз ете алатын мемлекет. Біз ауыл шаруашылығы дамыған елміз. Соған қарамастан әлі күнге дейін өзімізде бар ет, шұжық, кө­көніс, жеміс-жидекті шетел­ден әкелеміз. Оның бәрін 100 пайыз қамту қиын екенін түсі­немін, бірақ жұмысты дұрыс ұйым­дас­тыру керек», деген болатын Мем­лекет басшысы.

Қазіргі таңда қала әкімдігі Елбасының тапсырмасын орындау мақсатындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жоба елорданың ғана емес, орталық және солтүстік аймақта қоныс тепкен халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал еткенін уақыттың өзі дәлелдеді деуге болады. Сонымен қалалық ауыл шаруашылығы басқармасынан алын­ған деректерге көз жіберіп кө­рейік. Бүгінде бас қаланың айна­ласын қоршай орналасқан азық-түлік белдеуінің аясында тамақ өнімдерін өндірумен және өң­деумен шұғылданатын мыңға тар­та кәсіпорын жұмыс істейді екен.

Бас қаланың базарларының сөре­сіне ет, май, сүт, ұн тағам­дары, өсімдік майы, көкөніс сынды әлеуметтік маңызы ерекше де­ген 33 түрлі тағам тұрақты түр­­де түсіп тұрады. Көкөніс пен жеміс-жидек негізінен Ақ­мо­ла, Қарағанды облыстарынан жет­кізіледі. Әрине бүгін мол өнім­нің алдағы уақытта тапшы болып қалмайтынына ешкім ке­піл­дік бермейді. Соны күні бұрын ескерген Астана әкімдігі қала ма­ңында ауылшаруашылық өнім­дерін өндірудің біртұтас жүйесін қа­лыптастыруды қолға алғанын атап өткен жөн.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құр­мановтың айтуынша, азық-тү­лік белдеуі қа­ланың жұ­мырт­қа, қызылша, құс еті, кар­топ, қияр, томат, жылқы еті мен шош­қа етіне деген сұ­ра­ны­­сын толық өтейді.

– Сүтпен, қышқыл сүт өнім­дерімен, сары маймен, ірімшікпен қам­туға да әлеуеті жеткілікті. Қой еті, шұжық, қырыққабат, сә­біз сын­­ды азықпен толық қам­ту­ға да мүм­­кіндік бар. Ал балық, пияз, күн­­бағыс майын өндіру Ас­та­на­ның маңайындағы аймақтарда онша дамымаған, – дейді Р.Құр­манов.

Азық-түлік белдеуі Астанаға отыздан астам тағам түрлерін жеткізуге қабілетті. Оны жү­йе­лі түрде жүргізіп отыру үшін ат­қарылуға тиіс шаруа да шаш-етек­тен. Қалалық ауыл шаруашы­лығы басқармасы бірінші кезекте Астананың айналасындағы фер­мерлерді өндіріске жұмылдыру керек деп санайды. Шындығында, ауыл­шаруашылық өнімдерін өткі­зетін нарық ретінде Астана өте тиімді. Әсіресе қалаға жа­қын ор­на­ласқан «Родина» агрофирмасы» ЖШС, «Ижевский» өндірістік кооп­е­ративі» ЖШС, «Астана МИА­КРО» асыл тұ­қым­ды шаруа­шы­лығы» ЖШС сынды кәсіп­орын­дардың айы оңынан туып тұр деуге болады. Күнделікті тұтыны­латын тауар түрлерін айтпаған­да, қоян еті, бөдененің еті мен жұ­мыртқасы сынды жеңсік асты да елорданың сауда орындарының сөресінен кезіктіруге болады.

Қашықтау орналасқан ша­руа­шылықтар мен кәсіпорындардың өнімді тасымалдауға көп шы­ғын­данатынын, оларға ауа райының қолайсыздығы қосымша кедергі келтіретінін, азық-түлікті бұзбай сақтаудың қиындығын ескерер болсақ, өндірушілерге қосымша қолдау қажет. Осыған орай, азық-түлік белдеуіне «Арнайы эко­но­микалық аймақ» мәртебесін беріп, бірқатар көмек түрлерімен қамту қарастырылып отыр.

Астана іргелес орналасқан Қарағанды, Ақмола облыстары үшін өнімдерін өткізетін ең ірі нарық саналады. Мәселен, бір ғана Ақмола облысында азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасының аясында жалпы құны 9,2 мил­лиард долларға бағаланған 11 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыс шаруашылықтары елор­даны ұнмен 100 пайыз, жұ­мыртқа және картоппен 52 пайыз, ет өнімдерімен 50 пайыз мөл­шерінде қамтамасыз етуде.

Дегенмен, қала әкімі Әсет Исе­­­­кешев атқандай, Ақмола об­лы­­­­сында игерілмей жатқан бос жер­­­­лер әлі де жеткілікті. Отан­дық және шетелдік инвестор­лар қа­ражат құйса, бұл жерлер­ді азық-түлік өндірісін дамы­туға пай­­далануға болар еді. Бір­лескен ло­гис­тикалық орталық­тар, ірі қой­малар, жылыжай шаруа­шы­лық­тарын, басқа да пайдалы өн­діріс­тер құру елорданы азық-тү­лік­пен қамтуға ғана емес, жалпы да­муына да тың серпін берері сөзсіз.

Қойма көптік етпейді

Жылдың төрт мезгілінде Ас­тананы көкөніспен, жеміс-жи­декпен қамтамасыз ету үшін қа­лада «Астана Агро» ЖШС, «Ас­­­тана-Агро-АА» ЖШС, «Агро­­­Нива» ЖШС, «Кар­топ жә­не кө­көніс» ЖШС, «Arul com­­­mu­­ni­­ca­tion» ЖШС, «Целин­сель­­маш» ЖШС сынды бас-аяғы 8 қойма са­лын­ған. Сегіз қой­ма­ның жалпы сы­йым­дылығы 45 мың тон­наға жуық­тайды. Ша­мамен ал­ғанда қала нарығында са­ты­латын жемістің – 40 пайызы, көкөністің 20 пайызы осы қой­ма­лардан алынады екен. Қала ұлғай­ған сайын қоймаға деген қа­жеттілік те артып келеді. Осыған орай Астана әкімдігі жалпы сақ­тау көлемі 35 мың тоннаға жете­ға­был тағы 9 қойманың құрылысын жүзеге асырып жатыр.

Астанаға жыл сайын 1800 тонна көкөніс пен жеміс-жидек беріп отырған «Ас­танаЭкоСтандарт» жылыжайын заманауи талаптарға сай кешен десек қателеспейміз. Ин­тел­лектуалды басқару жүйе­сімен жабдықталған, үш гектар аумақты алып жатқан жы­лыжай жылдың төрт мез­гілінде қа­лаға қияр мен қыза­нақ­тың түр­лі сұрыптарын жібе­реді. Жылы­жайдың бас агрономы Людмила Тельтаева:

– Біз голландиялық тұқымнан қияр мен қызанақ түрлерін гид­ропоника әдісімен өсіреміз. Осы әдіспен өсірілген көкөністер эко­логиялық жағынан таза болады әрі өсімдіктер тез өседі, – дейді.

Әрине жыл сайын қанат жайып келе жатқан қалаға жылыжай мен қойма көптік етпейді. Сол себепті жылдық өнімі 4850 тон­на­ға жететін тағы екі жылы­жай салынып жатыр. Бұл екі жылы­жайдың құрылысы биыл аяқ­талып, келесі жылдан бастап өнім бере бастауға тиіс.

Жәрмеңке үзілмейтін жер

Өткен ғасыр басында Есілдің бойын ду-думанға бөлеген Қара­өткел жәрмеңкесінің даңқы мен дақпырты бүгінге дейін жеткен. Қараөткел жәрмеңкесі қайта тірілмесе де, соның бір ұшқыны қазіргі елордада да байқалып тұ­рады. Бүгінде бас қалаға еліміздің басқа аймақтарынан, шет мем­ле­кет­терден тамақ өнімдерін жет­кі­зу жолға қойылған. 

Күзге салым мал семіріп, же­міс-жидек пісіп, қамба астық­қа толған тұста еліміздің бар­лық облыстарының Астанада ауыл­шаруашылық өнімдерінің жәр­меңкесін өткізетін дәстүр бар. Әр аптаның соңғы күндері өтет­ін жәрмеңкеде елордалықтар Оң­түстік Қазақстанның жеміс-жидегі мен көкөнісіне, Қызылорданың күрішіне, Жамбылдың қанты мен басқа да тауарларына, Аты­рау­дың балығына қарық болады. Шығыстың балы мен өсім­дік майы, Солтүстік Қазақстан­ның астығы мен ұн өнімдері, Қа­ра­ғандының ет-майы, қымыз-шұ­баты, басқа да облыстардың бетке ұстар бренд өнімдері Астанада базардағы бағадан біршама ар­занға сатылады. Бұл бас қаланы азық-түлікпен уақтылы қам­тып қана қоймай, бағаның төмен­деуіне де айтарлықтай ықпал ететіні түсінікті.

Бұл шараның астаналықтарды арзан әрі сапалы азықпен қам­тудан бөлек тағы бір тиімді тұсын айта кетейік. Жәрмеңкенің арқасында облыстардағы азық-тү­лік өндіруші кәсіпкерлер, шаруа қожалығы иелері өнімдерін Ас­тананың нарығына ешқандай дел­далсыз, өздеріне қолайлы баға­мен жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Яғни сұраныс пен ұсыныс бір-бірін адаспай тапты деген сөз.

Сөз басында айтып өткені­міз­дей, Астананың азық-түлік бел­деуін құру әуел баста Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған жұмыс. Президент өз назарында ұстап отырған жобаның арқасында Астана халқының тамақтан тарыққан жері жоқ. Бұл жоба елорданың ғана емес, еліміздің бірталай өңірлерінің әлеу­меттік-экономикалық да­муы­на серпін берді. Ертеректе ай­­тылған «Ташкент – тоқ қала» деген тұрақты тіркес есіміз­ге оралып отыр. Себебі елдің кін­ді­гіндегі, Елбасының назарын­дағы Астана да азық-түліктен тар­шы­лық көрмеген шаһарлардың бірі.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»