Қазақстан • 14 Мамыр, 2018

Ел игілігіне үлес қосқан партиялық жобалар бар

401 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің өткен жылдың қараша айындағы кеңейтілген отырысында партия қызметін жаңғыртуға қатысты нақты тапсырмалар берген-ді. Осыған орай партия цифр­ландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған тың бастамаларға қатысты жобаларды қолға алған.

Ел игілігіне үлес қосқан партиялық жобалар бар

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Ақмола облысына сапары барысында осы жобалардың жүзеге асырылу барысымен таныс­ты. Ал­дымен ол Көкшетау қа­ласы орталығында орналасқан М.Ғаб­дуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясында болып, ІТ-сы­ныптың қазіргі жағдайын көріп білді. Аталған білім шаңы­рағына Мәулен Әшімбаев Ақмо­ла облысының әкімі Мәлік Мыр­залинмен бірге келді. Айта кету керек, бұл оқу ордасын­да партияның балаларға бағдар­ламалау негіздерін оқытатын тегін ІТ-сыныптар ашу жобасы бо­йынша арнайы сынып жұмыс істейді. Оқушылар бұл күнде «Pascal», Java», «PhP», «Delph» сияқты бағдарламалау тетігін игеріп, робот-техникасына қатыс­ты білімдерін тереңдетуге мүмкін­дік алып отыр. Бұл үшін мектеп қабырғасында барлық жағдай жа­салған. Партия бастамасымен елімізде мыңға тарта ІТ-сынып ашылып, онда жылына 150 мың бала бағдарламалау және робот-техникасын игеру машықтары бойынша тереңдетілген білім алатын болады.

Бұдан басқа, өткен жылы мектеп базасында «Бағдарламалау» үйірмесі ашылғаны белгілі. Онда жеткіншектер ІТ техноло­гия, 3D модельдеу сияқты жаңа инновациялық бағытта білімдерін толықтыра алды. Соның арқасында мектеп түрлі инновациялық жобалар байқауында топ жарып, оқушылар жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Айта кету керек, 9, 11-сынып оқушыларының мем­лекеттік емтиханға және ұлт­тық бірыңғай тестілеуге дайын­далуына арналған веб-сайт­ты осы мектеп-гимназияның жас өнертапқыштары ойлап тап­қан. Міне, осындай ауқымды жұмыс­тардың табысты жүзеге асыры­луы «Цифрлы Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасының жемісі екені сөзсіз.

Сондай-ақ партия Төраға­сының бірінші орынбасары А.Мырзахметов атындағы Көк­шетау университетіндегі ІТ-ор­та­лықтың жұмысымен жан-жақты танысты. Бұл орталық пар­тияның ІТ-мамандар даярлау жобасы аясында ашылған. Енді бұл жерде уақытша жұмыссыз жүрген және өзін өзі жұмыспен қам­тығандар бағдарламалау негіз­дері бо­йынша білім алып келеді. Олар «Java», «PhP», «Delphi», «C++3D», «Max3D», «Studio», «Max­Fox­Pro», «Corell3» сияқты бағдар­ламалармен танысып ғана қоймай, со­ларды пайдалану арқылы жұ­мыс істеуге машықтанады. Жал­пы, ІТ-компаниялар мен ірі жо­ғары оқу орындары базасында осындай 20 ІТ-орталық ашылып, оларда жылына 35 мың адам білім алады деп жоспарланып отыр. Ел тұрғындарының цифр­лы сауаттылығын арттыру бағы­тында қазіргі таңда көптеген жұ­мыс­тар атқырылуда. Әсіресе жас­тарды бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыру ерекше назарда. Сондықтан да алдағы уақыт­та жастардың қабілеттерін шың­дау мақсатында партия ай­тарлықтай күш салатын болады.

Сапар барысында М.Әшімбаев өңірдегі бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесіп, осы саладағы партиялық жобалар жайын кеңінен талқылады. «Нұр Отан» партиясы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында кәсіпкерлерге арналған Бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын портал құруды қолға алып, онда бизнес саласындағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің ең үздік үлгілерін енгізу және бизнес шығындарын азайту көзделген. Сонымен қатар бұдан былай кәсіпкерлердің коммерциялық мақсаттағы жер телімдеріне қатысты толық мәлімет алуына, бизнес жүргізудің бірыңғай стандарттарын енгізу жайынан хабардар болуына мүмкіндік жасалады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында өткен басқосуда өңірдің бас жоспары енгізілген интерактивті карта даярлау бастамасы талқыланды. Осы карта арқылы ақмолалық кәсіпкерлер инженерлік инфрақұрылымға қол жеткізіп, бос жер телімдері туралы толық мәліметтер ала алады.

М.Жұмабаев атындағы Ақ­мола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына ат басын бұрған пар­тия Төрағасының бірінші орын­басары қазіргі таңда еліміз­дегі кітапханалардың заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру жұмыстары басталғанына тоқталды. «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында еліміздегі кітап­ханаларды заманауи білім орта­лықтары ретінде қайта құру бас­тамасы партия жобаларының қатарында.

«Партия Төрағасының тапсыр­масына сәйкес «Нұр Отан» пар­тиясы да өз қызметін жаңғырту бойынша нақты жұмыс­тарды қолға алды. Ақмола облысын­дағы игі бастамалар соның жемісі. Алдағы уақытта да партия қа­зақстандықтардың заман талап­тарына бейімделген, иннова­циялық жетістіктерді еркін мең­герген, ІТ саласында бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру үшін бастаған жұмыстарын лайықты жалғас­тырады», деді М.Әшімбаев партия­лық жобалардың маңызды­лығы туралы айта келіп. Сапар соңында партия Төрағасының бірінші орынбасары «Нұр Отан» партиясы облыстық активімен кездесіп, партиялық жобаларды жүзеге асырудың тиімді тетіктерін жан-жақты талқылады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы