Қазақстан • 14 Мамыр, 2018

«100 жаңа оқулық» тілді де жаңғыртады

723 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚазҰУ-дің әл-Фараби атындағы кітапханасында «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыруға арналған «Болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

«100 жаңа оқулық» тілді де жаңғыртады

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Бұл шараға белгілі қоғам қай­рат­керлері, ғалымдар және Қазақ­стан Пре­зиденті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан әлеуметтанушылары қау­ым­­­дастығының өкілдері қатысты. Қаты­сушылар алдында сөз алған Қазақ­­­стан әлеумет­тану­шылары қауым­дас­­тығы­ның вице-президенті Серік Сей­ду­манов «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын жүзеге асыру жолын­дағы бір жыл­да атқа­рылған ауқымды іс­тер­ге кеңінен тоқталып өтті.

«Бұл уақыт аралығында жоға­ры оқу орындарына арналған 11 гу­ма­нитарлық пән бойынша қазақ тіліндегі 18 жаңа оқу­лық жарық көрді. Филосо­фия, әлеу­мет­тану, психология, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология және журналистикаға байланысты қажетті әдебиеттер тәржімаланды. Биыл тағы да 30 кітапты аудару жоспарланып отыр. Бұл пәндерге қоса, Батыс фи­­ло­­софиясының тарихы, линг­вис­­тика, семантика, жаңа педа­го­­гика, интернет психологиясы, халық­­аралық құқық, диплома­­тия, журн­алистика, өнер тарихын қам­ты­ған тағы да 9 пәннен оқулықтар аудару кезекті жұмыс кестесінде тұр», деді С.Сейдуманов.

Сондай-ақ экономика мен кә­сіп­керлік тақырыбында жазыл­ған 6 оқулық MBA бағдарламасы не­гізіндегі бизнес-мектептерге пай­далануға жіберіледі. Әр оқу­лық баспа бетінен 10 000 данамен жарық көріп, республикадағы бар­лық мемлекеттік университеттерге тегін тарту етіледі. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бас-
тап жоғары оқу орындары үшін қажет осы оқулықтардың электронды нұс­қалары Ұлттық аударма бюро­сының сайтында жарияланады.

ҚазМУ-дің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаман­балаева бұл жобаның заманауи әлемдік білім беру ісі­мен қатар жүретін маңызды қадам әрі құрал екенін айырықша атап өтті. Бүгінде әлемнің алдың­ғы қа­тарлы университеттері «Education» деп аталатын БҰҰ бағ­дар­ламасы аясын­да жұмыс істей­ді. Бұл жастарды жаһан­дық қоғамдас­тықтың бір мү­шесі, әлем азаматы болуға даяр­лау­мен қатар, өз елінің нағыз пат­риоты болуға үйретеді.

«Таңдалған және аударыл­ған оқу­­лық­тардың аудитория­сы­на қа­рап, кітаптардың жал­пы өр­к­ениетті білімнің көрі­нісі еке­ніне көз жеткізіп отыр­мыз. Ол шы­­­­нын­да да сана шең­берін өз­гер­­тіп қана қоймай, бізді озық әрі жаңа біліммен жақын­дас­ты­ра­ды. Біз қазірдің өзінде бұл оқу­лық­тар­мен оқытуды бастап кеттік және оның қалыптан тыс ойлауды дамытуға көмегі барын байқадық. Оқулықтарды пайдаланатын студенттер өздерінің адамзат қауымдастығына қатысы барын сезіне түседі», деді проректор.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі, қазақ тілін­­дегі басылымның ғылыми ре­дак­­торы, Клаус Швабтың «Төр­­тін­ші өнеркәсіптік революция» кітабын аударған Кенжехан Матыжанов қоғамның барлық саласын қам­титын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­лама­лық ма­қа­ласының нақты көр­сетіп отыр­ған пайдасы мен руханият әлеміне қозғау салған тиімді тұ­сы­­на тоқталды. Әсіресе «100 оқу­­лық» жобасының мемлекеттік тіл­­ді жаңғыртуға бағытталған әсе­­р­і­не көпшіліктің назарын аудартты.

Қатысушылардың пікірінше, жаңа жоба ең үздік әлемдік үлгі негізіндегі білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Бұл арада жаңа оқулықтарды қазақ тіліне ауда­руға атсалысып жатқан ҚазҰУ-дің ғалым­дары мен оқы­ту­шыларының еңбегін атап өткен орынды. Алты жобаның әр­бір қатысушысы аударма бары­сында кездескен қиын әрі қызықты сәттер туралы көбірек әңгімеледі. Әсіресе қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік, терең білу жобаның маңызды талабы болғаны айтылды. Оқулықтар тақырыпты дәл және қисынды баяндауымен ерекшеленеді.

Басқосуда мамандар қазақ тілінде сауатты, сапалы сөйлеген әде­биет­терді студенттердің гума­нитар­лық пәндер бо­йынша қазына жинақ­тауына көмектесетін «білім энциклопедиясы» деп баға­ла­ды. Жаңа оқулықтардың тәржі­масы негізінде мемлекеттік тіл­дің тер­минологиялық қоры мен ғы­лы­ми лексиканы байытуға елеулі үлесі болған 3000 жаңа ұғым­­мен толықтырылды. Дөңге­лек үс­телде жаңа оқулық­тарды алдағы уақытта оқу үдерісіне енгізудің кейбір мәселелері де сөз болды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ