Тарих • 14 Мамыр, 2018

Арқадан жеткен аманат

1100 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы, Шет ауданында өмір сүрген көрнекті күйші, Мәдениет қайраткері Дәулетбек Сәдуақасов «феодализмнің сарқыншағы» деген желеумен атылып кеткен Арқаның атақты күйші-композиторларының мұрасын алашқа аманаттап жеткізген теңдессіз тұлға. Күй тартпақ түгілі, домбыра ұстауға қорыққан зобалаң жылдары барлық жәдігерлерді жадында сақтап, ел арқасын кеңге салған уақытта қайта жарыққа шығарды.

Арқадан жеткен аманат

Әңгімені әріден бастасам, 2000 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­серваториясының фольклор­лық ғылыми-зерттеу лабораториясында жұмыс істеп, ескі күйтабақтарды сандық жүйеге көшірумен айналыстым. 1958 жылдан 2004 жылға дейін жиналған құжаттық мате­риалдар мен дыбыстық жаз­балар мұрағатта өте көп бо­латын. Оның ішінара жо­ғал­ғаны, бүлінгені, дұрыс жазыл­мағанын есептемеген күннің өзінде ұзын-ырғасы 11 мыңнан асып жығылатын. Көне тас­паларды қайта жазып отырып, орындаушысы бей­мәлім, тіпті әлдеқашан ұмыт қалған небір күйлерді тыңдап жүрдім. Шыны керек, фольклорлық орталық көп дүниеге көзімді ашты десем де болады. Өйткені оған дейін Арқада бір ғана мектеп бар, ол Тәттімбеттікі деп ойлайтынмын. Сөйтсем, Ар­қа күйлері орындаушылық тұрғыдан үлкен үш арнаға бөлінетін көрінеді және бірін-бірі қайталамайтынына көзім жетті.

Өзіндік домбырашылық дәстүрімен ерекшеленген өңірдің бірі – Қарағанды об­лысы, Шет ауданы екен. Итаяқ, Қыздарбек, Ма­қаш, Сембек, Әбди, Ақмол­да Әбікен сияқты дәулес­кер­­лер Ақсу-Аюлы орын­дау­шылық мектебін қалып­тастырыпты. Бірқатары 1937 жылы репрессияға ұшы­рап, нақақтан-нақақ атылып кеткен. Қазақтың ән-күй­лері топтастырылған көне күйтабақта Шет ауда­нын аралаған экспедиция же­текшілері әр домбыра­шыны таныстыра отырып, қай күні, қай жерде отырғандарын баян­дап жазып алыпты. Бірақ өкінішке қарай, туынды тарихы туралы ешқандай мәлімет берілмеген. Арқаның айтулы азаматтарымен мұрағат арқылы танысып, тыңдап жүргенімде бір күні күтпеген қызық оқиға болды. 2000 жылдардың басында сол кез­дегі «Отан» партиясы ана тілімізді насихаттау мақ­са­тында республикалық ак­ция өткізіп, Асылы Османова бастаған қоғам қайраткерлері, Татьяна Бурмистрова, Нұржан Жанпейісов сынды өнер адамдары облыстарды аралап концерт қойдық. Алматыдан шыққан делегация Қарағанды облысының Шет ауданына атбасын тіредік. Кіреберіс тұста жергілікті басшылар мен бірқатар үлкен кісілер қарсы алды. Шай үстінде аудан әкімі «біздің бетке ұстар қаламгеріміз, сыйлы ағамыз» деп этнограф-журналист, Жазушылар одағының мүшесі Кәмел Жүністегін таныстырып, сөз берді. Кәмел аға орнынан тұрып «бұл жерде Қыздарбек, Сембек, Әбди сынды күйшілер өткен» деп сөз бастағанда, көңіл күйім бірден жадырап сала бермесі бар ма?! Бір уақытта «ортамызда отырған мына кісі Дәулетбек Сәдуақасұлы деген күйшіміз болады» дегенде, көктен іздегенім жерден табылғандай қуанып кеттім. Ол кісі тартқан күйлерді лабораторияда тыңдап жүрге­німмен, көрген адамым емес-тін. Өте қарапайым, бойы ұзын, денелі адам екен. Қа­сымыздағы жігіттер домбырасын ұсынып еді, өз аспабы болмаса, 19 пернемен күй шерте алмайтынын жеткізді. Әкім «ендеше, адам жіберіп алдыртайық» деп үйіне кісі аттан­дырды. Дәукең сол жер­де отырып ғажап күй төкті, күтпеген сәтте мол бай­лықтың үстінен түскенімді түсіндім. Сол сапарда Кәмел аға мен Дәукеңмен жата-жастана әңгіме айтып, әрең тарқастық. Дәукеңнің орындауында бірнеше күйді бей­нетаспаға жазып алдым. 2004 жылы «Қазақтың 100 күйі» бағдарламасын ашып, жүргізе бастаған уақытта Дәукеңді 3-4 хабарға ша­қыр­дым. Эфир арқылы Қыз­дарбек, Сембек, Әбди және Шет ауданының басқа да күйшілерін ел-жұртқа таныстырдық. Бірде Жанғали Жүзбайдың «Шертпе күйдің төрт мектебі» деген кітабы жарыққа шығып, Қарағанды қаласында тұсаукесері өтті. Осы жиынға Дәукеңмен бірге Кәмел ағамыз да ке­ліпті. Кездесудің осы бір тамаша сәтін пайдаланып, ол кісілерден Шет ауданында өмір сүрген күйшілер жайында көп мағлұмат алдым. Естілмеген күйлер тартылды. Кәмел ағамыздың айтуынша, Сембек пен Әбди атылғаннан кейін, қалғандары қолына домбыра ұстауды мүлде қойған. Ел әбден үрейленіп қалған уақыт. Сол қиыншылыққа қарамастан, Кәмел Жүністегі ретін тау­ып күйшілерді жеке-жеке маг­ниттік таспаға түсіріп жазып қалған көрінеді. Оның ішінде Бегімсал Орынбекұлы, Жағыпар Асқаров деген күйшілер бар екен. Олардың көбін түнделетіп жүріп, ті­лініп кеткен қолдарын ыстық суға салып, май жағып жібітіп жатып, әрең дегенде таспаға түсіреді. Кәмел аға осындай жанашырлығының арқа­сында көп күйшілердің мұра­сын сақтап қалыпты. Әбди мен Сембектің домбырасы әлі күнге үйінде тұр. Сол жазбалардың ішінде Мақаш деген кісінің екі-үш күйі, Әбди­дің «Қарғыс», Сембектің ату жазасына кесілер алдында шығарған соңғы күйі де сақталыпты. Дәукең осы күйлердің көпшілігін жатқа тартып отыратын. Әбікен Хасенов Алматыға келгенде ұстаздарынан үйренген күйлердің көбін халық күй­лері деп орындаған. Мүмкін, Сәкен Сейфуллин күйшінің басын бәле-жаладан алып қалу үшін солай ақыл қосқан болуы керек. Солақай саясат салдарынан авторын айта алмай кеткен. Сембек, Мақаш туралы тіпті тіс жармайды.

Алматы қаласы әкім­дігі 2005-2008 жылдар ара­лығында «Мәңгілік сарын» дәстүрлі орындаушылар фестивалін жиі өткізіп, ұлттық өнерге қолдау көрсетіп отырды. Нәтижесінде, ауыл-ауыл­дан, алыс-жақын шетелдерден небір майталмандар өз өнерлерін ортаға салып, Алматыны үлкен бір думанға бөлейтін. Жер-жерден күйші ақсақалдар келіп бас қосқанда, мәре-сәре болып бір жасап қалушы едік. Олар шыққанда, сахнаның сәні кіретін. Әлімхан, Фа­зыл, Дәулетбек ағалар осы бір жыл сайынғы ойын-сауық­қа шақырусыз қалған емес. Дәукең осындай әр фестивальге жаңаша леппен келетін. Әбдидің күй­лерін лек-легімен танытты. Дәукеңнің арқасында Сем­бектің, Қыздарбектің күй­лері арнасынан ағытылды. Өзі әңгімешіл кісі болатын. Қыздарбектің өмірнамасын жатқа білетін, бейітінің қай­да екенін, Сембектің қа­лай атылғанын, қай түр­меде жатқанына дейін айтып отыратын. Қыздарбек, Сембек, Әбдидің күйлерін тартқан Орал Исатаевпен, әрі ақын, әрі керемет күйші Са­мат Мұсабековпен өте жа­қын араласқан, замандас болған. Олармен Ақто­ғай өңірінде өтетін күй фести­валь­деріне бірге қатысып, күй тартқандарын айтып әруа­қыт әңгіме қылып, еске алатын еді.

«Ел» продюсерлік орта­лығының жетекшісі Ғалым Доскен де Дәукеңді жақын тартты. Жеке альбомын шы­ға­рып, сахнаға шығатын киіміне дейін тіктіртіп, қам­қорлық танытты.

Көзі тірісінде дәулескер домбырашыны «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Қазақ­тың 100 күйі» музыкалық-танымдық бағдарламасына арнайы шақыртып, Қыз­дарбек, Сембек, Әбди күй­лерінен жеке-жеке хабарлар жасап, халыққа барынша насихаттадық. Дәукеңнің орын­дауындағы барлық күй­лерді Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазып ал­дық. Кейін ол күйлер «Мәң­гілік сарын», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинақ­тарына енді. Дәукең атылып кеткен арыстардың арманын орындап, қаншама күйді халыққа жеткізсе де «мен» деп кеуде керген адам емес. Домбыраны шешен сөйлеткенде бөлек әсерге бөлейтін. Күй тарту стилі ешкімге ұқсамайтын, бітімі бөлек тұлға еді. Қолындағы домбырасы нағыз Арқаның шертпесіне арнап жасалған, үні құлаққа жағымды болатын. Бөтен аспаппен күй тартпайтын. Себебі, Дәу­кеңнің перне басуының өзі басқаша-тын. Бір қызығы, әр келген сайын бір күйді бірнеше мәрте түрлендіріп тартып келетін. Нотаға бай­ланбаған адам, көңіл күйге қарай құбылтып отыратын. Қай нұсқасын алсаң да бірінен бірі өтеді. Арқаның күй­шілерінен ешкімді қай­таламай, бөлек мектеп болып қалды. Дәукеңнің ұйым­дастырушылық қабілеті де мықты еді. 2008 жылы Әбі-к­е­н Хасеновті еске алу мерейтойын Шет ауданын­да дүркіретіп өткізуге мұрындық болды. Қасында бірге жүрдім. Әкім­дермен тікелей сөйлесіп, мәселені шешіп шығатын. Сөзін өткізіп, қаржы бөлдір­тетін. Басшылар тегіс тың­даушы еді, ел ішінде абырой, беделі жоғары-тын. Қазақтың өнері өлмесін деп талмай еңбек етті. Күйді насихаттау үшін жанын аяған жоқ. Алматыға қашан шақырсақ та бас тартпайтын. Кейде «Саян, жалыға бастадым, бір­деңе тауып, Алматыға шақыр­сайшы» деп хабарласа­тын. Қонақүй әзірлеп, күтіп алатынбыз. Содан күйшілер бас қосып, түнімен күй тартушы едік.Серілігі бөлек-тін. Ешқашан көңілі жабырқап жүрмейтін. Күй шертіп отырып, домбырасын маған ұсынып, «ары қарай сен тарт» дейтіні бар-тын. Әкем «Дәукең келді» дегенде көргенше асығатын, анам үйде қонақ қылып күтетін. Екеуі ұзақ әңгімелесіп, «Ба­ламды қасыңа ертіп жүр, күй үйрет» деп тапсыратын. Ауылына бара қалсақ, барған бойда бір малын со­йып тастайтын. Бір аптасыз жібермейтін. Бірде шығарып салып тұрып, көңілімді қимай, менімен бірге пойызға мініп кеткен күні де болған. Баласындай болсам да тең көретін. Шәкірттерін «менің достарым» дейтін. Жанғали Жүзбаев десе ішер асын жер­ге қойып, Сәрсенғали екеу­міздің де мақтауымызды асыратын. Үйдегі апамыз да керемет адам еді. Айналып-толғанып, «құлыным, келдің бе?» деп маңдайымыздан сүйетін. Дәукеңмен өткен қайта­ланбас күндерді қатты сағынамын. Күй өнері барда Дәукеңнің аты ешқашан өлмек емес. Өйткені, ол ешқа­шан өзін насихаттаған жоқ, ұлт өнерін насихаттады.

Биылғы жылы үлкен баласы Қайролла Сәдуақасов 80 жылдығын атап өтуге әрекет жасап жатыр. Облыс, аудан әкімдіктері де саң­лақ күйшіні ескерусіз қал­дырмайды деп ойлаймын.

Саян АҚМОЛДА,

күйші, қобызшы

Алматы