Қазақстан • 15 Мамыр, 2018

Суармалы жер шаруаның ырысын арттырады

667 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оңтүстік өңірлерде географиялық орналасу ерекшеліктеріне қарай мелиорациялау мәселесі өзекті. Осыған байланысты Шымкентте Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевтің төрағалығымен Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының өкілдері қатысқан жиын өтті.  

Суармалы жер шаруаның ырысын арттырады

Оңтүстік Қазақстан облысында судың жеткілікті мөлшерде бол­мау­ына, жер асты сулары дең­гейі­нің жо­ға­рылығына және топы­рақ­тың тұз­да­ну­ына байланысты пай­да­ла­ныл­маған ауылшаруашылық жер­лері бар­шы­лық. Суармалы жер­лердің тұздануы жер асты с­у­ла­рының күрделі ағыны мен осы аумақтардағы жеткіліксіз дре­­наждық аудандарда кездеседі. Мы­­салы, Отырар аграрлы аудан бол­ғ­а­нымен, ондағы топырақтың сор­ла­нуы, ауа райының қолай­сыз­дығы ша­руалар үшін өте өзекті мә­селе. Осы­ның алдын алу үшін бү­гінде аудан әкім­дігі Ө.Оспанов атын­дағы Қазақ то­­пы­рақ­та­ну және агрохимия институ­ты ға­л­ым­да­рымен бірлесіп, егін егу жұ­мыс­тарын қолға алған. Тәжірибенің ти­­ім­ді екені анықталғандықтан аудандағы 3 мың гектар жерге то­пырақты зерттеу жұмыстары жүр­гізілуде.

Жалпы, министрлік 2017-2021 жыл­дарға арналған агро­өнер­­кәсіптік ке­шенді дамыту бағ­дарламасында ауыл­шаруа­шы­лық дақылдарынан жо­ға­р­ы және тұрақты өнім алу үшін жер және су ресурстарын тиімді пайда­ла­­нуды жетілдіру мақсатында гид­рология, топырақ және аг­ро­климаттық жағдайларын жақ­сарту, ұйымдастыру, эко­но­­ми­ка­лық және техникалық іс-ша­­ралар кешенін ұсынған. Сон­дай-ақ ­су ресурстарын тиімді пай­далану үшін там­шылатып су­ару жүйесін ен­гізу бой­ынша бағ­дар­лама әзірленіп, су же­тіс­пейтін және күрделі өңірлік жер­лер­де енгізілуде. Елбасы тапсырма­сы бой­ынша алдағы 5 жылда су­лан­дыру жүйе­сін қалпына кел­тіріп, 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу қажет. Жал­пы, Мемлекет басшысының Жол­дауында жерді пайдалану тиім­ді­лі­гін арттыру, суармалы егіс алаң­ын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажеттігі айтыл­ған болатын. Шымкенттегі басқосуда осы тапсырмаларды орындау аясында ме­ли­орациялық жүйелерді дамыту перс­пек­тивалары талқыланды.

Ауыл шаруашылығы министр­лігі Су ресурстары жөніндегі ко­ми­теттің төр­ағасы И.Әбішевтің мә­лімдеуінше, суармалы жерлерді пай­далануға 2019-2028 жылдары бюджеттен 3 трлн 989 млрд тең­ге бөлінеді деп жоспарлануда. «Де­генмен суармалы жер көлемін екі есе ұлғайтудың арқасында жал­пы өнім көлемі 2028 жылы 5 трлн 6684 млрд теңге болмақ. Яғни суармалы жердің көлемін ұл­ғайту елімізге тиімді болып отыр», дейді И.Әбішев.

Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы 570,4 мың гектар суар­ма­лы жердің 498,2 мың гектары пай­да­­ланылған. Ауыл шаруашылығы са­ла­­сындағы жалпы өнім көлемі 522,4 млрд теңгені құрады. Жиында облыс әкімі Ж.Түймебаев аймақтағы суармалы жерлер көлемі ұлғайтылып, жа­ңа бағыттағы жобалар бойынша да­мытылып жатқандығын жеткізді. Озық технологияларды қолдануда облыс республикада көш бастап тұр. Де­генмен суармалы жерлерге қатысты ше­шімін күткен өзекті мәселелер де бар. «Ауыл шаруашылығы сала­сын­да 1 млн 400 мың гектар суарма­лы жер бар. Суармалы жердің көлемін екі есе ұлғайту жоспарланып отыр. Енді көптен бері айтылып бірақ істелмей ке­ле жатқан жұмыстарға кірісетін кез келді. Субсидия, төмен пайызды не­­сие, инвесторларды тарту біздің бас­­ты міндетіміз. Шаруалардың жұ­мы­сын жеңілдету үшін жағдай жасай­мыз. Дегенмен жерлерді тиімді пай­далану шарулардың мойнында. Сон­дықтан олар да нақты жұмысқа кө­шуге тиіс. Мақтаарал ауданындағы же­ке­меншік каналдар жұмыстарын дұ­рыс атқара алмауда. Төрт жыл болды мәселе шешімін таппай келеді. Біз ка­налдарға бюджеттен қаржы бөлгелі жа­тырмыз. Егер мәселе шешілмесе қар­жы бөле алмаймыз, яғни жұмыс та­ғы тоқтап қалатын болады», деді Ө.Шөкеев. Бұл мәселеге қатысты пі­кі­рін білдірген Мақтаарал ауда­ны­ның әкі­мі Ж.Бейсенбаев бес ка­налдың бү­гін­де төртеуі мемлекет меншігіне қай­та­рылғанын жеткізді. Ал «жиырмасыншы» деп аталатын каналға қатысты іс қа­зір Жоғарғы сотта қаралып жатыр екен.

Жиын барысында жергілікті шаруа қожалықтарының ұсыныс­тары да тыңдалды. Шаруа­лар маусымда түр­лі тыңай­тқыштардың ба­ғасын ба­қы­лауға алу керектігін және озық тех­­нологияларға сай алы­натын жаб­дықтарға берілетін мем­лекеттік қол­дау­­ларға өзге­ріс­тер енгізуі қажеттігін, сон­дай-ақ су­армалы жерлерге судың ке­ректі мөлшерде келуін қамтамасыз етілуін сұрады. Шаруалардың сау­ал­да­рына жауап берген Су ре­сурстары жө­ніндегі комитет төр­ағасы ұсыныстар ми­нистрлік та­рапынан шешімін табаты­нын жет­кізді.

Жиында шегіртке зиян­кес­терімен күресу бойынша хи­мия­лық іс-шара­лар­дың орын­да­луы да тал­қы­ланды. Ауыл ша­­руашылығы министрлігі Аг­ро­өнер­кәсіп кеше­ніндегі мем­лекеттік инспекция ко­митетінің төрайымы А.Елемес­қы­зының мәлімдеуінше, ше­гір­тке­ге және олардың таралуына мо­­­ни­торинг жүргізуді нақты ба­қы­лау үшін GPS трэкерлер мен GPS навига­тор­лар қолданылады. Олар респуб­ли­ка аумағының фитосанитарлық жағ­дайын, оның ішінде өңірлердегі ше­гір­ткелер бойынша нақты көрінісін біл­діретін болады. Агроөнеркәсіпті цифр­ландыру шеңберінде аса қауіпті зи­янды ағзалардың, оның ішінде ше­гірткелердің таралу ошақтарының элек­тронды картасы құрылады және картаға түсіру жұмыстары жүргізілетін болады. Аса қауіпті зиянды организмдерге және карантинді организмдерге қарсы қорғау іс-шараларына республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлінді. Республика бойынша барлығы 540 бірлік бүріккіш техника жұмылдыру жоспарлануда. Үйір­лі шегірткеге қарсы жұмыстар оң­түс­тік өңірлерде 2018 жылдың 10 сәу­ірінен бас­талған. Оңтүстік Қазақ­стан об­лы­­сында марокко шегір­тке­сіне қар­сы күрес шаралары бойын­ша жос­­пар­лан­ған аумақтың үштен бір бө­­лігі өң­дел­ген. Өңірде биыл үйір­­лі ше­­гір­тке­лер­ге қарсы зерттеу жұ­мыс­та­­ры 1 млн 573 мың гектар аумақ­қа жүр­г­і­з­іл­се, химиялық өң­деу іс-ша­ра­­лары 350 мың гектарға жа­сал­ған.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»