15 Мамыр, 2018

Қазақ қызы осындай

8376 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық дүниетаным ілімінде халық­тың гүлі қазақ қызының болмысына, әдеп-ілтипатына, сұлулық, ізеттілік қасиеттеріне қатысты «Қызда оттай ыстық мейір бар», «Қызда 40 періште бар», «Қызда 40 көліктік бақыт бар», «Қыздың қабағында құт бар», «Қыз назы 40 кісіні мас қылады», «Қыз 40 істің қисынын біледі», «Бұрынғының қыздары бармағының шұңқырындағы асқа тояды» дейтін сұлулықтың тұңғиық сырларын мәлімдейтін інжу-маржан ойлар, толғамдар, лала лебіздер бар.

Қазақ қызы осындай

Осынау меруерттей мөлтілдеген сөз асылдарының нешеме мыңжылдық тарихы бар деуге болады. Өйткені «Оғыз-нама» атты көне эпоста адамзаттың алыбы Оғыз қаған қап-қара түн ішінде Тәңірге жалбарынып отырған мезетте: «Көктен бір жарық сәуле түсті. ...Көрсе әлгі жарықтың арасында бір қыз бар екен, жалғыз отыр екен. Артықша көрікті бір қыз екен. Ол қыздың маңдайында оттай сәуле шашқан бір меңі бар екен. Алтын қазықтай екен. Осы қыз сондай көрікті еді: күлсе Көк Тәңірінің өзі күлетіндей, жыласа Көк Тәңірінің өзі жылайтындай еді».

Мінеки, бұл әйел затының сұлулыққа тұнған, үлбіреген таңғажайып жаратылысын танытады. Сонда символдық, поэзиялық мазмұнға ие «Қыздың ақылдысы, ажарлысы Алланың нұрынан жаралған екен», «Күндей кірсіз, Айдай мінсіз» сөздерінің түп-төркіні ықылым замандарда пайда болғанының көрінісі-ау!

Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылық тұтқасы» дейтін шығармасында жақсы, көркем мінез-құлықтың 78 түрі бар деп жазады. Бұл орайда «60 басты ақ орданы 60 еркек толтырмайды, бір әйел толтырады», «60 нарың болғанша, ақылды жарың болсын», «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас», «Астың дәмін келтірген тұздан айналсаң болмай ма, Ел мен елді қосатын қыздан айналсаң болмай ма», «Алған жарың жақсы болса, ат үстінен дүбір ет» деген ғибрат-нақылдарды халықтың даналығы, тәжірибесі ретінде нақты таңбаланған. Даланың да, дананың да, халықтың да керемет үні бар терең ой мен тілдің түбі жоқ-ау!

Ұлт тарихында бір өзінде біліктілік те, көрегенділік те, көсемдік те, батырлық та, тапқырлық та бар намысты, отты қазақ арулары елді, жерді қорғаған-ды. Мәселен, Ресейдің ақ патшасына қарсы 1773-1775 жылдарда Е.Пугачев бастаған шарулар көтерілісінде тарих жүзінде «Көктемір», «Көрінбес», «Көрінбейтін адам» атанған, айрықша ғажайып қасиеттерге, ие 22 жасар от рухты Сапура (Сапар) Мәтенқызының ерен, өжет іс-қимылдары қайран қалдырады. Немесе Тархан Есет Көкіұлының жап-жас, мөп-мөлдір бәйшешектей қызы, ақылдың алтын астауы Ботагөз жігітше киініп, қару­ланып, 150 сарбазды ұршыққа иіріп-үйіріп, дүлей дұшпанның қолбасшысы Қонды тайшының мойнына бұғалық тастап, жерге гүрс еткізіп, жанын жаһаннамға жібергені ертегі-аңыздай. Сұңғылалық, сұңқарлық қабілеті жоғары болған Ботагөз жер сырына да жетік екен. «Ши мен қамыс өскен жерде тұщы су болады» дейтін халық түсінігін еске түсіріп, күйзелген жұртқа су көзін де тауып берген.

Халықтың бағына жаратылған, атқа қонып, ұлттың туын асқақтатқан Малай­сары батырдың қарындасы, Қаракерей Қабанбайдың жары Гауһар батыр, Қабанбайдың қаһарман қызы Назым батыр, Олжабай батырдың анасы Есенбике батыр, Ақбикеш, Данай сұлулар, сондай-ақ ХХ ғасырдағы жойқын соғыста ересен ерлік жасаған Әлия, Мәншүк, Хиуаздар Мәңгілік елдің тарихында ешқашан ұмытылмақ емес.

Тіпті бүгінгі таңда солардың жолын, дәстүрін жалғастырған Әуе қорғанысы күштерінде 7900 ержүрек, қыран қыздарымыз әскер сапында (мысалы, ұшқыш Ардана Ботай). Рух, намыс, қайрат қандай! Қазақ қызы осындай!

Нарық, жаһандану, дүниеқоңыздық, жекешелендіру, адам саудасы, нәпсіқұмарлық дәстүрімізді, дүниетанымымызды, адамдық санатымызды, санамызды көріксіз өзгеріс­терге душар етуде. Әлем қайда барады? Бағытымыз не? Мұратымыз ше? Азан-қазан, абыр-сабыр дүние сабасына түсер ме екен? Әсіресе қазақтың «Заман бұзыларында әйел бұзылады», «Әйелі азған елдің ертеңі жоқ» деген сөзі бар. Жас қыздарымыздың үйіріліп қоқыс жәшіктерінің қасында кербезденіп, будақтатып шылым шегуі. Бұл – жеңіл-желпісі. Нақтылап айтқанда, қазақстандық балауса қыздар, қыз-келіншектер Біріккен Араб Әмірліктеріне, Қытайға, Ресейге, Түркияға, Грекияға, Индонезияға, Израильге еріккендердің ер­мегі үшін сатылады екен. Ең сорақысы, жеңгетайлық жасаған қыл­мыстық топ 15-19 жас мөлшеріндегі алты бойжеткенді ұрып-соғып, алдап-арбап, Сайн мен Сейфуллин даңғылдарының бойындағы қонақүйлерге сатқан. Осындай мысалдар аз емес.

Осындай да ұлттық идея, рух, тағылым, дәстүр, сана, ішкі мәдениет, атадан – пейіл, өсиет, анадан – мейір, қасиет қажет-ақ! «Қыз өссе – елдің көркі». Қыз – ұлттың тұмары, ары, иесі, киесі! Қыз өсірген қызыққа кенеледі. Алтын қыздарымызды ардақтай білейік. Ал олар «Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» деп өздерін аялап әспеттеген ақын жарына әманда сай болса екен демекпіз.

Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор