Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

Мектеп бітірушілер кешінің мәнінен сәні көп

1894 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қалайша қиямыз, ұшырса ұямыз?!» деп жастықтың жасыл әуезіне малынар мектеп бітірушілер кеші де жақын қалды. Биыл еліміз бойынша 146 мың түлек мектеп бітіреді. 

Мектеп бітірушілер кешінің мәнінен сәні көп

Әлбетте, «Бесіктегі баланың күлгенін көрген – бір мұрат, алдына түсіп ананың жүргенін көрген – бір мұрат» дегендей, мәпелеп өсірген баланың ел қатарлы орта білім алып шығуы алдымен ата-анаға мерей, ал аттестат алған албырт жастың алдында сыры мен сыны көп үлкен өмір тұр. Сондықтан да мектеп бітірушілер кешінде көз жанарыңызға келіп қалар мөлтіл жаста «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» аяулы ортаға деген қимастықтың сыры да, алға жетелейтін армандардың жыры да бар...

Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны» дейді. Азаматтыққа аяқ басқан адамның төрт құбыласын түгендейтін осы қасиет түгелімен жаңа ғасырдағы мектеп бітірушілер буынынан табыла ма? Жасырары жоқ, тірсек пен тұяқтың арасындай балалық пен үлкен өмірді жалғар сабалы мінез қазіргі жасөспірімдерге жетпей жатады. Соның бірі түлектердің мектеп бітірушілер кешін дақпырты мен дарақылығы көп сән-салтанатқа айналдырып жіберетіні деуге болады. Бұл тарапта жыл сайын қоғамдағы қыраулы сөздер үйірімен Білім және ғылым министрлігіне бағытталатыны да белгілі.

Таяуда Білім және ғылым министрі Ер­лан Сағадиевтің ата-аналардың «дәс­түрлі» сауалына Үкіметте де, халыққа есеп беру жиынында да, брифингте де тағы бір мәрте жауап беруіне тура келді. Ми­нистр мектеп бiтiрушiлер кешiне қатысқысы келмейтiн оқушылар мен ата-аналарды ешкiм қинамайтынын, олардың ресми аттестат тапсыру салтанатына ғана қатысуына болатынын айтты. Мектеп бiтiрушiлер кешiн өткiзуге көп ақша жи­науға байланысты министрлiк тарапы­нан бақылау және iс-шараны өткiзу фор­матын ұсыну туралы сауалдардың жиі көтерілетінін жеткізген Е.Сағадиев «Бiз­дiң арнайы осы кештi өткiзетiн тұжы­рым­дамамыз жоқ. Бұл жыл сайын өткiзi­летiн ресми мереке. Мектептер қалай өткiзетiнiн жақсы бiледi. Өткiземiз десе мектеп әкiмшiлiгi, бақылау кеңесi мен ата-аналар кеңесi жиналып, ортақ шешiм қабылдайды. Ал ата-аналар «ақша жинамаймыз, бермеймiз» десе, ресми бөлiгiне, яғни аттестат тапсыру салтанатына қатысып, үйге қайтып кетулерiне болады. Оларды ешкiм қинамайды», деген-ді.

Шын мәнінде, соңғы жылдар бедерінде балабақшадағы бүлдіршіндерінің бірге ойнап жүрген құрбы-құрдастары мен бастауыш сыныптарда оқитын жеткіншектерінің бірге оқитын сыныптастарын баласының туған күніне шақырып, ас та төк дастарқан жасап, мерейін тасытып жататын кейбір ата-аналар үшін мектеп бітірушілер кешін түлектердің өздері қалағандай, есте қаларлықтай өткізуінде қандай сөкеттік бар деуі кәдік. Алайда, бар мәселе  осында. Бұл әлеуметтік жіктелуді балалардың бойына сіңіре түсетін алғышарттар болатынын бастапқыда аңдай бермейміз. Режиссер Т.Теменовтің «Махаббат стансасы» фильміндегі мектеп бітірушілер кешінде өзара шекісіп қалған басқарма баласы Жеңістің жалғызілікті отбасында өскен Оралды «Сен өзі үйіңе қонақ шақырып көріп пе едің?» деп мұқататын көрінісі ойға оралады. Бұл кадрдың өмірде қайталанбасына кепілдік жоқ. Себебі бүгінде бүтін емес, бірінде бар, бірінде жоқ, заманның жараған буралығындай нарықтық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Қазақ мұны «кедейді «бәрекелді» жұбатады» деп қысқа қайырған. Әлгі аттыға еріп, жаяудың таңы айырылыптының кері осы бала кезден-ақ қалана бастайтынын саналы ата-ана саламатты ұрпақ тәрбиесі үшін ойлауға, жадына түюге тиіс.

Әрине, ертеректе оқушылардың мұға­лімнің, сынып жетекшісінің рұқсатынсыз жым тастап түрлі отырыс жасап, ертеңіне сабақта түлкі мезіретпен түк көрмегендей отыратын кездері болатын. Балалық балдәурен үшін бұл да қызық. Бірақ бүгінгі көріп жүрген мектеп бітіру кештерінің сән-салтанаты сол кездегі ата-аналардың шаңырақ көтерген балаларына жасап беретін қоңыртөбел той-томалақтарының қасында тіпті ерен ертегідей әсер қалдырады. Бұл – ең алдымен ата-анаға материалдық жағынан ауыр тиеді. Оның ар жағында моральдық қиналысты да өткеретіні даусыз. Өйткені балаға «жоқ» деп айту бетінен қаққандай болмақ. Баладан әркім де аянып қалмасы белгілі. Десе де «жомарттың қолын жоқтық байлаған» қысылтаяң қоғамда бірінің емес, бәрінің тұрмыстық жағдайын балалар үшін ескеру қажет-ақ. Өйткені бала намысы да бала көңілі іспетті кіршіксіз. Оған қылау жұқтыруға ересектердің құқы жоқ.

Осы орайда министр мектеп бітіру кешін ұйымдастырған кезде ысырапшылдыққа салынбау қажеттігін алға тартып, «Мектеп бітірушілердің лимузинмен қыдыруына және қыруар ақша жинап, мектеп бітіру кешін шоуға айналдыруға моралдық тұрғыдан қарсымын. Екінші жағынан, оқушылардың таңды қарсы алуына, мектеп бітіру кешіне тыйым салуға да қарсымын», деген еді. Расында, түбегейлі тыйым салудың қажеті жоқ, бірақ түлектердің «Голливудтың» жұлдыздарындай немесе бәзбір ақсүйектердей есік пен төрдей көлік, шамдалдары жарқыраған қымбат мейрамхана жалдауының ар жағында да толып жатқан шығынға шектеу қоюды ойластырған абзал. Мәселен, салтанатты шараға сай киінудің өзі әжептәуір сабылтады. Кім бекзада көрінгісі келмейді?! Әсіресе, қыздардың сән салонына баруы, әлдебір айтулы ательеден арнайы көйлек тіктіруі сықылды толып жатқан даярлық ауылда, қалада болсын, несиесі бар немесе көп балалы отбасыларға салмақ салады. Тіпті бір мұғалімнің мұң шаққаны бар: «Мектеп бітірушілердің кешінде жасанып шыға келген бозбала мен бойжеткеннің арасында кешегі мұғалімі өзін қораш сезінетін жағдайы көп кездеседі. Себебі мұғалімнің әлеуметтік жағдайы да көп оқушының отбасымен шендесе бермейді. Мұндайда есіктегі күзетшінің күйін кешетін бұл кешке мұғалім де барғысы келмейді» дейді.

Әсілі, бұл мұғалімге көрсетілер құрметтің, айтылар алғыстың, ұстазды ұлықтаудың салтанаты болуы тиіс қой. Бірақ осы бір кештің қасаң көңдей қатып қалған кей жазылмаған қағидалары бозбалалар мен бойжеткендердің албырттықпен ішімдік ішулеріне, тәртіп бұзуына, кейде қылмыс жасауына, тіпті бар арман-мұратын тәрк етіп босаға аттауларына немесе оң босағада отырып қалуына да алып келіп жатады. «Жақсы бала сүйік, жаман бала күйік» десек те, мектеп бітірушілер кешінің дұрыс ұйымдастырылуын, олардың қауіпсіздігін министр айтқандай, мектеп әкімшілігі, бақылау кеңесі мен ата-аналар ортақ мүдделі тараптар ретінде осы бастан ойластырғаны жөн. Оның сыртында, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, мамандық таңдау сияқты жауапкершілігі зор істің тұрғанын да ұмытпау керек.

Әсілі, соңғы жылдары қоғамдағы ізгі істерді мектеп бітірушілердің қолға ала бастауынан зор үміт күтуге болады. Айталық, былтыр Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының 45 түлегі мектеп бітіру кешінен бас тартып, 400 мың теңгені қатерлі ісікке шалдыққан ауылдас бүлдіршіннің еміне жинап берді. Сондай-ақ Шымкент қаласындағы №75 орта мектеп түлектері Тасарық ауылындағы әлеуметтік орталықта тәрбиеленетін мүгедек балаларға сыйлықтар тарту етіп, қуаныш сыйлады. Қайырсыз шоудан қайырымды істі алға қойған түлектер шоғыры артқан сайын мектеп бітіру кешінің де сәнінен мәні басым бола түспек деп ойлаймыз.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»