Өнер • 16 Мамыр, 2018

Қазақ эстрадасының бір белесі

2456 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Эстрада бүгінгі ұлттық музы­ка өнеріне жат жанр емес. Оның о бастағы түптамыры қа­зақ то­пырағына батыстық нұс­қа­лар арқылы орнығып, ке­ңес­тік ке­зеңде аталмыш әуен­нің бір­қатар иірімдері мен нақыш­та­ры орыс эстрадасының үлгілері не­­гі­зінде қалыптасты деп есеп­тей­­тін музыка мамандары мен өнер зерттеушілері де жоқ емес. 

Қазақ эстрадасының бір белесі

Мүм­­кін бұл ой-пікірлерді түбе­гей­­лі жоққа шығарудың да жөні бола қоймас. Дегенмен хал­қы­мыз­дың о бастағы ән мен күй мұ­ралары қатарында та­би­ғатынан эстрадалық әуен­дер­ге сұранып тұрған дүниелер де жеткілікті екенін айтқан жөн.

Мұның өзі эстрадалық жанрдың ең басты шикізаты. Осы арқылы аталмыш жанрдың мүмкіндігін байыта түсіп, оның заманауи классикалық үлгілерін пайдалануға болады. Қазір бұл бағыт оң жолға түсіп келеді. Осы орайда белгілі бір жетістіктер мен нә­тижелер де бар. Бір сөзбен айт­қанда, бүгінгі қазақ эстрадасы өсу және өрлеу үстінде. Бұған толық негіз бар дейді белгілі өнер шебері, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымов.

Әйтсе де, тағы бір өнердің өз өкілі, ән­ші-композитор, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Гүлнәр Дәу­ке­нованың пікірінше, бүгінгі қазақ эстрадасының төңірегінде шешілмей ке­ле жатқан түйіндер де жеткілікті. Соның басты себептерінің бірі эстрада әндеріне лайықталған, оның бүгінгі талаптары мен өлшемдеріне жауап бере алатын репертуарлық дү­ние­лердің жұтаңдығы. Шөп те өлең, шөң­ге де өлең деген үстірт көзқарас эс­трада табиғатына сәйкеспейді.

Қазіргі кезде бұдан тиісті қоры­тын­ды шығарылды деп айтуға да ауыз ба­ра бермейді. Бұл эстрадалық ән­дер­дің бітім-болмысына мүлдем кере­ғар. Оның жаратылысын жарқыратып жет­­­кізудің орнына тұқыртып, тұн­шық­­тыратын, өресін кемітетін жа­йт. Ен­деше дарынсыз, қуыс кеуде ком­по­зиторсымақтардың бір қай­на­уы ішін­де дүмбілез дүниелердің ре­пер­туарлық кеңестен өтіп кету кө­рі­ніс­те­ріне тосқауыл қойған жөн. Алдағы уақытта өресі биік, әуезді әндерді са­раптай білсек, қазақ эстрадасының көр­­кемдік деңгейі мен мазмұны те­рең­дей түсер еді деп тұжырымдады өз ойын белгілі сахна шебері.

Бүгінгі қазақ эстрадасының жай-күйі туралы әңгіме қозғаған кезде оның жанр­лық ерекшелігі отаншылдық және патриоттық бағыттағы әндер та­би­ғатымен тығыз ұштаса алатынын айту парыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасында туған жерге деген махаббаты тұтастай елге деген биік те асқақ отаншылдық сезімге ұластыра білу қажеттілігі айтылды.

Әрине мұндай сәтте таңдау мүм­кіндігінің барынша кең болғаны, ре­пер­туарға енгізетін шығармалар елі­міздің алдында тұрған асқақ мұ­рат­тар мен мүдделерді паш ете біл­гені жөн. Сонымен бірге жас мем­ле­кетіміздің бұған дейін жеткен же­тіс­тіктері мен биіктері де ұмыт қал­мағаны абзал. Өкінішке қарай, тәу­ел­сіздікке қол жеткізгеннен кейінгі уақыттың ішінде елі­міз­дегі эстрадалық әндер­ді орын­дау­­шылардың арасында бай­­қау, фестивальдер аз өткі­зіл­­ген. Осы кереғар жайт жас дарын­дардың арасындағы бәсе­ке­­лес­тіктің төмендеуіне әрі шынайы шы­­ғармашылық байланыстардың әл­сі­реуіне әкеліп соқтырғандай әсер қалдырады. Мұндай жағдайда жүй­рік­тің делебесі қыза қоймайтыны да, қоза қоймайтыны да бесенеден белгілі.

Осы олқылықтың орнын Ба­тыс Қазақстан облысындағы Каз­та­лов ауданының орталығында өткіз­іл­ген «Қызғалдақ-көктем» атты І халықаралық ән байқауы толықтыра алады дей аламыз. Бұл ретте байқау күндерінде аталған ауданның әкі­мі Абат Шыныбековтің ұлттық өне­рі­міздің жанашыры, ұйымдастыру қа­рым-қабілеті мен парасат-пайымы би­ік басшы екендігі жөнінде көптеген оң пікірлер естідік. Шалғай аудандағы бай­қау облыстық ауқымда немесе елордамыз Астана мен мегаполис қа­ла Алматыда Мәдениет және спорт ми­нистрлігі және Үкімет деңгейінде өт­кізіліп жүрген республикалық және ха­лықаралық байқаулардың бірде-бі­рінен артық болмаса, олқы түспегені  аталмыш байқаудың басты жетістігі мен басты олжасы болмақ. Бұл орайда біріншіден эстрадалық әндерді орындаушылар өз республикамыздың батысы мен шығысынан, солтүстігі мен оңтүстігінен және орталығынан ар­найы келіп қатысқанын айтқымыз келеді. Сондай-ақ халықаралық бай­қау­да Ресейдің Самара, Саратов, Орын­бор және Волгоград пен Астра­хань облыстарында тұратын 17-32 жас аралығындағы жас орындаушылар өнер көрсетті.

Үш күнге созылған эстрадалық әндерді орын­даушылардың халық­аралық ән бай­қауы кезінде қазақ, орыс, ағыл­шын, француз және украин тіл­де­рінде әсер­лі әуендер әуелеп, сырлы саздар қалықтады.

– Біз байқауға Ресейдің Самара облысынан келдік. Ашығын айтқанда Қазақстанның ең шалғай түкпірдегі ауданында жоғары сахналық мәдениет, шынайы орындау шеберлігі, орындалатын шығармалардың әсерлі аранжировкасы мен талғам биіктігі бізді таң қал­дырды. Бұл жөнінен ресейліктер үй­ренетіндей біраз үрдіс бар екен, – деді газет тілшісіне байқаудың «Кө­рер­мен көзайымы» аталымына ие бол­ған «Самара» триосының әншілері Игорь Цукин мен ағайынды Сергей және Андрей Поликартовтар.

Сондай-ақ халықаралық байқаудың қа­зылар алқасының құрамы елі­міз­ге танымал өнер шеберлері ара­­сынан белгіленгені де оның мәр­те­бесін биіктете түскені анық. Олар­дың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Донеділ Қажымов, Гүлнәр Дәукенова, қа­зақ­тың Құрманғазы атындағы мем­ле­­кеттік ұлт-аспаптар оркестрінің ди­рек­торы Нұрғиса Дәуешев, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Дина Хамзина сынды өнер тарландары бар.

Байқауға республика облыс­тары мен ТМД ауқымынан келген 39 орындаушының қай-қай­сысы да жүл­де­сіз, сый-сияпатсыз қал­ған жоқ. Бас жүл­деге эстраданың батыс­қазақстандық жас перісі Айымбек Сартөков ие болып, оған 500 000 теңге көлеміндегі қаржылай марапат табыс етілді.

«Қызғалдақ-көктем» эстрада әнші­лерінің халықаралық байқауын өт­кізудегі басты мақсаттың бірі таяу және алыс шетел жастары ара­сын­да халқымыздың бүгінгі музы­ка мәдениетінің деңгейі мен та­ны­м­алдығын дәріптей білу десек, оның ойдағыдай орындалғаны анық. Екін­шіден халықаралық байқау мем­ле­кетаралық сипаттағы мәдени бай­ла­ныстардың нығая түсуіне де ықпал жасай алғаны анық. Сондай-ақ мерейі үстем басқосу елімізде эстрадалық әндерді орындауға бейімі бар жас таланттардың тұсауын кесуімен де ерекшелене алады. Бір сөзбен айтқанда, ауқымды ән мерекесі эстрадалық-вокалдық жанрдың одан әрі дамуына, әрі оның жаңа тынысы ашылуына негіз қалады деп ой түюге толық негіз бар. Осындай көзқарас тұрғысынан қарастырғанда эстрадалық әндер репертуарының көркемдік деңгейін те­рең­дету ісінде де қордаланып қал­ған мәселелердің тіні тарқатыла түсе­рі хақ. Мұндай сипаттағы әндерді оған қатысушылардың дені шебер орындағаны жөніндегі қазылар алқа­сы мен көрермендер пікірінің бір ар­наға тоғысуы да эстрадалық әндерді орын­даушылардың болашағынан үл­кен үміт күттіреді.

Республикамызда өткізілген эстрада әндерін орындаушылардың І ха­лық­­аралық байқауы неге «Қыз­ғал­дақ-көк­тем» деп аталған. Мұ­ның бас­ты се­бебі – қазақ даласын­да қызғал­дақ­тар бүр жарған мамыр айы­ның басында өткізілуінде.

Темір ҚҰСАЙЫН,

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суретте: «Қызғалдақ-көк­тем» халықаралық ән бай­қауы­нан кө­­рі­ніс

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ