Экономика • 16 Мамыр, 2018

Қоқыс таситын машина шығарылады

856 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы «Сарыарқа АвтоПром» автозауытының базасында енді қоқыс жинауға және тасуға арналған коммуналдық машина түрлері шығарылмақ. Қазір зауытта осы мақсат үшін қызу жұмыстар жүргізілуде.

Қоқыс таситын машина шығарылады

«СарыарқаАвтоПром» автозауыты қарайтын «Аллюр» компаниясы бүгінде JAC шассиі базасындағы N сериясымен коммуналдық техникалардың 9 моделін шығарады, ал Iveco 682 шассиы базасында коммуналдық машиналардың құм шашатын, бетон араластыратын, өзі аударғыш секілді үш моделі шығарады. Өткен жыл осындай сынақтық алғашқы 96 коммерциялық техника сапқа қойылды.

«СарыарқаАвтоПром» зауыты өндірісті жыл сайын кеңейтіп және жаңғыртып келе жатыр. 2017 жылы тұтынушылардың сұранысына қарай тұрмыстық және өнеркәсіптік қоқыстарды жинап, шығаратын техникаларды жасап көруге бел байлаған. Ком­муналдық машиналардың алғашқы легі «Таза-Әлем Ас­тана» жауапкершілігі шек­теулі серік­тестігіне берілді. Онда ма­ши­­на­лардың тиімділігі сыналды.

Қоқыс таситын, жинайтын коммуналдық машиналар құ­ралдың негізгі бөлігіне қондырма салу есебінен Iveco 682 және JAC шассиы N сериясы базасында өндіріледі. Мұндай қондырма салған көліктерді 7 жылға дейін еш жөндемей пайдалануға болады. Машиналардың бөлшектері Ресейден, Түркиядан, Еуропа елдерінен әкелінеді. Олардың ең негізгі бөлшектерін өзгертіп, қон­­дырма салу арқасын­да қазақ­­стандық үлес, яғни қос­танай­лық зауытта атқарылатын жұмыс 35 пайызға дейін жет­кізі­леді. Қазақстандық зауытта жасалған қоқыс таситын ма­ши­налардың беріктігін к­үшейту үшін 6-7 мм болат пайда­ла­ны­лады. Сонымен қатар контей­нерді жуатын қосымша құрал­мен жабдықталады. Ол үшін техни-каға су құятын бак орнатылады.

– Біздегі технологиялар бо­йынша өндірілетін қондырғылар Ресей нарығында жеті жылдан бері пайдаланылып келеді, сапасы жақсы. Бұған дейінгі сынақ көрсеткендей, кіші көлемде жасау арнайы техникалардың қызметін азайтпайды. Шағын қоқыс таситын техникалар үлкен қалалардағы тығыз салынған үйлер мен басқа ғимараттар арасында жұмыс істеуде тиімділігін көрсетті. Аз тонналық машиналар жолы тар қалаларда жеңіл жұмыс істейтін болады, – деді «Allur Auto Astana» ЖШС қызметкері Александр Цой.

Тиімділгі сыналған қоқыс таситын машиналар алдағы уақытта жеке сұраныспен де жасалатын болады. Мұндай техника тек өзіміздің нарыққа ғана емес, экспортқа да шыға­ры­лады. Коммуналдық шаруа­шы­­лықтардың тиімділігі жоғары техникаға қол жеткізуі үшін жеңілдігі бар лизинг бағдар­ламалар да іске қосылмақ.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ