Тарих • 16 Мамыр, 2018

Сығанақ этнотуризм орталығына айналады

826 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңақорған ауданына жа­қын көне Сығанақ қаласының ар­хео­­ло­гиялық жұмыстарын Түркіс­тан­дағы Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы ар­хео­логиялық ғылыми-зерт­теу ор­талығы жүр­гізіп жатыр.

Сығанақ этнотуризм орталығына айналады

Әдет­те, археологтар қазба жұмыс­та­рын жүргізіп, керегін тапқанынан кейін іс осымен біттіге санап, тарих жә­ді­герлерін аршыған күйде тастап кетеді. Жылдың төрт мез­гілінің өз ерек­шеліктері ізін қал­ды­рып, қазақ тарихы үшін аса маңызды кешеннің су, күн, жел, қар астында мүжіліп, жарамсыз күйге түскені талай рет опық жегізген. «Отырар – қазақ өр­­кениетінің алтын бесігі» дейді Ел­басы. Дәл осы Отырарда да талай тө­белер аршы­лып, кейін жойылып кеткен. Осындай жаныашымастықты көрген ауданның сол кездегі әкімі, қазақ руханиятының үлкен жанашыры Қуаныш Айтахановтың «аршыған дүниелеріңе консервация жасамайтын болсаңыздар қаздырмаймын» деп елімізге белгілі археологтарды беттетпей қойғанын көргеніміз бар.

Бірақ әкімнің бәрі қазақтың қа­лың тарихын бір кісідей білетін Айта­ханов емес. Талай жойдақсыз министр, әкімдердің кесірінен талай қалашықтар, тарихи жәдігерлер көз алдымызда құрдымға кетті. Бүгінде Үкімет осы осал тұсын жөндеді. Енді археологтар қазба жүргізген орындарды іле-шала «Қазқайтажаңғырту» РМК мекемесі қалпына келтіргеннен кейін консервация жасайды.

Қызылорда облыстық тарихи­ жә­не мәдени ескерткіштерді қор­ғау орталығының директоры­ Са­пар Көзейбаев қалашықты қал­пы­­на келтіру жұмыстары үш ке­зең­нен тұратындығын айтады. Қар­жы­ландыру республикалық және жер­гілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Бүгінде қалашықтың шығыс жақ­тағы қақпасы бұрынғы қалпына келтіріліпті.

Жаңақорған ауданына келген сапарында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев археологтармен кездесіп, Сығанақ қаласын туристер тамашалайтын тарихи-мәдени орталыққа айналдырудың жөнін айтты.

Ғалымдар табылған заттарға қа­рағанда Сығанақтың VI-XVIII ға­сырларда төрт құбыласы түгел қала болғандығын айтады. Ерте кездегі тарихшылар Сығанақты «Қыпшақ даласының гаваны» деп те атаған. Бұл қала Қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Жо­шы ұрпақтары кезінде Сығанақ Ақ Орданың орталығы болып, мәдениетті өркендеген деген деректер айтылады.

Егер ежелгі түркі тайпаларының осындай қалалары қайта қалпына келтірілсе, дүние жүзіндегі туристерді де магниттей тартар еді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы