Жазғы спорт • 17 Мамыр, 2018

Тұңғыш Олимпиада чемпионы Ресейде тұрып жатқанына қынжылыс білдірді

795 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың Спорт және туризм академиясының ұстаздары мен студенттері Әлжан Жармұхамедов және Иван Едешко сынды даңқты баскетболшылармен кездесті. Кезінде КСРО құрамы сапында жасындай жарқыраған саңлақтар осы кездесу барысында өздерінің жеңісті жолдары жайында біраз әңгімелеп, жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізді.

Тұңғыш Олимпиада чемпионы Ресейде тұрып жатқанына қынжылыс білдірді

Әлжан Жармұхамедов қазақ­тан шыққан тұңғыш Олим­пиада чемпионы. Бұл атаққа қандасымыз 1972 жылы Мюн­хенде қол жеткізді. 1976 жылы Монреаль Олимпиадасында күміс алды. Екі рет әлем чемпионатында жүлдегер атанса, Еуропа біріншілігінде үш мәрте топ жарды. Беларусь елінің түлегі Иван Едешко да жоғарыда аталған жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Сонымен қатар ол 1974 жылы әлем чемпионы атанған болатын. 

«Әйгілі 3 секунд» деген атаумен тарихта қалған АҚШ пен КСРО құрамалары арасындағы матч күні бүгінге дейін жанкүйерлердің жадында. Бұл – Мюнхен Олимпиадасының финалы еді. Жан алысып, жан беріскен айқаста таразы басы соңғы сәтке дейін теңселіп тұрды. Ал бәсекенің аяқталуына 3 секунд қалғанда КСРО құрамасы америкалықтардан бір ұпай ұтылып жатады. Соңғы сәтте Иван Едешконың алаңның ана шетінен мына шетіне дейін лақтырған добын Александр Белов қағып алады. Ол қос қорғаушының ортасынан саңлау тауып, нысананы дәл көздейді. Доп шығыршыққа түскенде сирена естіледі. Есеп – 51:50! Сөйтіп АҚШ құрамасы тұңғыш рет өз тұ­ғырынан таяды. Бас жүлде КСРО баскетболшыларына та­быс етілді. Алтын алған жігіттердің арасында біздің қандасымыз Әлжан Жармұхамедов те бар еді. 

Қазақтың Спорт және туризм академиясында өткен жиын барысында Мюнхен Олимпиадасының финалы және басқа да қызықты оқиғалар жайында әңгіме болды. Осы кездесудің өтуіне ұйытқы болған аталмыш білім ордасының президенті Қайрат Закирьянов қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионының осы күнге дейін Ресейде тұрып жатқанына қынжылыс білдірді.

– Әлжан Жармұхамедов Қазақстанға оралуға осыған дейін де бірнеше рет талпыныс жасады. Сол кездері басшылар «тұрмыс жағдайын жасаймыз, лайықты қызмет береміз» деген көрінеді. Бірақ жеме-жемге келгенде сол уәделердің ешбірі орындалған жоқ. Өзім де бірнеше рет лауазымды тұлғаларға жоғарыдағыдай ұсыныспен шықтым. Хат та жолдадым, бетпе-бет те кездестім. Алайда асыл азаматтың тағдыры үшін алаңдап отырған ешкімді көрмедім. Біле-білсек, дәл Жармұхамедовтей майталман маман біздің мемлекетте жоқ. Егер ол елге қайта оралса, Қазақстан баскетболының деңгейі бүгінгіден әлдеқайда жоғары болатын еді, – дейді Қ.Закирьянов. 

Жоғарыда айтылған сөзді даңқты баскетболшының өзі де растады.  «Алғашында 1968 және 1987 жылдары Алматыда тұрақтауға әрекет жасадым. Бірақ бұл жақта лайықты жұмыс табылмады. Тұрмыстық жағдайым да оңалмады. Амалдың жоқтығынан кері қайттым. Содан кейін де Қазақстанға оралып, халқымның арасында болсам деген үкілі үмітім үзілген жоқ. Осы күнге дейін атажұртымды аңсаумен келемін. Егер еліме керек екенімді сездіретін жан болса, олардың бұл ұсынысын қуана-қуана қабылдар едім», деп Әлжан ағамыз ағынан жарылды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ