Қазақстан • 17 Мамыр, 2018

Отандық өнертапқыштар өз жобаларын ұсынды

602 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабыл­дады. Сондай-ақ Алматы қаласындағы қоғамдық ұйым өкілдері де бейнебайланыс арқылы қабылдауға қатысып, өз идея­лары мен ұсыныстарын жолдады.

Отандық өнертапқыштар өз жобаларын ұсынды

Қабылдауға жазылған­дар қатарында Алматы қаласын­дағы «Ашық әлем» дамуында ауытқушылық бар балалар мен жасөспі­рімдерге қолдау көрсету қайырымдылық қо­­рының жетекшісі Әлия­ Ар­харова да болды. Ол ерекше оқытуды қажет ететін балалардың ата-ана­лары айтқан ұсыныс­тар мен идеялардың не­гі­зінде осы саладағы нор­ма­­тивті-құқықтық базаны­ жақ­сартатын нақты механизмді дайындаған. Сол бастама­сы­на партия тарапынан­ қол­дау сұрап келген қоғам белсендісі бұл жоба жүзеге асырылса, мүмкіндігі шек­­теулі балалардың толық­қан­ды білім алуына жол ашылатынына назар аударды.

Ә.Архарованың айтуынша, Қазақ­станда аталған оқытудың нақты талап­тары мен қағидалары әлі де бол­са жетілдіруді қажет етеді. Осы мәсе­лелерге назар аударған ол көптеген мек­тептерде мүм­кіндігі шектеулі жан­дарға арналған жоғары қа­бат­тарға көтерілетін арнайы сатының жоқ екенін, жоғары оқу орындарындағы жұмыстарды да жүйелеу ке­ректігін айтты. Осы бағыт­тағы педагогтардың білік­тілігін арттырып, жал­ақы­сы­на қосымша үстемақы тө­леу мәселесін көтерді. Ба­ла­бақшалардағы жұмысты жандандырудың маңызы зор екенін де назардан тыс­ қалдырмады. «Кейбір мүм­кіндігі шектеулі балалар мектеп жасына келіп арнайы білім ордаларына барғанда көптеген кедергілерге тап болады. Себебі оларды балабақшада ондай жағдайға ешкім бейімдемейді», деді қоғам белсендісі.

Осы орайда М.Әшімбаев мүм­кіндігі шектеулі жан­дар­ға қолдау көрсету мақса­тын­да арнайы «Кедер­гісіз келешек» партиялық жобасы жұмыс істейтінін жет­кізді. Сондай-ақ ол алдағы уақыт­та партия тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп арнайы отырыс өткізетінін, онда инклюзивті білім беру мәселесі жан-жақты талқы­ланатынын атап өтті.

Қабылдауда болған Ұлт­тық дельфий комитетінің директоры Құралай Түспе­ко­ва елімізде Дельфий және Парадельфий қозғалыс­та­рын дамыту үшін Дін іс­тері және азаматтық қо­ғам министрлігінен қол­дау көрсетілсе деген ойын айтып, осы жұмысқа пар­тия­ның көмектесуін сұрады. Соңғы жылдары Дін істері және азаматтық қоғам ми­нистрлігі тарапынан көрсе­ті­ліп келген қаржылай қолдау өткен жылы тоқтап қалған көрінеді. Жақында ғана аталған ведомство мен партия арасында өзара іс-қимыл жөніндегі Жол картасы бекітілгеніне назар аударған М.Әшімбаев сол құжаттың аясында осы мәселені қайта қарауды ұсынатынын айтты.

Қабылдауға келген аста­на­лық мұғалімдер Күлшат Яхина мен Сәуле Сайтиева ұстаз­дар қауымының тұр­ғын үй мәселесін жақ­сартуға қатысты ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, ұстаздар ипо­текалық несие рәсімдеу үшін зейнетақы қорын­дағы жи­нақ­­тың белгілі бір бөлі­гін ал­ғаш­қы жар­на ре­тінде пайда­лануды ұсын­ды. Мәулен Әшімбаев партияның бұл мә­се­лені осыған жауапты мем­­­­ле­кет­тік органдармен бір­­ле­сіп талқылайтынын жеткізді.

Ал өнертапқыш Қай­рат Нұрлы­беков партия­дан өз жұмыстарына ақпарат­тық қолдау көрсетуді сұ­рап келді. Ол аяқ киім кепті­ріп және тазалайтын инно­ва­ция­лық қондырғы ойлап тапқан. Қайраттың айтуынша, мектептердегі аяқ киім ауыстырудың және ме­ди­циналық меке­ме­лердегі бахиланың орнына осы қон­дыр­ғыны қол­дануға болады екен. Өнер­тапқыштың сөзіне қара­ғанда, бұл қондырғы қазірдің өзінде Астана қала­сындағы бірқатар ауру­хана мен емханаларға орна­тыл­ған. Іс-шарада партия тарапынан жаңа қондырғының қолданыс аясын кеңейтуге қа­тысты тиісті қолдау көр­сетілетіні айтылды.

Назарбаев университеті­нің студенті Мират Жекеев қа­былдауға өзінің авторлық жобасымен келді. Жаяу жо­лаушылардың жолдағы қауіп­­сіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талған жұмыс ЭКСПО-2017 көрмесінде Швей­цария делегация­сы ұйымдастырған инно­ва­циялық идеялар бай­қауын­да 1-орын алған. Жо­ба­ның негізгі мақсаты – әсі­ре­се түнгі мезгілде жаяу жолаушылардың қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларын азайту. Аталған жүйе толық автономды режімде жұмыс іс­тейді. Арнайы сенсорлар арқылы адамның арнайы жолаққа жақындағанын автоматты түрде анықталып, көлік жүргізушілеріне алдын ала белгі беріледі. Өз кезегінде бұл көлік тіз­гіндеген жандардың жыл­дамдықты азайтып, жаяу жолаушының жолдың арғы бетіне қауіпсіз өтуіне жағдай туғызады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары бұл бастамаға қызығушылық танытып, «SmartAstana» жобасы аясында жүзеге асырудың жол­дарын қарастыру үшін партияның Астана қалалық филиалына нақты тапсырма берді.

Партияның қоғамдық қабылдауы­на хабарласып,­ өз өтінішін білдірген ке­ле­сі өнертапқыштың жасы небәрі 14-те. Соған қара­мас­тан қараған­дылық Ал­дияр Божбанов бірқатар жо­балардың авторы атанып үлгерген. Бүгінде 10-сыныпта оқитын Алдияр­дың жобалары да өте өзек­ті әрі аса маңызды. Мы­са­лы,­ ол ойлап тапқан судан энергия өндіретін та­би­ғи таза қондырғы жабық технологиялық циклде жұ­мыс істейді. Ал кез келген гаджетке арналған әм­бе­бап қуаттау құрылғысы еш­қандай электр энергиясын қажет етпейді. Тіпті жел, күн, су энергиясы да керек емес. Яғни құрылғы қолмен қысқан кезде адамның меха­никалық энергиясынан қуат алады. Бұл екі жоба қа­зірдің өзінде жүзеге асы­рыл­ған. Одан бөлек, жас өнер­тапқыш ұшатын жел-күн электр стан­сасы мен қоқыс қалдық­та­рынан электр, газ, сутек және оттегі өндіретін арнайы қондырғының жобасын таныстырды.

– Қазіргі таңда кез кел­ген мем­лекеттің болаша­ғы шикізатпен емес, ақпа­рат­тық технологиялар мен ІТ-жобаларда, ғылым мен бі­лімде екенін ескерсек, мұн­дай бастамалардың бе­­ре­рі мол. Алдағы уақыт­­та өтініштер мен ұсыныс­тардың барлығы назарға алынып, тиісті деңгейде пар­тиялық қолдау көрсетіледі. Себе­бі партия әрдайым елмен етене жұмыс істеп, халық­ты алаң­датқан мәселе­лер­дің оң­тайлы шешілуіне тікелей мүд­делі. Сондықтан біз өмі­рімізді жақсартуға бағыт­талған түрлі идеялар­ды талқы­лап, халыққа қол­же­тім­ді, ашық жұмыс істеу­ге қашанда дайынбыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»